№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Сенбілікке сергек қарайық

Сенбілікке сергек қарайық


Біздің санада тазалыққа жауапты мекеме немесе әкімдік бар дейтін ұғым қалыптасқан. Сондықтан көше тазалығына немқұрайлы қараймыз. Көпке топырақ шашудан аулақпыз, дегенмен күнде көше аралап, зерделеу жұмыс жасағаннан шыққан қорытынды осы болды. Көктем басталғалы ауданда сенбілік басталып, тазалық айлығы күшіне мінді. Өткен сенбіде мемлекеттік мекемелер мен білім беру ұйымдарының сенбілікке жұмылдырылғанының арқасында кент іші тазаланып, сән кіріп қалғаны рас.


Жалпы сенбілік деген ұғым осыдан бір ғасыр бұрын пайда болған. Яғни алғашқы сенбілік 1919 жылы 12 сәуірде коммунистердің бастамасымен дүниеге келгенге ұқсайды. Негізі нағыз сенбілік қазақтың ошағынан басталғанын білмейміз. Ұлтымыздың «Асар» әдісі сол сенбіліктің серпіні екені айтпасақ та түсінікті.
Жаңақорған ауданының әкімі Руслан Рүстемовтың бастамасымен 9 сәуір күні жалпыаудандық сенбілік өтті. Оған қатысқан қызметкерлерге шектеу қойылмады, әйтеуір халықтың қарасы қалың болғаны анық. Өйткені бұл бастама әрбір ауылда атқарылды. Ортақ істе аудандық төтенше жағдайлар бөлімі қызметкерлері, "Хорасан ата" көшесінің басы жағында ауылшаруашылығы бөлімі, одан сәл жоғары №125 орта мектептің техқызметкерлері көше тазалығына қолқабыс етті. Мұғалімдер жалпы сенбіліктен босатылды. Олар тек мектеп маңының тазалығына ғана қатыса алады.
– Бізге осы көшенің бағаналарын сырлау тапсырылды, тек бөлінген құрал-саймандар аздау болып тұр. Дегенмен, бұл тірлікке тік тұрып, жұмыла кіріскен жөн-ау. Өйткені, тазалық тек қызметкерлерге ғана емес, барша аудан жұртына керек. Таза экологияға көшетін кез келді, – дейді мектеп қызметкерлері.
Әсілі, сенбілік барысында санитарлық-гигиеналық шаралар сақталып, ағаш отырғызу, тазалау, жаңарту, арықты қоқыстан аршу сынды бірқатар жұмыс атқарылды. Тазалық талаптары тұрғын үй, мекеменің барлық ғимаратының сыртқы аумақтарында, шаруашылық алаңдарында толығымен жүрді.
Иә, «тазалық – табалдырықтан басталады» демекші, қоршаған ортаның тазалығына жауапкершілікпен қарауға көзқарас күшейгенін де аңғардық. Ы.Алтынсарин көшесі бойында көптен бергі қоқыс жиналып қалыпты. Ел бұған жұмыла кетті. Демнің арасында тау-тау қоқыс үйіндісі пайда болып, артынша көлікке арту жұмыстары жүргізілді.
Шыны керек, көп көшенің тұрғындары сенбілікте төбе көрсеткісі келмеді. Әншейінде дауыс көтеріп, дабыраға құмар белсенділер мен зейнеткерлер де алыстап жүрді. Әркімнің қалауы өзінде шығар, бірақ ел үшін деп еңсе көтеріп, ерлеп жүрмін дегендер осындай тірлікке келгенде тартынып қалатыны ерсі тірлік-ақ.

Көше келбеті кентке көрік береді

Аудан орталығындағы көшелерді сөз еткенде ойымызға "Тотаев", "Аюпов" сынды көшелер оралады. Өйткені олардың тазалығы мен абаттандыруы расында өнеге боларлық. Осы бағытта кентте қаншама көшенің жұмыла іске кіріскенін көріп келеміз. Тек көркі ғана емес, тұрғындарының тату­лығы, ауызбіршілігімен үлгі болатын көшелер аз емес. Өткен сенбіде Әлия Молдағұлова көшесінің тұрғындарының белсенділігін көзіміз шалып қалды. Қуандық Қара­қожаев ағамыз бастаған тұрғындар тал егу жұмысына жұмылыпты.
Жалпы кентте 170-тен аса көше болғанымен, 132-сі ғана ресми тіркелген. Осы көшеде 90-ға жуық көше комитеттері нақтыланса, қалғанында енді сайланбақ екен.
– Біздің көше тұрғындары әуел бастан белсенді, ел егемендігін алмай тұрған тұста аудан орталығында өткен шарада қазақы дәстүрді дәріптеп, түйе, келер жылы қой жеңіп алғанбыз. Содан біраз үзілістер болып, абаттандыру ісін қайта қолға алып жатырмыз. Бұйырса келер жылы кең көлемде наурыз көжені өзіміз ұйымдастырсақ деген ниет бар, – деді ел ағасы.
Қазір көшеде 48 үй, 350-ге жуық тұрғын бар, ұзындығы 1 шақырымға жуық. Бұл сенбілікте көршілер бірлесіп түрлі ағаш көшеттерін отырғызуда. Көше комитеті Шіраздин көкеміз болса, жасы ең үлкені Алмас Қалдыбаев қария.
– Тал егіп қана қоймай, көршілердің ауызбіршілігінің беки түсуіне, жастарға өнеге болуға тырысып келеміз. Сондай-ақ, бізде үш мәселе туындап тұр. Бірі көше жарығы болса, екіншісі жаяу жүргіншілер жолы жоқ. Қазір тротуар қажет, өйткені №163 мектепке баратын балардың көбі біздің көшемен жүреді. Үшінші, ауыз судың мәселесі. Көшенің аяқ тұсы, Сығанақ көшесімен қиылысында су құбыры орналасқан, ол жарылып қазір асфальт шұрқ тесік. Осы мәселе ертерек реттелсе, әйтпесе көлік жүру мүмкін болмай қалды, – деді Әуезхан Сәрсенбаев.
Біздің айтпағымыз, әрбір көше осы тәртіпке бағынып, тазалыққа мән берсе, сенбілікке осынша жұмылып, қоқысқа малынбайтын едік. Көркейту өз еріктерінде, тазалық төрде тұрса.

Әли ТЕМІРБЕК
12 сәуір 2022 ж. 507 0