» » Бердібектің таудай талабы

Бердібектің таудай талабы


Ұлы ғұлама Жүсіп Баласағұни «Адам бойындағы ең тамаша нәрсе – білім мен ақыл» деген. Бүгінгі жас ұрпақтың терең біліммен кемелденіп, парасатты, пайымды тұлға болып қалыптасуы – ел ертеңінің жарқын болуының кепілі. Ол үшін баланы ерте жастан білімге бейімдеп, тұла бойына тәлімді тәрбиенің дәнін сепкен абзал. Осы орайда, жас талап Бердібек Алшынбай республикалық білім бәйгелерінде топ жарып жүргенін мақтанышпен айта аламыз.


Ол кенттегі №110 мектеп-лицейдің 3-сынып оқушысы. Бүлдіршін кезінен алғыр Бердібек өлең жаттап, сурет салуға әуес болып өсті. Әріп танығаннан бастап шимайлап шығарма жаза бастады. Қылқаламмен достасып, сурет салуды да өзіне ермек етті. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» демекші, жеткіншекпен әңгімелескенде титімдей балапанның таудай талабы барын аңғардық. Болашақта атасы сияқты ел ағасы болғысы келетінін де жасырмады.
– Сабақты жақсы оқып жүрмін. Болашақта адамдарды емдеп, қуантқым келеді. Ата-анамның мақтанышы болсам деймін. Атам Абай Құнанбаев бабамыздың қара сөздері мен өлеңдерін оқытады. Өскенде білікті дәрігер, атам сияқты ақылды азамат болғым келеді, – дейді Бердібек Бағланұлы.
Иә, бала отбасынан өнеге алады. Ақылыңа емес, әрекетіңе қарап бой түзейді. Бердібектің де атасына ұқсағысы келгені заңдылық. Жас талаптың білімін шыңдап, ерік-жігерін қайрап, болашаққа сеніммен нық қадам басуында атасының қолдауы басым.
– Еңбек – жақсылық пен жетістіктің бастауы. Ерінбеген адамның алар асуы мен бағындырар биігі көп. Кез келген бала, кез келген адам дарынды. Тек бойдағы қабілетті аша білу керек. Алла адамның бойына бір пайыз талант берсе, қалған тоқсан тоғыз пайыз еңбек пен ізденудің арқасында жарыққа шығып, жемісін береді. Мен балаларым мен немерелерімді бейнетті еңбекке баулимын. Өйткені, қай салада болмасын жеңіске жеткісі келген еңбек ету керек, – дейді атасы Алшынбай Тұртанов.
Өн бойына ілтипат пен парасаттылықты жинап өсіп келе жатқан Бердібек небәрі 9 жаста. Сөйтсе де түрлі білім додаларына қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүр. Мәселен, 1-сыныпты үздік бітірісімен «Білген Бәйге» Ұлттық білім сайысына қатысып, республикалық кезеңге өтіп, «Серпін» дипломын иемденсе, есептен жүйрік болып, математика пәнінен республикалық пәндік олимпиададан 1-орын алып, «Топжарған» журналына шықты. «Ұлы дала қырандары» кітабына еніп, кеудесіне «ХХІ ғасыр көшбасшысы» алтын медалін тақты. Сондай-ақ, жақында республикалық «Білген бәйге» Ұлттық білім сайысында тағы да ауданның намысын қорғап, 2-орынды қанжығасына байлады. Бұл – қаршадай білімпаздың жеткен жетістігі. Демек, Бердібектің алар асуы мен бағындырар биігі әлі алда.
«Ел боламын десең, бесігіңді түзе». Бабалар айтқан осы бір ауыз сөзде бүкіл бір ұлтты тәрбиелейтін тәмсіл жатыр. Яғни, егемен елдің келешегін кемелдендіретін имандылық пен парасатқа негізделген өркениетті қоғам құруда жас ұрпақтың білімді де білікті болуы өте маңызды. Осы ретте, жастайынан кітапты жан досына айналдырып, білімін шыңдау жолында түрлі додаларда бақ сынап жүрген Бердібек Алшынбайдың жетістігі қатарластарына үлгі екені даусыз.

Айсұлу АЛДАНАЗАР
01 наурыз 2022 ж. 176 0