Кәсіподақ әділдікті жақтайды
Жұмыскердің мүддесін қорғау, олардың құқығының сақталуын қоғамдық түрде бақылау, еңбек қауіпсіздігі және оны қорғау, еңбек дауларын шешу – кәсіподақ ұйымының басты міндеті. Қызметкерлердің әлеуметтік мәселесі, жалақысы, қауіпсіздігі, тұрмыстық жағдайын жақсартуда кәсіподақ ұйымының атқарар қызметі зор. Бір сөзбен айтқанда, кәсіподақ – еңбеккерлер қорғаны. Сондықтан 10 қазан – Қазақстан кәсіподақтары күні деп бекітілді. Бүгінде аудан бойынша бірнеше кәсіподақ жұмыс атқарады. Мемлекеттік қызметшілер, ауылшаруашылығы, мәдениет, медицина саласы бойынша және білім қызметкерлері кәсіподағы бар. Бүгінгі мақаламызда мереке қарсаңында білім қызметкерлері кәсіподағының атқарған жұмыстарына тоқталуды жөн көрдік.
Аудан бойынша білім беру мекемелерінде 82 бастауыш кәсіподақ ұйымы қызмет етеді. Олардың қызметі, жұмыс жоспары мен нақты міндеттемелері бар. Бұл жөнінде аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы Елшібек Сатершинов жүйеледі.
– Биыл Еңбек кодексі мен заңдылықтарды ескере отырып, ұйым мүшелерімен қайтадан ұжымдық шарт қабылдадық. Елдегі пандемияның әсерінен қаншама шаралар, жоспарлы мерекелер, салтанатты жиындар өтпей қалғаны рас. Дегенмен биыл бірнеше мерекелік кеш, тағылымды шаралар өткізе алдық. Көбіне білім саласына сіңірген еңбегіне орай ұстаздарды марапат мінберіне шығаруға, қайырымдылықпен айналысуға жұмыс жасаймыз. Сондай-ақ, спартакиада өткіздік, педагогтар арасында пәндік сайыстар да ұйымдастырылып тұрады. Технология мен сурет пәні бойынша көрмелер сайысы да өткізіліп, байқауларға іріктеу жасауға мүмкіндік мол.
– Бірнеше іс-шараларға тоқтала кетсеңіз...
– Өзім осы қызметке 2014 жылы келдім, сол уақыттан бері атқарылып жатқан жұмыс көп. Мәселен, биыл «Наурыз жылылығы» акциясы бойынша 150 әлеуметтік жағдайы төмен обасыға көмек көрсетілді. «Мектепке жол» акциясы аясында 100 оқушыға оқу құралдары, киім-кешек үлестірілді. 8-наурыз аналар мерекесі, 9 мамыр Жеңіс күні, білім мен ұстаздар мерекесі қарсаңында мұғалімдерді марапаттап, еңбектерін елеп-ескеріп жатамыз. Қарттар күні ардагер ұстаздар ұлықталады. Биыл 35 ардагерге құрмет көрсеттік, негізінен 470 сала ардагері болса, жыл сайын кезекпен-кезек алғыс білдіруге тырысамыз.
– Кәсіподақ тек іс-шаралармен ғана айналыспайды, қызметкерлердің мұң-мұқтажын шешеді.
– Әрине, биыл 32 қызметкерден арыз-шағым түсті. Негізгі мәселе жалақыға келіп тіреледі, барлық мән-жайды зерделеп, шағымданушылардың арызын қанағаттандыра алдық. 320 мың қаржыны арызданушылар тарапынан шеше алдық. Осындай мәселелер туындап жататыны жасырын емес, енді қателік барлық салада болады, сондықтан кем-кетігін реттеп, ұстаздар қауымын риза етуге тырысамыз. Бүгінде 82 ұйымда техникалық инспектор, өндрістік кеңес бар, олармен бірлесе мәселені дер кезінде, әрі әділ шешуге жұмыс жасаймыз. Хаттама толытру, жоспарлау жұмстарына жол көрсетіп отыруға да міндеттіміз. Сондықтан бізге артылап талап та аз емес, ең бастысы, сапалы қызмет жасау маңызды.
Дұрыс, өзге де салаларда атқарылып жатқан шараларды байқаймыз, дегенмен мұғалімдер тарапынан жасалынып жатқан жұмыс ауқымды екенін көрдік. Әлі де атқарылар шаруаны ширата түсеміз, – дейді төраға.
Жалпы, түрлі саладағы қызметкерлерді біріктіретін, өз мүшелерінің әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен мүдделерін қорғайтын кәсіподақ ұйымы әлемнің 100-ден аса еліне тараған. Қазақстанда қалыптасқанына ғасырға жуықтады. Көзге көрінбесе де, тыстағы еңбектері зор кәсіподақ ұйымдарын төл мерекемен құттықтап қоюға болады.
– Шыны керек, қазір көпбалалы отбасылардың ішінде әлеуметтік жағдайы төмендері көп болмаса аз емес. Оларға демеу болып, білім алуына қол ұшын созу әрбір азаматтың азаматтық борышы. Мен үшін үш баланы дайындау қиын. Екеуі интернатта жатып оқиды. Біреуі мектепке енді барады. Мен бұл шараға өте ризамын. Өткен жылы да осы акцияға қатысқанмын. Менің үш балама бірдей сөмке және кеңсе тауарларын сыйға тартты. Азғантай болса да көмек көрсетті. Балалар да қуанышты. Бүгін балаларымызға мектепке қажетті құрал-жабдықтар беріп жатыр. Бәрінен де балаларымыз мектеп қабырғасына барып білім алатындарына қуанып жүр. Қандай жағдай болмасын, балаларымыз оқусыз қалмасын деп көмек беріліп келеді. Алғысымыз шексіз. Ең бастысы, балалар ауырмай, оқулары үзілмесе екен деп тілейміз, – дейді ақ жаулықты ана Айгүл Дәрменқызы.
Айта кететіні, биыл облыс жаңадан 18 бастауыш кәсіподақ ұйымы құрылған. Кәсіподақ мүшелері саны сегіз жүзге жуық жұмыскермен толықты. Сондай-ақ 2021-2023 жылдарға арналған еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі «Қауіпсіз еңбек» бағдарламасы бекітілген. Бұл жөнінде Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Мақсұт Нәлібаев мәлімдеді.
Әли ТЕМІРБЕК