№102 (8813) 28

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Кенттің келешегінен не күтеміз?

Кенттің келешегінен не күтеміз?


Аудан әкімі Мұрат Жолкелдіұлы округтерді аралап, ауылдағы ағайынның тыныс-тіршілігін таразылап, өзекті мәселелерді електен өткізіп, күн тәртібіне енгізді. Екі аптаға созылған іссапар соңы Манап Көкенов атындағы аудандық мәдениет үйінде өткен кент тұрғындарымен кездесумен түйінделді. Аудан әкімі жұртшылықтың талап-тілегін тыңдап, елмен еркін форматта пікір алмасты. Аудан орталығында қандай мәселелер бар? Оларды шешу жолы қалай болмақ? Осы сауалдарға біз де жауап іздедік.


Жаңақорған ауданында тұратын 85 мыңға жуық халықтың 35 мыңнан астамы кентте тіршілік етеді. Жыл сайын жан басы көбеюімен бұқараның да базынасы артып, әлеуметтік мәселелер де қалыңдай түсуде. Мәселен, ауыз су мен аяқ су, жарық, газ, кентішілік жолдар сапасында түйіткілдер жетерлік.
– Ауданға әкім болып келгелі бір айға жуықтады. Осы кезеңде елді мекендерді аралап, халықпен жүздесіп, көкейдегі мәселелерді қағазға түсіріп келеміз. Әсіресе, кентте аяқталмаған шаруа шаш-етектен. Бірінші, ауыз су мәселесі, бұл тірлік биыл бітеді, облыстық бюджеттен 155 млн қаржы қаралып, аяқсыз қалған күрделі ахуал шешіледі. Екінші, электр жарығына тоқталсақ, аудан бойынша жарықтандыру жүйесінің 75 пайызы жарамсыз күйде. Бұл бойынша, республикадан жобамыз қолдау тауып, биылға берілген қаржыны игеру жұмысы 15 күн ішінде басталады. Яғни, жобаның құны 3,2 млрд теңге, бұл қаржыға ау­дан орталығындағы электр бағаналары, сымдар мен трансформаторлар жаңа­рады.
Үшінші, газдандыруда мәселе бар, кенттегі кейбір көшелерге көгілдір отын келмей тұр. Бұл жұмысқа 555 млн қаржы бөлдіріп, келер жылы толықтай кент газбен қамтылады. Одан кейін, тазалық мәселесі назарда және жайылымдық жердің шаруасы ширамай тұр. Осындай негізгі мәселелерді уақыт оздырмай шешуге тырысамыз, – деді аудан басшысы.
Айта кететіні, биыл Қыраш пен Ақүйік ауылы жыл соңына дейін көгілдір отынды игілігіне пайдаланады. Нақты­лап айтқанда, республикадан аудандық бюджетке 4 млрд 700 млн қаржы қаралған. Бұл қаржыға аудан көлеміндегі 16 елді мекенді газбен қамтуға толық мүмкіндік бар. Кездесуде сөз тізгінін алған ел ағаларының сауалына келсек, кент ішіндегі асфальттардың жиі ойылуы орын алып отыр. Газ және ауыз су құбырларын жүргізгеннен кейін асфальтті қайта қалпына келтіруге мән берілмейді. Ойдым-ойдым жолда көлікпен жүру қиын. Екінші, Аққұмға барар жолдың жайы, үшінші, басшылық құрамға тәжірибелі мамандардың келуі қажет деген талап қойылды. Тендер мәселесі де мәз еместігі айтылды.
Әкім ел ағасы Ерубай Қалдыбектің тағы бір ұсынысын – ауыл әкімдері мен учас­келік полиция инспекторлардың өздері қызмет атқаратын аймаққа отба­сы­мен көшіп бару мәселесін жеке қада­ғалауға алатынын айтты. Өйткені олар елмен етене жұмыс атқару керек. Қазір округтерде мал ұрлығы, қылмыс түрлері, жастардың тәртіпсіздігі көбей­ді. Сондықтан бұл кейінге қалатын мәселе емес.
– Биыл, төрт ауылдың жолына жөн­деу жұмысы жүруде, оның ішінде Аққұм елді мекені де бар. Ал, кадр мәселесіне келсек, кез келген елдің азаматы қатысып, бағын сынап көруге құқы бар. Сондықтан тест мәселесіне біз жауап бере алмаймыз. Дегенмен, мемлекеттік қызмет саласында жүр­ген қызметкерлерді өзім бақылауда ұстаймын. Әсіресе, бөлім басшылары мен ауыл әкімдерінің жұмысы менің жіті назарымда, – деді Мұрат Тілеуімбетов.
Саяжай аумағының мұң-мұқтажын түгендеп, елдің тілегін билікке жеткізіп жүретін ардагер аға Серік Мұсабай осы аумақта мектеп салынса дейді. Білім бөлімінің басшысы Болат Ибрагимов жер белгіленгенімен, жобасы жасалын­бағанын алға тартты. Алайда, Мұрат Жолкелдіұлы мектеп салуға жұмыс жасайтынын айтты. Екінші, Дәумен қажы Шоманұлы көшесінің бойындағы ой-шұңқыр мәселесі. «Бұл жерге кәсіпкер өз бизнесін бастауға жұмысын бастаған. Істі ертерек қолға алып, аумақты ретке келтіруді тапсырдым. Бірер күнде ретке келтірілуі тиіс» деді кент әкімі Сардармұхамедуәлі Садықов. Үшінші сауал, балалар алаңының жайы туралы әкім жауабы көпшілікті риза етті.
– Өздеріңізге белгілі, Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылы елімізде «Балалар жылы» деп жариялаған болатын. Осыған орай биыл Жаңақорған ауданы бойынша 10 спорт алаңының құрылысы басталады. Осының ішінде екі алаң «Саяжай» мөлтек ауданына салынады. Одан бөлек, кентте көлемі 2,6 гектар болатын аумаққа балалар мен жастардың паркі салына­ды. Заманауи үлгіде салынатын парк­те барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Мұндай жобаны қолға алған аймақтағы алғашқы аудан бізбіз. Бұл жұмыс қоңыр күзге дейін бітіп, тұрғындар игілігіне беріледі, – деді әкім.
Ел көтерген негізгі мәселе ауыз су, асфальт, жарық бойынша аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылы­ғы, жолаушылар көлігі және автомо­биль жолдары бөлімі басшысы Қайрат Сапарбаев нақты жауап берді.
Ел ағалары Төребай Сапарбаев, Үмбет Абибуллаев, Әлібек Сүгірбаев талап-тілегін ортаға салды. Алдымен, аудан басшысы М.Қаратаев атындағы №51 мектеп алдындағы көліктер кептелісін шешудің жолын жеделдетіп қарастыруды жауапты мамандарға тапсырды. Алдан Аюпов көшесіндегі жолды жөнге келтіруді және көшеде бей-берекет жүрген мал аяғын тыю мәселесін жіті назарға алды. «Жаңа­қорғанның жері құнарлы, оған көзім жетті. Кейбір көшелер, үй аулалары жайнап, жайқалып тұр. Міне, осынша бейнетті бір сәтте мал азық етсе, әрине үлкен өкініш. Сондықтан, осы мәселені шешуіміз керек» деді әкім аудандық ауылшаруашылығы бөліміне
Аудан басшысының пікірінше, мал­ды қорада бағып, күнкөрісін ажырату әлдеқайда ұтымды. Өйткені, өзгеге пайдаңды тигізбесең де, зияныңды ти­гізбе деген түсінік бар ғой. Соңына қа­рай «Кызылординский вести» газетінің меншікті тілшісі Мақсұт Ибрашев пен саяжай тұрғыны Әлия есімді апайымыз сөз алып, бірі ауыз су мәселесін, екіншісі қоғамдық көліктер қозғалысын реттеу тұрғысында ұсыныстарын айтты.
Әкім ауыз су мәселесі бойынша «Шалқия ЦИНК» ЛТД-ға қарасты қа­зылған скважиналарды пайдалану, яғни, мекемесімен келісе отырып, дайын тұрған ұңғымалардан ауыз суды елге беру бойынша келіссөз жүргізілетінін жеткізді.

– Бізде бір кәсіпкерге тәуелділік деген түсінік бар. Бұл өте қате пікір, қоғамда біз ең бірінші бәсекелестікті қалыптастыра білуіміз керек. Қай сала болсын, қандай мемлекеттік тапсырма болсын, бәсекелік орта қалыптасса сапалы жұмыс жүргізіледі. Олай болмағанда зардабын шегетін қарапайым халық. Сондықтан қоғамдық көліктерге бөлінетін 20 млн теңгенің көлемін 30 млн-ға өсірдік. Әлі де бұл мәселені зерделей түсеміз, – деді аудан әкімі.

Қысқаша қайырғанда, ел сұрайтын әлеуметтік мәселелердің жоспар-ме­жесін әкім алдын-ала түсіндіре кетті. Әзірге әліптің артын баққан тұрғындар әр үш ай сайын елмен жүздесіп, жос­парларын жүйелеп отыруға уағ­даласқан әкімге үлкен сенім еншілеп отыр. Қалғаны уақыттың еншісінде...

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
21 мамыр 2022 ж. 431 0