Қазақстандық патриотизмді қалыптастыру маңызды
Ертеден қазақ тарихы мен өркениетінде отаншылдық қастерлі ұғым саналған. Сонау ежелгі түркі қағанаты кезеңіндегі тасқа қашалып жазылған Күлтегін ескерткіштерінде ел билеушілерінің ұлтжандылық, отаншылдық үлгісі көрініс тапқан. Одан кейінгі қазақтың Төле, Қазыбек, Әйтеке биі мен ХХ ғасырдың басында Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Мағжан Жұмабаев сынды ұлт зиялылары отансүйгіштікті сөзбен емес, іспен көрсете білді.
Жалпы, патриотизм – отбасына, өніп-өскен ортасына, туған топырағы мен табиғатына, еліне деген құрмет пен сүйіспеншіліктен бастау алады. Оны күшпен, нұсқаумен жүргізу мүмкін емес. Туған өлкесін құрмет тұтатын әр азамат сол елдің нағыз патриоты болып қалыптасады.
Мәселен, әлем тарихына үңілетін болсақ, гректер жайлы мәліметтер өте көп. Өйткені оларда Платон, Сократ, Эсхил, Пифагор сияқты ғұламалар көп. Баяғы біздің түп тамырымыз болып саналатын сақ тайпасынан да қабілетті адамдар шыққан. Гректер оларды Анахарсис және Тохсарис деп атаған. Қазақшасы Анарыс пен Тоқсары. Заманында осы кісілер де Эсхилдермен қарым-қатынас жасап, дастархандас болған. Сонда Тоқсарыға: «Сіздер ата-бабаларыңызға ас бересіздер, сонда ата-бабаларыңызға табынасыздар ма?» деген сауал қойыпты. Тоқсары: «Біз ата-бабамызға табынбаймыз. Арамыздан шыққан ұлы азаматтарға ас беру арқылы олардың жеткен жетістіктері мен отансүйгіштік қасиетін ұрпағымызға насихаттап, тәрбиелейміз» деп жауап қайтарыпты. Міне, жастарды ұлтжандылық пен отаншылдыққа тарих арқылы, әдебиет арқылы тәрбиелеу осылай дәріптелсе керек. Жастарға арғы бабалары қандай батыр болғанын насихаттай отырып патриоттыққа тәрбиелеу аса маңызды.
Ғалымдардың пікірінше, патриотизм феноменін үш түрде қарастырған жөн. Мемлекеттік, ұлттық, жеке тұрпаттық түрде. Мемлекеттік – бүгінде аса маңызды саналатын Жаңа қазақстандық патриотизм. Бұл мемлекетті мекен етіп жатқан жүзден аса ұлт пен ұлыстың елге деген сүйіспеншілігі. Яғни, тұтұстай мемлекет болып жаңа патриотизмге ден қою басты мақсатқа айналып отыр. Ал, ұлттық патритизм қазақ ұлтының жеке дара ұлт ретіндегі өз Отанына деген ерекше ықыласы. Бойында қазақтың қаны дарыған әр азамат өз мемлекетін сүюі заңды. Жеке патриотизм – әр адам жеке тұлға ретінде өз еліне жаны ашып, оның топырағын қастерлеуі керек. Жалпы, адам бойындағы туған жерге деген сүйіспеншілік отбасынан, балабақшадан, мектептен, ортасынан қалыптасары анық.
Мағжан Жұмабаетың «Тәрбиеленудегі мақсат – баланы тәрбиешінің дәл өзіндей қылып шығару емес, келешек өз заманына лайықты қылып шығару. ...Тәрбиешінің қолданатын жолы – ұлт тәрбиесі. Ұлт тәрбиесі баяғыдан бері сыналып, көп буын қолданып келе жатқан тақтай жол болғандықтан әрбір тәрбиеші, сөз жоқ, ұлт тәрбиесімен таныс болуға тиіс. Және әрбір ұлттың баласы өз ұлтының арасында, өз ұлты үшін қызмет қылатын болғандықтан, тәрбиеші баланы сол ұлт тәрбиесімен тәрбие қылуға міндетті», – деп, жастарға бағыт-бағдар бергенде ұлт тәрбиесін негізге ала отырып тәрбиелеу арқылы, ұлттық құндылықты бойына сіңіре білген, рухани бай, отансүйгіш азаматтар қалыптасатынын меңзейді. Болашақ ұрпақ өз елінің патриоты болуы үшін тәрбиені ұлттық құндылықтармен ұштастыра білуіміз керек.
– Жалпы, патриотизмді ұлттың тілімен, ділімен тығыз байланысып, астасып жатқан ұғым деп түсінемін. Дәл бүгінгідей құбылмалы заманда маңызды мәселенің бірі – жастарды патриоттық рухқа баулып өсіру өзекті. Сондықтан балаларымызға отбасында туған жердің, Отанның қадір-қасиеті туралы өсиетті көп айтуымыз керек. Әсіресе, ер балаларға Отанын қорғайтын азамат болып өсуді санасына сіңірту керек. Ел басына күн туғанда өздеріне пана болып отырған туған жерге олардың пана болатынын түсіндіріп өсірген жөн. Сонда біздің ұрпақ нағыз өз елінің адал азаматы, патриоты болып өсетіні сөзсіз, – дейді кент тұрғыны Ербол Назаров.
Елдің әр азаматын патриоттық рухта тәрбиелеудің орны ертеден ерекше маңызға ие. Өйткені, кез-келген мемлекеттің дамуы саналы азаматтарының қалыптасуымен тікелей байланысты. Себебі ел болашағы – елім деген жастардың қолында. Келешекте ел тізгінін қолға алатын жастардың барынша білімді де білікті болуы қаншалықты маңызды болса, олардың туған топырағына деген сүйіспеншілігінің мол болуы да соншалықты маңызды. Мемлекетінің патриоты болған білікті азамат қай кезде де еліне пайда тигізетіні анық. Тәуелсіз мемлекеттің жастарын патриоттыққа баулу – өзекті мәселенің бірі болып отырғаны да сондықтан.
Айсұлу АЛДАНАЗАР