ОБЛЫСТА 19 БАСТАУЫШ КӘСІПОДАҚ ҰЙЫМЫ ҚҰРЫЛДЫ
Облыста жаңадан 19 бастауыш кәсіподақ ұйымы құрылды. Кәсіподаққа 837 жұмыскер мүше болды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында «Қызылорда облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасы Мақсұт Нәлібаев мәлімдеді.
-Облыс көлемінде алты мыңға жуық мекеме мен кәсіпорынның ұжымдық шарттары тіркелген. Бұл аймақта жұмыс істейтін барлық кәсіпорындар мен ұйымдардың 70 пайызын құрайды. Облыстық үш жақты комиссия жұмысы аясында биыл 2021-2023 жылдарға арналған Еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі «Қауіпсіз еңбек» бағдарламасы бекітілді. Облыс көлеміндегі кәсіподақ ұйымы бар мекемелер мен кәсіпорындарда еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша 736 өндірістік кеңес құрылған және 758 техникалық инспектор қоғамдық негізде жұмыс істейді. Қазіргі таңда тұжырымдаманы түсіндіру мақсатындағы жұмыстар жалғасуда, - деді Мақсұт Нәлібаев.
Айта кетейік, облыс бойынша 12 салалық кәсіподақта 1018 кәсіподақ ұйымын, 101 632 кәсіподақ мүшесін біріктіреді. Аймақтағы 8 кәсіпорында «Халықтық бақылау» жобасы енгізілген. Олардың ішінде 6 кәсіпорында кәсіподақ ұйымы бар.