№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Тұрғындар мәселесі назарда

Тұрғындар мәселесі назарда


Аудан әкімі Мұрат Жолкелдіұлы бұған дейін 16 елдімекенді аралап, тыныс-тіршілігімен, әлеуметтік нысандардың жай-күйімен танысты. Аудан басшысының бұл жолғы бағыты Кейден, Жайылма, Сунақата, Екпінді, Қожамберді, Төменарық, Сүттіқұдық Ақүйік ауылдары мен Шалқия кентінде жалғасты.


Аудан әкімі Мұрат Жолкелдіұлының бұл күнгі жұмыс күні аудан орталығынан 8 шақырым жерде орналасқан Кейден ауылының тұрғындарымен кездесуден басталды. Ауылға арнайы ат басын тіреген аудан әкіміне жиналған жұрт ең маңызды, бүгінге дейін шешімін таба алмай келе жатқан су, жарық, жол және газ мәселесі туралы айтып, көгілдір отын игілігін көрсек деген тілегін жеткізді. Оған қоса тұрғындар елдімекендегі жә­не аудан орталығындағы дәрігерлердің көрсеткен қызметіне көңілдері тол­майтынын айтты. Сондай-ақ кейдендік жұмыссыз жастарды «СКЗ-U» және Жаңақорған транзит мекемелері жұ­мысқа тартса деген тілектерін де ортаға салды.
Аталған мәселелер бойынша Мұрат Жолкелдіұлы ауылды көгілдір отын­мен қамтамасыз етуде жоба жасалып, Республикалық бюджет қаржы сұрау үшін ұсыныс жасалғанын айтты. Ал жұмыссыз жастарды жұмысқа тарту мәселесі жөнінде «СКЗ-U» ЖШС ди­ректорының орынбасары Гүлнар Била­лова төмендегіше ақпарат берді.
– Қазіргі таңда күкірт қышқыл зауытында штаттық кестеге байланысты 268 адам жұмыс істейді. Оның ішінде Жаңақорған ауданы бойынша 162 адам жұмысқа тартылса, соның 49-ы кейдендік тұрғын. Ал су мәселесіне келсек, ауылға қарасты 34 тұрғыны бар Қауық елдімекенінде ауыз су жүргізу мемлекеттік бағдарламаға енбеген. Соған қарамастан зауыт басшылары Талап су торабынан ауыз су жүргізіп берді. Мына өздеріңіз күнде жүріп жүрген ауыл көшелерінің жайқалып жасыл желекке оранып тұрғанына да біздің мекеменің үлесі зор. Өйткені оны суғаруға кететін энергия шығынын толығымен зауыт мойнына алған. «Мектепке жол» акциясы аясында да қаншама баланы оқуға қажетті деген құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіп отыр. Сондықтан біздің тарап ауыл тұрғындарының кез келген мәселесіне бей-жай қараған емес, – деді.
Ал ақ халаттылардың қызметіне көңілі толмайтынын айтқан ауыл тұр­ғынының шағымы аудан әкімі өзінің назарында болатынын жеткізді.
Одан кейінгі бағыт Қаратау тауының бөктерін мекен еткен Шалқия кентіне жол түсті. Шалқиялықтар кезек күттірмейтін ең негізгі деген мәселелер мемлекеттік бағдарламалар аясында іске асқанын айтып, алғысын жаудырды. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында №86 мектептің күрделі жөндеуден өтіп, тұрғындар үшін ең маңызды орын клуб үйінің пайдалануға берілгенін қуанышпен жеткізді.
Кеншілер қонысын тірек еткен шалқиялықтар ұсыныстары орындалып, пікірлері ескеріліп жатқанына риза­шылықтарын білдіріп, енді қызметіне кіріскен аудан басшысына сәттілік тілеп, ақ батасын берді.
Ал Шалқия кентінде іргетасы қаланған «Шалқия» санаториялық сау­ықтыру орталығының мәселесін аудан басшысы күнделігіне түртіп алды.
Келесі кезекте Жайылма ауылдық округін бағытқа алдық. Ауылға табан тіреген аудан басшысы Мұрат Жол­келдіұлы елдімекеннің тыныс-тірші­лі­гімен таныса келе, жұртшылықтың ұсыныс-пікірлерін тыңдауға дайын еке­нін жеткізді.
«Жайылманың қарбызы» деген бренд атауды иеленген ауыл бақша дақылда­рын егумен, өндіруімен танымал. Әсіре­се қарбызына Қазақстанның солтүстік аймақтары мен Ресейде сұраныс жоғары. Осыдан хабары бар аудан әкімі облыстан арнайы жер белгіленіп, сол аймақта тек «Жайылманың қарбызы» сатылатынын, соның арқасында әлеуметтің әлеуеті артатынын айтып, жақсы жаңалығымен бөлісті.
Бірақ ел болғаннан кейін уақыттың талабына сай мәселелердің туындауы заңды. Сондықтан тұрғындар басты мәселе ретінде көгілдір отын және аяқ су мәселесін көтерді. Бұған аудан әкімі әуелі республикадан бөлінген қаржыға Ақүйік және Қыраш ауылдарына газ желісі жүргізу мәселесі қолға алы­натынын, одан кейін Шалқия мен Құт­тықожа елді мекені кезекте тұрғанын айтты. Ал жайылмалықтардың ұсынысы алдағы жылдың еншісінде.
Әкімнің жұмыс сапары одан әрі Сунақата мен сол ауылға қарасты Еңбек елдімекенінде жалғасын тапты. Мұрат Жолкелдіұлы бастаған дербес бөлімнің басшыларын күткен ел ағалары өздерін телекоммуникациясыз өркениеттен тыс қалғандай сезінетіндерін, сондықтан жарық, интернет және газ мәселесін шешіп беруді сұрады.
Аудан әкімі елдің ұсыныс-пікірінен соң мәселенің мәнісін тарқатып, қандай жағдай болмасын халық игілігіне жұмыс жасайтынын, ауылдықтардың көгілдір отын жөнінде көтерген мәселесінің шешілер күні де алыс емес екенін айтты. .
Мұрат Жолкелдіұлының ендігі са­пары мемлекеттік басты рәміз санала­тын Елтаңбаның авторы Жандарбек Мәлібекұлының кіндік қаны тамған Екпінді ауылы болды. Ол кісіге деген құрметті ауылға кіре беріс жерде ілініп тұрған билбордтан да байқауға болады. Алайда елдің тыныс-тіршілігімен та­нысуға келген әкім сапардың маңыз­дылығын естен шығармады. Қаншама ауыл аймақты аралаудағы мақсаты елге сәлем беріп, ағайынның қал-жағдайын білу. Мәселе болса ашық айтып, шешілу жолын қарастыру.
Егін және мал шаруашылығымен айналысатын екпінділік тұрғындар аудан бас­шысына ауыл шетіндегі су қашырт­қысының жайын жеткізді. Бұл мәселе шешілмесе ауыл мен егістік ыза судың астында қалу қаупі барын, электр жарығының да жиі сөнетіні дағдыға айналғанын айтып, ауылға көгілдір отын қашан тартылатынын сұрады.
Аталған мәселелерден аудан әкімі хабары бар екенін, сала мамандарымен ақылдаса отырып шешетінін, нәти­же болған уақытта ауылдықтармен бөлісетінін тілге тиек етті. Ал газ мәселесіне қатысты қойылған басты сұраққа Мұрат Тілеуімбетов көрші­лес жатқан Төменарық елдімекеніне Шиелі ауданынан тартылатын 1 млрд 200 млн теңгенің жобасы аясында іске асатынын жеткізді. Демек Төмена­рыққа тартылған газ арқасында Екпінді ауылы автоматты түрде газ игілігін көретін болады.
Келесі бағытымыз 800-ден астам тұрғыны бар Қожамберді ауылдық округінде жалғасты.
Ауылдықтар 1997 жылы берілген 200 га егістік жері барын, құжаты рәсімделмегендіктен Сунақата ауыл­дық округіне қарасты жер болып есептеліп кеткенін, осы жерді түбегейлі өзіміздің ауылдың есебіне қосып берсеңіз деген ұсыныстарын білдірді. Аудан әкімі агроаймақ ретінде пайдаланып, 50-ден астам адам егінін егіп отырған егістік жер аудандық жер қорында екенін, сондықтан еш алаңдамай шаруалар өз жұмысымен айналыса берсін деген шешімін айтты.
Бұдан әрі аудан әкімі бастаған делегация Төменарық елді мекеніне аялдады. Тұрғындарды толғандыр­ған мәселеге құлақ түрген Мұрат Жолкелдіұлы нендей мәселе барына тоқталды.
Ауылдықтардың көптен көтеріп жүрген басты мәселесі ауырып балтырың сыздағанда аудан орта­лығына сабылмай, Төменарықтағы әбден тозығы жеткен аурухана ор­нына жаңасы бой көтерсе деген ұсыныстарын жеткізді.
Аталған мәселе бойынша аудан әкімі облыстың бас дәрігерімен сөй­лескенін, сараптамадан өтсе қаржы мәселесі шешіліп алдағы күні ауыл тұрғындары жаңа ауруханаға қол жеткізетінін хабарлады.
Сондай-ақ қазіргі заманға сай балабақша мен ауыл тәртібіне жауапты болып бекітілген учаскелік полицей жыл сайын ауыспай, тұрақтап қалса деген өтіштерін айтты.
Балабақша мәселесі бойынша ау­данның бас ұстазы Болат Ибрагимов бұл тақырып көтерілгенін, облыстан аталмыш мәселе бойынша арнайы құрылған комиссия құрамы келгенін баяндады. Олар балабақша салуға еш негіз жоқ екенін, мүмкіндік болса жеке демеушілер, кәсіпкерлер тарту арқылы ғана жаңа балабақшаға қол жеткізуге болатынын айтқан.
Алайда демеуші, кәсіпкерлер тар­тудың өзі қиын екенін жеткізген Болат Мақсұтұлы ауылдағы үлкен кеңсе үйін мемлекеттік балабақша есебіне алып, толығымен күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп ел игілігіне беру үшін қаржы сұрауға жұмыс жасасам деген ұсынысын жеткізді. Бұған келіскен аудан басшысы аталған мәселені шешуді толығымен білім бөлімінің басшысы Болат Мақсұтұлына тапсырды.
Енді Сүттіқұдық ауылдық округын бағытқа алған аудан басшысына ауылдықтар “Біздің негізгі жырымыз мал ішетін аяқ су мәселесін шешуде скавижина орнатылса, сонымен қатар жайылымдық жерге жарық жүргізілсе” деді.
Бұған аудан басшысы скважина жердің астына орнатылатын болған­дықтан бұл арнайы жоба бойынша іске асатынын, оған арнайы қаржы бөліну керектігін, ал әр скважинаны орнату аз қаржы тұрмайтынын айтты. Соған қарамастан халық скважинаны мал жайылатын жайылымдық жерге емес, адам тұратын тұрғылықты мекенге орналастыру маңызды екенін білу керек. Артында тексеруі бар мәселе болғаннан кейін жайылымдық жерге скаважина мен жарық жүргізу тиімсіз екенін елге түсіндірді.
Басқа да көтерілген сұрақтарды назарда ұстайтынын, кей мәселені шешуді ауыл әкіміне нықтап тапсырды.
Соңғы аялдама Ақүйік елдімекенін­де қорытыланды. Бұл ауыл халқы­ның ауызбіршілігі жарасқан, бірлігі бекем­дігімен өзге ауылдарға үлгі. Ауыл жастары спорт саласы, білім сапасы жағынан да өзгелерден көш ілгері. Пайдалануға берілген спорт кешені мен шағын мейрамхана көптің кәдесіне жарап тұр. Алайда тұрғындарды ма­залаған мәселе де жоқ емес. Соның бірі ауылды газдандыру және Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің есімі жазылған тастар орналасқан аллея жекеменшік адамға өткенін, оның заңсыз екенін дәлелдесек те әзірге қайтару мүмкін болмай тұрғанын айтып налыды.
Бірінші мәселе газдандыру жұмысы бойынша аудан басшысы биыл қолға алынатынын, ол үшін қаржының республикалық бюджеттен бөлінгенін айтты. Сондықтан ақүйіктіктер үшін келесі жылы көгілдір отын мәселесі шешілетін болады. Ал аллеяны өз көзімен көрген Мұрат Жолкелдіұлы мұндай қасиетті орын әр ауылға керек екенін, бабалар рухын құрметтеу мына біздерге парыз екенін айта келе сот шешімі бойынша жердің қайтарылатыны нақты екенін айтты. Сондықтан аллея территориясын ием­денген кәсіпкерге жерді қайтару үшін екі ай мерзім берілгенін жеткізді және бұл мәселені шешуді ауыл әкіміне нықтап тапсырды.
Осымен аудан басшысының ауыл­дық округтерге жасаған сапары аяқ­талды. Енді әрбір ауылдық округтер бойынша негізгі жоспар түзіп, дамудың бағдарын айқындайтын болады. Бұл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ашықтық пен жа­риялықты ұстанып, халықпен етене жақын жұмыс істендер деген концеп­циясы біздің ауданда сапалы іске асып жатқанының көрінісі.

Лаура БИБАСАРОВА
21 мамыр 2022 ж. 466 0