» » Озық ойлы Олжас

Озық ойлы Олжас


Бүгінде мемлекет кәсіпкерлікті қолдап, кәсібін ашып, нәсібін табамын дегенге қолдау көрсетуде. Ол үшін бағытыңызды нақтылап, еңбек заңдылықтарына жетік болу қажет-ақ. Өйткені өз құқығын білгеннің опық жемейтіні белгілі. Осы ретте, кәсібін дөңгелетіп отырған аудан тұрғынының бірі Олжас Фазыловты мақаламызға арқау еттік.


Олжас Айдарұлы үйдің үлкені болған соң еңбекке ерте араласады. Әкесінің қасында жүріп сауданың әр саласында бағын сынайды. Еңбекпен шынығып, қара күшпен тапқан қаражаттың құнын ұққан жас кәсіп ашуды көздейді.
– Әкем бізді бала күннен еңбекке баулыды. Қауын-қарбыз, күнбағыс майы, картоп дақылын саттық. Әкем жүк көлігінің жүргізушісі болғанда қасында жүріп ауыр техниканы бағындыруды да үйрендім. Адам ешқашан адал еңбек еткенде ұтылмайды. Халық арасында сұраныс неде, сол затты жеткізіп, сауда жасап өстік, – дейді кәсіпкер.
«Әке көрген – оқ жонар», – демекші, Олжас туған әке бағытын ұстанып, кәсіпкер болуды бала күннен армандағанымен әкесінің мақсаты басқа болды. Әке жүрек перзенті жоғары білім алып, елге қызмет ететін шенді азамат болса деп мектептен кейін беделді қызметтің тізгінін ұстағанын қалайды. Сөйтіп, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетіне оқуға түсіреді.
– Жоғары оқуды бітіріп, «есепші аудит» мамандығын алғаннан кейін еңбекті қоғамдық жұмыстан бастадым. Кейіннен Жайылма ауылдық округі әкімі аппаратының бас есепшісі болып қызметке тұрдым. Алайда айлығым шайлығыма жетпеді. Қазір нарық заманы, қалтаңда пұлың аз болса өмір сүру өте қиын. Дегенмен әкемнің асқақ арманына қарсы шыға алмай 8 жылға жуық мемлекеттік қызметте жүрдім. Кейіннен әкемнің рұқсатын алып, жұмыстан өз еркіммен шықтым. Мақсатым – жеке кәсібімді ашу болды, – дейді ол.
Иә, кейіпкеріміз айтқандай, қалтасы қалыңның арқасын кеңге жаятын заманда өмір сүріп жатқанымыз рас. Бір жұмысқа таңылмай, деңгейің жетсе жан-жақты табыс табудың жолын табуға болады. Үйдің үлкені болған соң, әке бастаған істі әрі қарай жалғап, мал және егін шаруашылығын қолға алған кейіпкеріміз алдымен жастарға арналған бағдарламамен 250 мың теңге қайтарымсыз грант жеңіп алып, кәсібін ашады. Кейіннен «Бастау-бизнес» жобасын оқып, «Жүк тасымалдау» бағыты бойынша жең­ілдетілген 5 млн теңге несие алып, жүк көлігін алады. 2019 жылы «Айдар» шаруа қожалығын құрып, қожалықта әкесі және бауырымен бірге өз қолымен егін егіп, төрт түлікті түлете бастайды. Міне, еңбек еткеннің жүзі қашанда жарық.
– Шаруашылықты ашқан алғашқы жылы әкем, інім үшеуміз 2 гектар жерге қарбыз, 2 гектарға картоп ектік. Өзіміз ала жаздай егістік басында болып, егінді күтіп-баптадық. Шүкір, күзде өнім жақсы болды. Қарбызды өзім жүк көлікпен Ақтөбе қаласына өткіздім. Картоп аудан тұрғындарына сатылды. Ал, былтыр 2 гектар қауын, 5 гектар қарбыз, 1,5 гектар картоп егіп ойдағыдай өнім алдық. Әдеттегідей қарбыз Ақтөбе қаласына жөнелтілді. Қауын жол бойынан-ақ өтіп кетеді. Алпыс тонна картоптың 30 тоннасын әлеуметтік дүкенге өткізіп, қалғанын жәрмеңкеге апардым. Келесі жылы егіннің аумағын тағы да кеңейтемін деген жоспарым бар. Өйткені шаруашылыққа 50 гектар жер алғанмын. Қазір 50 бас ірі қара мен 55 бас жылқы бағып жатырмыз. Жалпы, ерінбеген адамға екі қолға бір күрек табылады. Бастысы – жігер мықты болуы керек, – дейді кейіпкеріміз.
Шәкәрім Құдайбердіұлының «Бәрі­не қанағат қыл да, адал еңбек қыл» деген тәмсілі Олжас Фазылов сияқты жігерлі жастарға арналғандай. Себебі ол қанағатты өзіне серік қыла білді. Ерінбей еңбек етіп, табысына тәубе етуді де ұмытқан жоқ. Мұқтаж жандарға да көмек беруден кенде қалмады. Мәселен, былтырдан бастап «Ақжүрек Жаңақорған» қоғамдық қорын ашып, мүмкіндігі шектеулі жандардың гигиеналық заттарын тарқатуды қолға алған. Бүгінгі кейіпкеріміздің табанды еңбегі мен тынымсыз ізденісі, біліктілігі замандастары мен артынан ерген інілеріне үлгі болады деген ойдамыз.

Айсұлу АЛДАНАЗАР
16 ақпан 2022 ж. 656 0