» » Құсбегілік құзырына қайта қонды

Құсбегілік құзырына қайта қонды


Жаңақорғанда алғаш рет құсбегілердің ұлттық спорт түрі «Саятшылық» республикалық чемпионаты өткелі тұр. 
Ителгі, бүркіт, қаршығадан өтетін ересектер арасындағы XV ел чемпионаты қалай және қайда ұйымдастырылады? Мақсаты мен тәрбиесі қандай? Осы және өзге сауалдар бойынша Сыр өңірінің ұлттық спорт түрлерінің білікті бапкері, №7 спорт мектебінің директоры Исламхан Боранбаевты «Сенбілік сұхбаттың» арнайы қонағы ретінде шақырдық.
Бұл кісінің есімі елге етене жақын. Сыр өңіріндегі ұлттық спорт, әсіресе, ат спортының көшін бастап келе жатқан, құрылғанына 13 жылға жуықтаған аймақ шабандоздарының бапкері осы Исламхан аға.
«Саятшылық» республикалық чемпио­наты туралы кейіпкеріміз нақты пкірін айтты. Чемпионаттың мақсаты мен міндеттеріне тоқталды. Ең бірінші, ұлттық спортты дамыту арқылы салауатты өмір салтын қалыптастыру, жастардың бойына отансүйгіштікті сіңіру міндет. Ұлттық құндылықтарға деген өскелең ұрпақтың махаббатын ояту арқылы нағыз қазақы қасиетімізге қауышамыз. Шыны керек, қазір салт-дәстүр, әдет-ғұрыптан бір сөзбен айтқанда қазақы болмысымыздан алыстап барамыз. Осы спорт түрлері арқылы қайта етек-жеңімізді жинап, өшкенімізді тірілтіп, әр кеудеге от тұтата білсек еңбегіміздің жанғаны. Бұйырса барлығы ойдағыдай өтеді деп күтеміз.
– Жарыстың жалпы өту тәртібі мен бағдарламасына тоқтала кетсеңіз...
– Чемпионат осы айдың 16 және 20 ақпан күндері өтеді. Тәртіп Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және денешынықтыру істері комитеті және ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы бекіткен ережесіне сай өткізіледі. Жоспар бойынша 17 өңірден 60-тан астам спортшы мен 80-90 жарысқа қатыстатын құс келеді. Ереже бойынша құсбегінің киімін, өзінің және құсының түр тұлғасын, күйін, сипатын, құсбегілік жабдықтарын, ерекшелігін бағалаудан басталады. Құсты қолға шақыру әдісі қолданылады. Одан соң, бүркіттің еркін ұшып, қолға қонуы, шырғаға салу, ителгені, қаршығаны кептерге салу кезеңі өтеді. Сайыстың соңғы күні үш құстың ақтық бәсекелері өтеді. Жеңімпаздар осы кезеңде анықталады. Үш сайыс бойынша екі қола жүлдеден болса, 12 медаль сарапқа салынады.
– Жалпы құсбегіліктің қасиетін қалай қастерлеп жүрміз?
– Бұл өнер – қазақ ұлтының қанына сіңген көне дәстүр. Көшпенділер өмірінен берік, біте қайнасып келеді. Оның тәлім-тәрбиесі атадан балаға қастерлі қалпымен жарасымды жалғаса береді. Өнердің бұл түрі қазаққа етене жақын болғандықтан ұлтымыздың ерекшелігін айқындап, болмысын айшықтайтындай. Оған дәлел ретінде әлемдегі бірде бір елдің мемлекеттік рәмізінде кездеспейтін қыран бүркіттің тек біздің туда көрініс тапқандығы. Аушы құсты қолға ұстап білу, үйрету, баулып аңға салу көлденең өткен көк аттыға жолыға бермейтін, әркімнің пешенесіне жазылмайтын қадірлі де, қасиетті құбылыс. Сондықтан да дәстүрлі қазақ қоғамында Тәңірден берген ерекше бұл сыйды басқаға сыйлау, былай тұрсын, құсбегіліктің қыры мен сырын бөгдеге үйрете бермейді. Әсіресе, бүркіттің қадыр-қасиеті ерекше, айта берсең бір түндік хикая.
– Құстарды күтіп-баптаудың әдіс-тәсілдері де бөекше болар?
– Иә, құсбегілікті меңгеру оңай дүние емес. Бұл күрделі де, қиын кәсіп. Тек қызыққан әрі шыдамды адам ғана құсты бағындыра алады. Біз көбіне жылқы жануарына етене жақынбыз, құстардың тілін енді ұғына бастадық. Өйткені, бұл бойынша үйірме, не болмаса арнайы сабақ өтілмейді. Біздің түсінгеніміз, бүркіт өте ақылды құс, оның бойындағы күш пен қырағылығы, жылдамдығы көз ілестірмейді. Жарыс ережесінде жылдамдық пен қырағылық жоғары бағланады. Қожайынын тыңдап, әрекет еткен құстардың да бағалауы жоғары болады.
Құстың ұйқысын алу немесе ырғаққа отырғызу деген бар. Яғни, түз тағысын тез жуасыту үшін оның ұйқысын алады. Ол үшін ырғаққа отырғызады. «Ырғақ» деп, екі діңгек ағашқа керіліп байланған арқанды айтады. Арқанның дәл ортасына білек ағаш орнатып, оған томағасын кигізіп асау құсты отырғызады да, арқанда ырғап тербетіп отырылады. Көзі байланып ырғақта тербетілген құстың ұйқысы қашады, қатты шаршайды. Тіптен, есінен танып құлайтын жағдайлар болады. Кейде екі-үш күн, түн қасынан кетпей ырғақта ұстаймын. Бір сөзбен айтқанда, бірге жатып, сырласатын досыңдай болады. Қазақтың арғы-бергі тарихын зерттеушілер саятшылық кәсіптің үш мың жылдай тарихы бар дейді. Ғалымдар «Тамғалы» таста саятшының қыран құспен аңға шыққан сәтін бейнелейтін өрнектерге екі мың жыл деседі. Тіптен, Марко Поло: «далалықтардың әр үйінде бір-бірден бүркіт бар. Олар онымен аң аулайды, саятшылық жасап, бой сергітеді» деп жазыпты. Ал, түрік танымында Тәңірлік ұғым бойынша құс көктің иесі, аспанның киесі, жоғарғы әлемнің елшісі, қанаттылардың төресі саналаған.
– Ертеңгі ел чемпионатына дай­ындық қалай? Ауданның мүмкіндігін қалай бағамдаймыз?
– Дайындық жақсы, керекті құрал-жабдықтың барлығы алынды. Федерация мамандарымен ақылдасып, керекті дүниелерді реттеп жатырмыз. Ашығын айтқанда, біздің облыс алғаш рет құсбегілік сайысқа қатысқалы тұр. Сыр өңірінен сынға түсетін Ғалымжан Өміртай жақында бүркіт алдыртып, баптап, додаға қосатын болады. Біз тұңғыш өткізетін болғаннан кейін кем-кетік болады, әрі жүлделі орынға іліну де оңайға соқпайды. Бір ренжитініміз, басқа ұлттық спортқа сәл болса да көңіл бөлуге болады. Біріншіден, мектептер ашылып, балаларды осыған бейімдесе, қолына қамшы беріп, қасына тазысын ертіп, иығына қыранын салып берсе бала үйренеді.
Екінші жағынан, біздің ауданда қалталы азаматтар жетеді, оларды кінәламаймыз, бірақ, сәл спортты демеп жіберсе дейміз. Әзірге Алмат Абдуллаев бауырымыз қол ұшын беріп, қолдап келеді. Айта кететіні, ертеңгі чемпионатты келіп көруге, жерлестерге қолдау көрсетуге болады. Біз облыстан рұқсат сұрап, нақтылап алғанбыз. Оның үстіне сайыстар ашық алаңда өтеді. Өтетін жері кенттегі Әлімкөл аумағындағы көкпар алаңы. Келем деушілерге есігіміз ашық.
– Ертеңгі біріншілікте жеңімпаз­дарға әлемдік ареналарда өнер көрсетуіне мүмкіндік болма ма?
– Әрине, саятшылық, оның ішінде бүркіт баптайтын, құсбегілердің сайысы жыл сайын ұйымдастырылады. Ресей, Иран мен түркі елдерінде құсбегілік өнер қатты дамыған. Біздің де дәрежеміз әлемдік деңгейге көтерілді. Жыл соңында Федерация кубогы жолында тартыс өткелі тұр. Сыйақысы да қомақты, жылдан жылға қолдау күшейіп келеді. Енді тазы жүгіртуге көңіл бөліне бастады. Таза қанды қазақы тазы жүгірту бойынша Тараз қаласында үлкен турнир өтеді. Жамбылдық азамат бір өзі 10 млн теңге демеулік жасауда, міне, осындай жігіттер көп болса ұлттық спорт тасада қалмайды. 
– Сізді Сыр жұрты ат спортының да біліктік бапкері ретінде таниды, сондықтан бұл спорттың да бүгіні мен болашағына тоқтала кетсеңіз. Қандай қолдау қажет?
– Жөн, біздің өңірде ат спортына енді бетбұрыс жасала бастады. Көкпар, жамбы ату, теңге ілу мен аударыспақтан облыста озықпыз. Бұл спорт түрлерінен тек спортшыны ғана емес, жануарды да қоса баптауға тура келеді. Жылқыларды бөлек баптаймыз, қазір жартысынан көбі Қыркеңседе байлаулы тұр. Жоғарыда айтқандай, аударыспақтан «Қаратау» есімді жануарды 2019 жылы Алмат Аманкелдіұлы сыйға тартқан болатын. Екі жылдан астам уақытта бұл тұлпар 50-дің үстінде жүлде алып берді, 7 рет ел чемпионын шығарды. Былтыр Алмат бауырымыз Ақтау қаласынан тағы бір жүйрікті тарту етті. Бұл жылқылардың құны 5 млн-нан кем емес. Міне, жанашырлық пен қамқорлық осылай көрінуі тиіс. Ал сайыпқырандардың міндеті сертке сын түсірмеу.
– Ендеше жеңісті күндерде жолығайық.
Сұхбаттасқан
Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
13 ақпан 2022 ж. 242 0