Үйрету һәм үйрену
Өткен аптада Екпінді ауылындағы №166 мектепте дене шынықтыру, көркем еңбек, әуез пәндері бойынша апталық ұйымдастырылып, мұғалімдердің жұмысы мен шеберліктері, сабақ беру тәсілдері ортаға салынды. Сабақта ұстаздар қауымының жаңа технологиялардың әдіс-тәсілдерін пайдалану мүмкіндіктері сынға түсті.
Жаңартылған білім мазмұны бойынша ашық сабақ үлгісін көрсетуді мақсат еткен ұстаздар мен оқушылар арасында ұйымдастырылатын апталықтың ашылу салтанатында алғаш болып мектеп директоры Құралай Орынбасарова сөз алды.
– Бұл апталықтың мақсаты – оқушылардың алған білімін, пәнге деген қызығушылығын арттыру. Көркем еңбек, әуез және дене шынықтыру пәндері арқылы қазақ халқының қолөнер үлгілерімен таныстыра отырып, халық өнерін қастерлеуге, үлгі тұтуға үйретіп, салауатты өмір салты денсаулық негізі екенін түсіндіру. Сондықтан осы аптада аталған пән мұғалімдерінің шәкірттеріне бар үйреткені сарапқа салынатын уақыт, – дей келе апталықты ұйымдастырушыларға сәттілік тіледі.
Осылайша пән апталығын бастап кеткен денешынықтыру пәнінің мұғалімі Талғат Жәнібеков «Көңілді старт» эстафеталық ойыны бойынша өнерлерін көрсетті. Одан әрі Ардақ Қалымбетова «Допты ұру допты қабылдау» тақырыбында ашық сабақ өтті. Сабақтың құрылымы өте жақсы жасалған. Дене қыздыру жаттығуларын жасатып, дем басу уақытында өткен сабақтардан талқылауға арналған сұрақтар қою арқылы жаңа сабақты мақсатын айтты. Командалық көшбасшылықты қолдана отырып шабуылдау әдістерін тиімді үйрете білді. Сабақта жаңа технология элементтерін қолданды. Сабақта әр түрлі әдіс-тәсілдерді қолдану арқылы қызықтыра алды. Сабаққа оқушылар белсене қатысып, өте жақсы өтті.
«Бейнелеу өнеріне саяхат» атты еркін тақырыпқа шолу жасаған Олжас Ермаханов оқушылардың сабаққа дайындығын тексеріп, құрал-жабдықтарын түгелдеді. Білім алушыларды шаттық шеңберіне шақырып сабаққа сәттілік тілектерін айтты. Оқушыларға тапсырма беріп, аяқталған жұмыстарды оқушылармен бірге талқылады. Сабаққа оқушылар түгел және белсенді қатысты. Мұғалім уақытты тиімді пайдалана отырып қатемен жұмысты дер кезінде орындатып, оқушыларды бағалап, үй тапсырмасын берді. Сабақ өте жақсы деп бағаланды.
«Ал қанекей, қыздар» сайысын өткізген Рая Шыныбекова да сабақта жаңа технологиялардың әдіс-тәсілдерін жетік меңгергендігін көрсетіп, оқулық арқылы оқушыларды қызықтырып, өз мүмкіндігін жақсы пайдалана білді.
Жаңарылған білім мазмұны бойынша апталыққа оң бағасын беріп, жауапты тұлға ретінде қорытынды жасаған Алма Пірманова әр кезеңнің тартысты өткенін айта келе, білім жағынан шыңдалған оқушыларына қуанышты екенін жеткізді. Соңыра мектеп директоры Құралай Үсенқызы апталыққа белсене қатысқан оқушылар мен ұйымдастырушы тарапқа алғысын айтып, бағалы сыйлықпен марапаттады.
Жасұлан Сейдеметов