№35 (8746) 4

04 мамыр 2024 ж.

№34 (8745) 30

30 сәуір 2024 ж.

№33 (8744) 27

27 сәуір 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 
» » Эльмира ДІЛМАТАЕВА: «Ауылымды көркейткім келеді»

Эльмира ДІЛМАТАЕВА: «Ауылымды көркейткім келеді»


Нарықтық қоғамның келуімен бірге кісінің еңбегі жанып, маңдайы терлеп бейнет қылғанның кәсібіне береке даритынына біздің бүгінггі кейіпкеріміз – Эльмира сынды замандастарымыздың алған асуы, бағындырған биігі дәлел. Тәуелсіздік жылдарында ондаған жаңа нысанды ашып, жұмысына дем берген қайсар ару бүгінде 200-ден аса адамды жұмыспен қамтып отыр екен
.

Эльмира отбасында 9 ұл-қыздың ортасында өскен. Әкесі майдангер, бейбіт күннің гүлденуіне де шама-шарқынша үлесін қосып өткен мағыналы ғұмыр иесі. Ал аналары Күләйім апаның бүкіл жастық жалынын сарп етіп, шаруашылықта ерлермен бірдей еңбекке араласып, екпінділер қатарында көпке үлгі болғанын Авангардтың жұртшылығы жақсы біледі. Осындай жанұяда өсіп-жетілген ұрпақ қандай болуы мүмкін?
Ата-ана тәрбиесін тел емген біздің кейіпкеріміздің бойына әке мінезінен ауысқан бетің бар, жүзің бар демей, әділін айта білер туралықпен қатар анасының ақ сүтінен бейнетқорлық қасиет дарыған сынды. Тәлім ұшқыны бар перзентінің бойына ұя салғанына талаптың тұлпарын мінген әрқайсысының өмір жолы өз өрнегімен дәлел бола алар, біз бүгін жеке дара Эльмира туралы тоқталатын болғандықтан жаны жарқын азаматтың жарты ғасырлық ғұмырына ой жіберіп көргіміз келді.
Авангард кеңшарындағы №49 орта мектебін бітірген соң арнайы білім алып, шаруашылықта еңбек жолын бастапты. Комбайнердің көмекшісі болған, жеке қарамағына берілген тракторды да айдаған. Совхоз басшылығы жаңа «Белорусьтің» тізгінін әне-міне осы қызға береміз деп жүргенінде Қожамберді ауылында Қанат деген азамат жар етіп қолына қондырыпты.
Тоқсаныншы жылдардың кезі. Шаруаның көзін біліп, көкірегінде асқақ арман ұялаған адамға алдымен батылдық серік. Дақыл егемін деп дайындап жүрген төркін жұрттағы жеріне қазық қағып, тың тірлікке кірісті.Қасына өзі келін боп түскен қайынжұрттан қара ертіп, бес қаруын сайлап келген қара қызынан авангардтықтар несін аясын, қайта көмек керек жерде болысып, мерейіне мерей қосты. Алғашында қауын-қарбыз екті. Піскен өнімді арысы Шиелі, берісі Жаңақорғанға күйеуінің алып берген «Урал» мотоциклімен жағалап жүріп өзі сатты. Қожамбердіде де канал бар, аяқ су әр үйге барып тұр, бірақ неге екені ауылдағылар жаппай сыпырғы мен шемішке егуге бейімделіп алған екен. Бұл келіншек болып түскенінде әр үйдің қорасында басын иіп тұрған сап-сары күнбағысты көріп сүйсінген. Бейнеті егіз басқа дақылдарды егуге не кедергі екен деп тағы ойлаған. Енді амал не, ауыл адамдарының қолындағы жоқты алдына апарып беріп алғысқа бөленген келіннің кәсібіне береке берсін деңіз. Адамның бәрі бірдей ме, шырылдаған торғаймен бірге тұрып, кетпенін иығына іліп, егіндікке сайланған бір үйдің жалғыз баласына келген еркетотай келінге күле қарайтындар да табылды. «Саған ненің азабы, не жетпей жатыр? Шалқып өмір сүрмейсің бе?» деген сөздерге пайымды жан пысқырып та қарамапты. Өйткені қолы бос қарап отыру деген қанында жоқ екен, қайта өз күшіңнің құлпырған жемісін көру қуаныш емес пе?
Даланың жұмысы, одан бір үйдің тірлігін қатар дөңгелетіп шаршадым дегенді білмейтін қыр қызының ең­бексүйгіштігін бірдей мойындаған үлкен-кішінің ниеттестік мейірі жанын шуақтандырғандай, жігеріне жігер қосты.
Осы шаруаны жыл сайын айнал­дырып, кәсібін жолға қойған ол 2007 жылдар­дан бастап «Балапан» бағдарламасы аясын­да бүлдіршіндер­ді 100 пайыз бала­бақшамен қамту мәселесі бойын­ша мемлекеттік жеке­шелік әріптестік негізінде бағын сынап көргісі келді. Балабақшасы жоқ ауылда жаңа ғимарат құрылысын бастап кетті. Ойға алған ісі дер кезінде бітуі үшін ұйықтамай өзі бастап лай жатқызып, кесек құйғанына осы ауылдың жұрты куә. Ол бейнетті күндердің өтеуі Қожамбердіде тұңғыш бөбекжай – «Бақ­берген» балабақшасы іске кіріскен күні ақталғандай болды. Балабақшаны ел игілігіне беріп қана қоймай, жоғары деңгейлі сапаға жеткізу үшін үлкен қалаларға барып, тәжірибе алмасып, балалар мекенін сәбилердің ойын дамытуға, физикалық тұрғыда өсіп-жетілуіне демеу болатын құрал-жабдықтармен жабдықтауға көңіл бөлді. Бұл ретте қаражатын аямай, жарқын жобаның тынысын ашты. Осы үлгімен Жаңақорған кентінен екі балабақша құрылысын салып, әріптестеріне үлгі болды.
Жанұяда отағасы, ауылдағы №162 мектептің мұғалімі Қанат екеуі 4 ұл-қызды тәрбиелеп жетілдірді. Алматы қаласында да жеке балабақша ашып, оған өз қызы Айымсұлу басшылық етіп отыр екен. Осыдан бес жыл бұрын Түркістан қаласынан да бір балалар мекенініің тұсауын кесті. Қазірде оның санын үшеуге жеткізді.
Қожамберді ауылында жаңа мек­теп үйі пайдалануға беріліп, ескі мектеп ғимаратын сатып алу құқы­мен жекеге алып, бүлдіршіндер игілігіне пайдалануды көздеген іс­кер азамат ғимаратты түгелімен күрделі жөндеуден өткізді. Қолдан соғылған темір пештерді алып тастап, бір орталықтан жылытылатын бу қазандығына қосты. Қазірде жылуы шешілген ұядай мекен бөбектердің меншігінде.
«Бақберген» балабақшасы етіп қайта жасақталды. Қазірде бала­лар мекенінде 40 бала тәрбиеленуде. Бүлдіршіндер мекенінің айналасына ертегі қалашығын орнатып, аулада жан-жануарлар мүсінін соқтыруға да қаржысын аямады. «Бәрі де сәбилердің қуанышы үшін ғой» дейді ол ағынан жарыла.
2016 жылы Сунақата ауылында мем­лекеттік-жекеменшік әріптестік тә­сі­лімен спорт кешенін салып бер­ген болатын. Онда қазақша күрес, таэ­квандо, волейбол үйірмелері жұ­мыс жасап тұр. Ауыл жастарының күнделікті бас қосатын жаттығу орталығы қаншама балғынды жаман әдетке бой ұрудан аулақтатып, дос­тық пен татулықтың дәнекеріндей жастар тәрбиесіне тірек болып тұр­ғанын айтсақ та жеткілікті.

Кәсіпкер ханым дәл осындай үлгідегі спорт комплексін Қожамберді ауылында да тұрғызуға ниет қылып тірлік бастаған 2019 жылы пандемия басталып кетіп, құрылыс тоқтап қалған еді. Осы жартылай біткен құрылысты биыл сәуір айында қайта қолға алды. Жұмыс басында енді өзінен бұрын ұлы Нұрперзент көбірек бой көрсететін болыпты. Бұл заңдылық та. Кісі жаны тозбайтын темір емес. Қолы ұзарып, ісіңді жалғар ұрпағыңның болғаны, Құдайдан еңбегіңнің қайтқаны сол емес пе?

Елдің жасы үлкен қариялары – Жолшы, Асылхан, Әлібек сынды ата­ларымыз үнемі батасын беріп отырады.
Бастысы, елге қызмет етудіі ең басты мұраты етіп, осы тағдыр тартуына талмай еңбектенумен қол артқан арудың өмір жолы ауылдағы қыз-келіншектерге ғана емес, қазақ қыздарына эталон болуға тұрарлық тағылым деп санаймыз.

Баян ҮСЕЙІНОВА
12 сәуір 2022 ж. 233 0