» » Ана ақылын ақтау парыз

Ана ақылын ақтау парыз


Аудандағы кәсіптік колледжде ұстаздық етіп келемін. Бізде аудан, ауыл-аймақтардан балалар келіп білім алады. Жаңа оқу жылы басталғалы үлкен кейуана немересінің қамымен алыс ауылдан арқаланып таба наны мен тамағын қоса алып келіп жүр. Түскі үзілістің уақытында немересіне өз қолымен әкелгенін ішкізіп-жегізіп, маңдайынан иіскеп, арқасынан қағып, келген ізімен қайтады.
Ержетіп қалған бозбала әжесінің тірлігін ерсі көріп намыстанып әлек. Міне, ананың бала дегенде шығарға жаны жоқ. жанашыр қамқоршысы екенінің белгісі. Менің өзімнің де екі анам болды. Үлкен анам 29 жасында 7 баланы дүниеге әкеліп, жастай өмірден озды. Кіші анам 45 жасында өмірден өтті. Өте керемет, жаны жайсаң жан еді. Өзі ұстаздық қызмет етті, жеке атаулы мектебі болды. Қос анамның да шексіз мейірімін, ерекше ықыласын сезініп өстік.
Кез-келген адамның Құдай берген асыл қазынасы-анасы. Ана – қасиетті ұғым. Адам бойындағы ізгілік атаулы ананың ақ сүтімен дариды. Бүгінгі шыққан биігіміз бен баянды бақытымыз да ананың ақ тілегінде жатыр.

«Баламның табанына кірген тікен, менің маңдайыма кірсін» дейтін ананың жасаған қомқорлықтарын ешқашан өтей алмайсың. Қазақ арғы – бергі өмірінде ананың бақытын бәрінен биік қойған. Ақ жаулықты аналарымыз, еріне тірек, ел бірлігіне тұтқа болған. Көкжиектен тамыр тартқан, тарихи оқиғаларға зер салсақ, біздің қыздарымыз адалдық пен сұлулықтың, батырлық пен ерліктің өшпес өнегесін көрсеткен.

Ана бір қолымен бесік тербетіп, адамзат баласына ұрпақ сыйласа, бір қолымен әлемді тербетіп, қоғамның айнасы болуда. Ел үшін маңдай терін төгіп, түрлі салада қызмет етіп жүрген аруларымыз қаншама. Білім мен тәрбиені қатар алған ұстаздық жолда қызмет атқарып жатқандардың басым бөлігі ақ жаулықты аналар мен ару қыздарымыз екені баршаға аян. Ұлттың адаспай, ұлт болып қалуы, қоғамның ырғақты дамуы, мемлекетіміздің өркендеуі әйелге, келешек ана болар қыздардың қалай тәрбиеленетініне байланысты болмақ. «Ер баланы тәрбиелесең әскерді тәрбиелегенің, қыз баланы тәрбиелесең, халқыңды тәрбиелегенің», «Ұлтыңды сақтаймын десең, қызыңды тәрбиеле» дейді даналарымыз. Бүгінгі бойжеткен – ертеңгі аяулы ана, ақылшы әже, әулеттің ұйытқысы. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген. Бесігінде жақсы тәрбие алған үлгі-өнеге көрген бала болашақта сол әдебін сақтамақ.
Ананың көзінен нұр төгіліп, жан-жағына шуағын төгеді. Осы шуақпен жылынып, нәр алып жүрген біз алтын ананы мәңгі қастерлеп, еңбегін бағалап өтейікші.

Айман АБДУКАРИМОВА
23 ақпан 2022 ж. 304 0