«Отыз жылдыққа отыз кітап» акциясы
Мемлекет басшысының халыққа жолдаған «Тәуелсіздікбәрінен қымбат» атты еңбегінде сапалы ұлт қалыптастырудың мән-мазмұнына айрықша тоқталған еді. Тәуелсіздікке қол жеткізген егеменді елдің басты қазығы – ел халқының танымы мен тағылымына тәуелді екенін тарихи мысалдармен айшықтады.
Аудан орталығындағы кітапханада өткен басқосуда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласына орай көрме ұйымдастырылды. Мекеме директоры Әсем Тілеубергенова жолдау және одан туындайтын міндеттер туралы әңгімелеп, осы бағытта мамандар пікіріне ден қойды.
Кітапханада арнайы жасақталған Тәуелсіздік тақырыбындағы көрмеде Елбасының «Тәуелсіздік дәуірі» атты кітабынан бастап әр жылда жарық көрген тарихи туындылары қатар түзеп тұр. Сондай-ақ, азаттықтың алғашқы қарлығаштары – Желтоқсан тақырыбында мерзімдік басылымда жарық көрген материалдармен танысуға болады.
Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай 30 кітапты оқырмандарға насихаттау бағытына кірісіп кеткен руханият ұжымы біздің аудандық балалармен мәдени-тәрбие орталығымен қояма-қолтық байланыста жұмыс жасап келеді. Орталықтың түлектері аталмыш отыз кітаптың құрамына енген өз туған жеріміздің перзенті, сүйікті жазушымыз Тынымбай Нұрмағамбетовтың «Өлім періштесі» кітабын жан-жақты зерделеп оқуға, көңілге тоқуға үлкен құштарлықпен ден қойып отыр. Жастарымыздың осындай ынта-ықыласына бағыт-бағдар берген кітапхана ұжымына алғысымыз зор. Алдағы уақытта да ынтымақтаса жұмыс жасап, болашақ иелерін парасат пен білімділікке баулуды ортақ жауапкершілік деп білеміз.
Перизат Мадиярова,
Балалармен мәдени-тәрбиелік жұмыстар орталығы бұқаралық бөлім меңгерушісі.