№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » » «Аман жүр аналарым» атты кітап жазып шығардым

«Аман жүр аналарым» атты кітап жазып шығардым

   Мен қанды қырғын соғыстан бір жыл бұрын Политотделде өмірге келген екенмін. Ата-анам шаруалар болған. Әкем судың маманы – мұрап, Жалаңаш әулие маңы (Кейден ауылы), Жетітөбе-Айкөл маңында шығырмен су шығарып, қарамағында 15-20 адаммен егін егіп, шаруашылық жасаған екен.

 Өткен ғасырдың 40-жылдары Шиелі-Төменарық каналдарын қазғанда әкем Политотдел колхозының адамдарына басшылық жасаған. Өмір бойы ыза суды кешіп саушылығы сарқылған әкем мен 3-4 жасымда қайтыс болып кеткен. Ағам соғысқа кетіпті. Ауылда қалған үш қыз апам және мені анам марқұм бір өзі өсіріп жетілдірген. Журналист «Жаңақорған тынысы» газетінің тілшісі Баян қарындасымның бұрын жазған бір мақаласында: «Адам жасы ұлғайып, есейгенде бұрынғы жас кезіндегі құрбы-құрдас, дос-жарандарынан бірте-бірте қара үзіп, жат бола түседі екен. Бірақ қартайып, қайғы ойлаған әркім өткен күннің елесімен қайта қауышудан жанына ләззат табады» дегені есіме түседі. Міне, сол сөздің растығы қазір мен бұрын өткен ата-анамды, бауырларымды көп есіме алатын болдым. Өзім кішкентайымнан анамның қамқорлығы мен тәрбиесін көріп өскендіктен де, бірінші анам марқұм есіме түседі. Барлық жан, ұшқан құс, жүгірген аң да ана құрсағында өсіп тараған ғой. Аналар туралы Пайғамбарымыз Мұхаммед ғ.с.с: «Жұмақ анаңның табанының астында» деген. Яғни, анаңның батасы мен ризашылығы жұмаққа жол ашады деген. Біреулер Пайғамбарымыздан: Кімге алдымен жақсылық жасауым керек дегенде «Анаңа, анаңа, сосын атаңа» деген. Шығыс поэзиясының аса көрнекті өкілі Әлішер Науаи әкені күнге, ананы-айға жұлдызға балаған. Ұлы жазушы М.Әуезов: «Ана бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді. Ел боламын десең бесігіңді түзе» – деген.
Ақын Мұқағали Мақатаев анасы туралы:
Асыл анам, есіл анам,
Елжіреп, есіркеп есіме алам.
Мен үшін сен суалтқан ақ сүтіңді,
Ақтамасам, боп жүрмін несіне адам» демеуші ме еді?
Отбасының ұйытқысы – ана. Тіршілікте анадан артық, анадан асыл құндылық жоқ. Ана жаратқанның қамқорлығы мен жан шуағын бізге, алдыңа жеткізетін адам. Ана біздің алғашқы махаббатымыз. Қазақта «Ана сүті бой өсіреді, ана тілі – ой өсіреді» деген сөз бар. «Әке – тірегің, ана – жүрегің» деген сөз де бар. Ұрпақтың тәрбиесінде ананың орны бөлек. Менің анам да он бір баланы өмірге әкеліп өсірген. Солардан қалған кенжесі жалғыз мен екенмін. Анам Көкен батырдың қызынан туған жиені. Содан да болар анам батыл, ержүрек, айтатын сөзін, істейтін ісін ешкімге жалтақтамай жасайтын. Ауылда үлкен ер кісілермен отырып, ашық сөйлесе беретін. Көбісі нағашылары болған соң «көке, жәке, пәленше» деп атай беретін. Анам марқұмның есте сақтауы күшті еді, бұрынғы шежірелерді үнемі айтып отыратын.
Анам бізге үнемі ақылын айтатын, әсіресе жалқау болма, өтірік айтпа, ұрлық жасама дегенді көп айтатын. Тіпті үйдегі жануарға дейін аяушылық жасауды, малды ашықтырмай жем-шөп беруді ескертетін. Есімде қалғаны, үйдегі итке дейін ашықтырмай тамақ бер дейтін. Анамыздың тағы мына әңгімесі бала кезден есімде. Күнде кешке періштелер келіп иттен үй иелерінің тамақ берген, бермегенін сұрайды, сонда иттің «қазір береді, қазір берейін деп жатыр» деп иесін қиянатқа қимайтын нағыз дос екендігі жөнінде тәмсіл бала кезден есімде қалған. Мен де қазір немерелеріме осыны айтып, ескертіп отырамын. Адам баласының ата-аналары алдындағы парызы өте көп екенін мына мысалдан аңғаруға болады. Бір жас жігіт анасын арқалап Меккеге апарыпты, сонда діни кісіден мен анамды арқалап дұға етуге әкелдім, енді анамның қарызынан құтылдым ба? деп сұрағанда, ғұлама кісі: Сенің бұл анаңның бір түн ішіндегі тұрып емісіп-тербеткеніне ғана татиды деген екен. Ата-анаға артық сөз айтпай, жақсы қарым-қатынас жасауы да перзенттерінің ата-ана алдындағы борышы болып есептеледі.
Кей уақытта шаршап, ренжісем түсімде анам көңілді әңгіме айтып, маған жылы қабақ танытып, рухани күш беретіндей көрінеді. Қазірде балаларыма, немерелеріме аналарыңды сыйлап, көңіліңе қарап отырыңдар деп айтып отырамын. Мен 2015 жылы аудан бойынша көп балалы аналар (батыр ана, алтын алқалы, күміс алқалы) өмірі жайлы «Аман жүр аналарым» атты кітап жазып шығардым. Бұл менің барша аналарға еткен тағзымым. Мейлі, жүзге кел, ананың орны бөлек. Бүгінде туылғанына 120 жыл, өмірден озғанына 40 жылдан асқан анама деген сағынышымды осы жолдарда қағазға түсірдім. Ананың қадірін көзі тірісінде бағалағанға не жетсін.

Әлімхан Баубеков,
Денсаулық саласының ардагері,
Бірлік ауылы.
12 қаңтар 2020 ж. 640 0