№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Келісіп пішкен келте болмайды

Келісіп пішкен келте болмайды

«Қызылорда облысының өзге өңірлерімен салыстырғанда Жаңақорғанда ауыз су мәселесі толық шешілмеген. Жұмысты осы бағытта құрып, алдағы жылдары су мәселесін толық шешуге күш саламыз». Манап Көкенов атындағы аудандық мәдениет үйінде өткен кездесуде аудан әкімі Сұлтан Мақашов әңгімені осы тақырыптан бастады. Кездесу барысында аудан басшысы жастар жылында тың ұсыныс күтетінін жасырмады.
– Президенттің өлкедегі өкілі ретінде ең бірінші елдегі қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығын сақтауға мән беремін. Сосын аудандағы азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғап, олардың өмір сүру деңгейін арттырып, әлеуметтік мәселелерді шешу – басты ұстанымым. Жалпы кез келген жағдайда ашықтық пен жариялылықты ұстанып, елмен етене жұмыс істеу міндетім, – деді аудан әкімі.
Жалпы Жаңақорған даму жолына түскен аймақтағы бірден-бір аудан. Әсіресе, кәсіпкерлік саласында алдыңғы қатарда келеді. Алайда аудан орталығында шешілмеген мәселелер аз емес. Оларды маңызына, басымдығына қарап анықтап, шешілу жолын қарастыру керек. Соның ішінде ауыз су бірінші орында тұр.
– Тұрғындарға ең қажетті ауыз су екенін білемін, облыс әкімі аудан басшылығы және тиісті мамандармен кездесіп, құрылыс жұмысын ертерек аяқтап, ауыз су толығымен пайдалануға беріледі. Екіншіден жолдардың жағдайы мәз емес екенін көрдім, қазылған жолдарды ретке келтіруге және белгіленген көшелерге асфальт салу ісін қолға аламыз. Үшінші мәселе, мектептердің бүгінгі хал ахуалы. Кенттегі жаңа құрылысты қажет ететін №169 мектептің құрылысын жақын арада бастау керек. Сондай-ақ, МАИ бекеті аймағынан №125, №163 және №110 мектеп-лицейге 360 бала қатынап оқиды. Осыны ескеріп келер жылы 300 орындық мектептің құрылысын бастауға жұмыс жасаймыз, – деді.
Кенттің сәулетті келбетіне көңілі толмаған әкім жаяу жүргіншілер жолын салу мен тазалыққа үлкен мән беру керектігін айтты. Арнайы қоқыс төгетін полигонның орнын белгілеп, уақыт күттірмей кентті қоқыстан тазартуды қолға алатынын айтты. Одан кейін жолаушылар тасымалын сынға алған Сұлтан Мақашов: «Кентте небәрі үш ғана қоғамдық көлік қызмет етеді. Қазір халықтың сұранысы артып келеді. Әсіресе шалғай МАИ бекеті, Саяжайға қарай қатынайтын қоғамдық көлікті жиілету керек» – деп тиісті мамандарға тапсырды.
Біраз жайттың басын ашып алған аудан басшысына сұрақтар мен ұсыныстар қойылды. Қаламгер Ерубай Қалдыбек бірнеше түйінді мәселелерді ортаға салды.
– Кенттің оңтүстік-шығысында, Алтын­сарин мөлтек ауданының тұсында аспалы көпір бар, кезінде «КазатомПром» құрылысын бастап, аяқтай алмады. Бүгінде көпір жойылып кетудің үстінде. Егер сол көпірді қайта салатын болсақ, онда сол маңдағы үйлердің балалары №56 мектепке қатынау үшін өте қолайлы болар еді. Екінші, теміржол вокзалындағы тұрғындар өтетін аспалы көпірдің бүгінгі хал-жағдайы мәз емес. Күрделі жөндеуді қажет етеді, – деді ардагер журналист.
Су жүйесіне орнатылған қақпақтарды ұрлау, кентті көркейту-көгалдандыру, сапалы құрылыс жүргізу үшін тендер мәселесін реттеу және жастар тәрбиесіне баса мән беру үшін кафелердің түнгі уақыттағы жұмысын жүйелеуді басты назарға ұстауды сұрады. Ұсыныстарды мұқият тыңдаған аудан басшысы айтылған мәселелерді рет-ретімен шешетінін жеткізді. Әсіресе кент ішіндегі көпірлер маңындағы жарықтарды реттеуді күн тәртібіне қоятынын айтты.
Одан кейін ел ағасы Алшынбай Тұртанов сөз алды. Құрылыс саласының ардагерін жер асты суын өндірістік мақсатта пайдаланбауды қаперге салды.
– «Шалқия Цинк ЛТД» АҚ күніне 10-12 тонна су жер астынан алатын болса онда келешекте ол жер үңгірге айналады. Өйткені күніне 3 мың тонна су келіп құйылса, одан 10 мың тонна су алынса, онда экологиялық өзгерістер болады. Біздің ұсыныс, ұсыныс, өндіріс орны «СКЗ-U» ЖШС секілді аяқ суды дариядан алуы керек, – дейді ел ағасы.
Әрине, ұсыныс өте орынды, сол секілді Жаңаауыл жұрты жаяу жүргіншілер жолын салып беруді сұрады. Ал жастардың атынан сөйлеген кәсіпкер Серік Бақытұлы заңсыз, яғни лицензиясыз жүрген такси жүргізушілеріне тосқауыл қоюды айтты.
Осылай үш сағатқа созылған кездесу барысында аудан басшысы біраз мәселені ойға түйді, қағазқа түсірді. Ақпан айында алдағы үш жылдың даму жоспарын жасап, бюджетті саралағанда бүгінгі мәселелердің орындалуы реттілігіне қарай кезең-кезеңімен шешілетінін жеткізді. Сондықтан ақсақалдар мен қоғамдық кеңес өзара ақылдасып ең өзекті деген мәселелерді ұсынуы тиіс. Қалғаны атқарушы биліктің қолында.


Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
24 қыркүйек 2019 ж. 544 0