Поэзия падишасы
Қайталанбас, қызыққа толы студенттік шақ. Таулары аспанмен таласқан, сұлу шаһар, киелі Әулиеата жерінде оқып жүрген кезім. Қателеспесем, 2-курстың ақпаны. Мұқағали Мақатаевтың туған күніне орай ұйымдастырылған шараның тізгіні курстасым Әкімжан Жолтаев екеумізге бұйырды. Кезек-кезек ақынның туындыларынан үзіндіні көпшілікке ұсындық. Маған мына жолдар бұйырған еді:
Ең бірінші бақытым – Халқым менің,
Соған берем ойымның алтын кенін.
Ол бар болса, мен бармын, қор болмаймын,
Қымбатырақ алтыннан нарқым менің.
Ал екінші бақытым – тілім менің,
Тас жүректі тіліммен тілімдедім.
Кей-кейде дүниеден түңілсем де,
Қасиетті тілімнен түңілмедім.
Бақытым бар үшінші – Отан деген,
Құдай деген кім десе, Отан дер ем!
...Оты сөнген жалғанда жан барсың ба?
Ойланбай-ақ кел дағы от ал менен...
Міне, біз ақиық ақынның осындай өлең жолдарымен сусындап өстік. Қаламгердің жазбаларын оқыған қазақтың әр баласы бойына күш-қуат алып, Отанның, Отбасының қадір-қасиетін түсініп, сүйіспеншілік пен мейірімге бөленіп өсті. Мұны қаламгердің қаламынан туған құдірет дерсіз!
Өмірін өлеңмен әрлеген мұзбалақ ақын қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдызы еді. Алатаудың бөктерінде дүниеге келіп, сол таудың қасиетін бойына сіңірген ақынның балалық шағы Ұлы отан соғысымен тұспа-тұс келіп, еңбекке ерте араласып, ерте есейді. Шамамен он-он бір жасында өлең жаза бастаған ақын әп дегеннен салмақты ойларымен көптің назарын аударған-ды.
Алматы облысының Райымбек ауданына қарасты Қарасаз ауылындағы мектепті 1948 жылы бітіріп, сол жерде комсомол, кеңес қызметтерін атқарған. Еңбек жолын аудандық газеттен бастады. Кейіннен Алматы қаласына қоныс аударып, әдеби ортаның қайнаған ортасына түседі. Алып шаһарда жүріп Қазақ радиосында дикторлық қызметте болғанда да, «Қазақ әдебиеті» газеті мен «Жұлдыз» журналында поэзия бөлімін басқарып, Қазақстан Жазушылар Одағында әдеби кеңесші қызметін атқарған кезеңінде де, КСРО Жазушылар одағындағы қазақ әдебиеті бойынша кеңесші міндетін атқарған кезінде де шығармашылық өмір тынысынан бір сәт ажырамай, мыңнан біреуге қонатын ақындық қабілетін шыңдады.
Ақын азғантай ғана ғұмырында қазақ еліне өшпес мұра қалдырды. Ол оқыған адамның жандүниесін баурап алатын өзгеге ұқсамайтын жыр туындыларынан бөлек, шетел әдебиеттерін қазақша сөйлетті. Мәселен, Шекспирдің сонеттерін, Дантенің «Құдіретті комедиясын» қазақ тіліне аударып, қалың қазақ баласына ұсынды. Бұл – ақынның қазақ ұлтының нағыз жанашырлығының бір көрінісі болса керек.
Қаламгердің өмірі жайында жазылған жазбалардан ақынның тауқіметті тағдыры көз алдыңа келеді. Дүниенің арбауына түспей, тұрмыс тауқыметін тарта жүріп, сынға ұшырағанда да «ақынның ақындығы атақта емес, арда ғана» деген байламды берік ұстанып, шен-шекпенге де, атақ-лауазымға да қызықпаған.
«Мұзбалақ» атанған қаламгер поэзиясы тіршіліктің күллі тынысына арналып, туған жер, адамдар тағдыры, өмір мен өлім секілді тақырыптарда өрбіп, лирикасы ұлттық сипатпен кестеленген. Өмірге ғашық ақын «Жан азасы» (реквием) поэмасында өмір туралы гимн тудырса, «Аққулар ұйықтағда» поэмасында сұлулық пен адалдыққа жауыздық жасамау керектігін насихаттап, «Райымбек, Райымбек!» дастанында ел басына күн туғанда жауға қарсы аттанған жаужүрек батыр Райымбек Хангелдіұлының ерлігін суреттеген.
«Поэзия! Менімен егіз бе едің? Сен мені сезесің бе, неге іздедім?», – деген ақын бүкіл ғұмырын, жан дүниесін қалтқысыз өлең жолына арнады. Дегенмен, алпысыншы жылдардағы жеке басқа табынуды әшкерелеуден туындағын кеңестік дәуір әдебиетіндегі жаңғыру, бүгінде «Жылымық жылдар» деген атпен белгілі жаңа серпіліс Мұқағали Мақатаевтың да дүниетанымының біржола қалыптасуына, қаламгерлік қолтаңбасын айқындап, даралай түсуіне ықпал еткенін жуырда Қазақстан Ұлттық арнасы түсірген «Мұқағали. Бұл ғасырдан емеспін...» атты екі бөлімнен тұратын туындыдан анық байқауға болады.
Айта кетейік, ақынның алғашқы жырлары 1948 жылдары Нарынқол аудандық «Советтік шекара» газетінде жарияланды. 1954 жылы «Әдебиет және искусство» («Жұлдыз») журналында бір топ өлеңдері жарық көрсе, «Қазақ әдебиеті» газетінде өлеңдер топтамасы оқырманға жол тартты. Арада он жыл өткен соң 1964 жылы тұңғыш кітабы «Ильич» атты поэмалар жинағы жарық көрді. Одан кеййін 1966 жылы «Армысыңдар, достарым!» атты өлеңдер мен поэмалар жинағы, 1967 жылы «Қарлығашым, келдің бе?» атты жыр жинағы оқырман қолына тиіп, ақынның өзіндік қолтаңбасын танытты. Ал, 1976 жылы жарық көрген «Өмір-дастан» атты таңдамалы өлеңдері мен дастандары ақын өмірінің түйінді белесіндегі қортындысындай болды. Өйткені одан кейін жарық көрген «Өмір-өзен» кітабының тұсаукесеріне қаламгер қатыса алмады. Себебі 1976 жылы 45-ке қараған шағында дүниеден өткен еді.
Әйткенмен қаламгер осы уақыт аралығында дастандарымен, лирикалық шығармаларымен, әлем әдебиетінің кесек туындыларын қазақ тіліне аудару арқылы қазақ әдебиетінің тарихында ойып тұрып орын алып, жарқын бейнесімен көпке танылып, келер ұрпаққа өмірлік рухани азық болатын өшпес мұра қалдырды.
Иә, ақынның шығармасы талайдың рухани азығына айналды. Ол шығармасын оқығанға шалқар шабыт та, қайтпас қайсар да, шексіз махаббат та сыйлай білді. Қаламгердің сыншыл, сыршыл, қоңыр үні қазақ әдебиетінің әлеміне орнықты. Өзімен өзі арпалысқан мазасыз ақын-жүрек миллион жүрекке леп беріп, адамгершілік пен сүйіспеншілік жігерімен жылытып келеді. Демек, қазақ елі аманда ақынның ғаламды өзінің құндағына салып тербеткен құдіретті жыр жолдары қашан да халқымен, ұлы даласымен бірге. Міне, өнер мен өлең мәңгілік деген осы.
Айсұлу АЛДАНАЗАР