» » Халықтың талабы ескерілуімен маңызды

Халықтың талабы ескерілуімен маңызды


Қос бірдей уран шығаратын зауыт орналасқан – Байкенже ауылдық округінің халқы «Қызылқұм» мен «Байкен-U» ЖШС-нің жұмысына көңілі толмай аудан басшысына талап-тілегін жеткізбек болған-ды. Ауылдағы ағайынның жанайқайын естіп, апта басында халықпен жүздесуге арнайы барған аудан әкімі Руслан Рүстемов қос зауыттың директорларымен қандай шешімге келді? Осыны өздеріңізбен тарқататын боламыз.


Аудан әкімі Руслан Рүстемов жер­гілікті жұрттың өтінішін, арыз-шағымын бірлесе тыңдау үшін көпшіліктің ал­дына қос зауыттың басқарушысымен бірге барды. Онымен бірге аудандық мәслихат хатшысы Ғалымжан Сопбеков, әкім орынбасары Дархан Тұрсынбаев және ішкі саясат бөлімінің басшысы Әбілхайыр Сыздықов та болды. Қы­зылқұм» ЖШС-нің бас директоры Адай Өмірбеков, «Байкен-U» ЖШС-нің жаңадан тағайындалған бас директоры Нұрсұлтан Оңдасынұлы да тұрғындарды толғандырған мәселесін тыңдауға арнайы келді.
Ауылдағы ағайын шаруасын дөң­гелетіп, тұрмысын тіктеген ауылдың бүгінгі тыныс-тіршілігі тұрақты бол­ғанымен айтарлары да аз емес екен. Жиналысты ашқан аудан әкімінің сөзінше, былтыр ауданның барлық саласында ілгерілеу байқалғаны рас. Әсіресе, әлеуметтік мәселелер кезең-кезеңімен шешіліп, спорттық ғимараттар бой көтеріп, медициналық мекемелер іске қосылды. Білім саласында да облыста озықпыз, биыл облыс бойынша біздің аудан ғана 3 мектептің құрылысын жүргізуде. Одан бөлек, ауыз судың мәселесі шешіледі деп күтілуде, көпті толғандырған аяқ судың да мәселесі көтеріліп, республикалық деңгейде қаралуда.
Аудандық бюджетті нақтылауға байланысты алдын ала талқылау қоры­тындысымен Байкенже ауылдық округіне өзекті мәселелерді шешуге 17 млн теңге қаржы бөлу жоспарланған. Жыл барысында бюджетті нақтылау кезінде бюджеттің мүмкіндігіне қа­рай тағы да қосымша қаржы бөлу қарастырылатынын айтқан Руслан Рүс­темұлы округ әкімі Нұрғали Ос­пановқа тиісті тапсырма берді.
Аудан әкімі келесі кезекте қос компанияның директорына ауыл жұрт­шылығынан Үндеуі, яғни, ауданның арнайы санаттағы тұрғындарына әлеу­меттік қолдау көрсетуге байланысты бірнеше тармақтан тұратын ұсыныс-хатын табыстады.
«Қызылқұм» ЖШС бас директоры Адай Есіркепұлы өзі басшылық ететін өн­діріс ошағы туралы толыққанды мағ­лұмат берді. Оның айтуынша, қызметкерлердің 60 пайыздан астамы жаңақорғандықтар екен. Аудан әкімі осы көрсеткішті бұдан да ұлғайтуды, әсіресе, байкенжеліктердің үлесін кө­бейту керектігін ұсынды. Екі сағаттан астам кездесуде көп мәселе талқыланды. Алдымен Билібай ауылының тұрғыны Қосым Жалғас сөз алды.

– Шыны керек, іргемізден өндірілетін уранның зиянды әсерінен көптеген ауыл тұрғыны науқас болды. Соның бірі өзімнің балам, ол мүгедек болып қалды. Ауыл әкімі арқылы «Қызылқұм» ЖШС басшысына науқас баламды емдетуге қаржы сұрап, бірнеше рет хат жолдадық, жауап болмады. Бізден талап, ең болмаса жарымжан балаларды емдетуге неге қаржы бөлмейсіздер? Уақытында емдетсек оңалып кете ме деп үміттенеміз, бірақ сөздерден еш қайыр болмай тұр, – деп көпбалалы әке жан айқайын жеткізді.

– Біздің серкітестік тек уран өндірумен ғана айналысады, ал, қаржылық мә­селені біздің құрылтайшыларымыз «Қаз­атомөнеркәсіп» ҰАҚ» АҚ, жапондық «Марубене» және ресейлік «Ураниум» мекемесі бірлесіп шешеді. Біз тек солардың рұқсатымен жұмыс жасаймыз және солардың бөлген қаржысын ғана жұмсай аламыз. Сондықтан мұндай мәселелерге байланысты аудан бас­шысы құрылтайшыларға арнайы хат жазып, ұсыныспен шыққаны дұрыс, – деді А.Өмірбеков.
Жиналыс барысында уран өндірудің зардабынан ауыр науқастанған туыс­тарының еміне қаржылай көмек беруді сұрап тағы бірнеше ауыл тұрғыны келді. Екінші топтағы мүгедек Құлмаханов анасының 12 жыл «Қызылқұм» ЖШС-дегі ең зиянды цехта техникалық қызметкер болып жұмыс істеп, ауыр науқастанғанын жеткізді. Қаржылай көмек сұраған жасқа мекеме атынан емес, қызметкерлердің қалтасынан аз­дап қол ұшын беруге басшылық уәде берді. Әлеуметтік маман Айсұлу Қалдыбаева болса нақты дәлелмен сөз саптады. «Айтайын дегенім ауылда жылдан жылға мүгедектердің саны көбейіп келеді. Оның себебін біліп отырсыздар, 240 үй тұратын шағын ауылда қазір 43 жарымжа жан бар. Оның 15-і ауыр науқас болса, бесеуі үйден көмек көрсетілетін, өздігінен жүріп-тұра алмайды. Айта берсек мәселе көп» – деп қысқа қайырды ол.
– Жоғарыда айтқанымдай, бізге мұндай мақсаттарға жұмсауға құрыл­тайшылар қаржы бермейді. Өңірдің әлеуметтік мұқтажына деп бір жылға қаралған 6,5 млн теңге қаржы бар. Басшылыққа айтып, мүмкін осы қар­жының көлемін ұлғайтуға тырысамыз. Бірақ нақты айта алмаймын, – деді «Қызылқұм» ЖШС-нің бас директоры.
Ауыл тұрғыны Бауыржан Есенбаев бұрғылау агрегатттарынан шыққан шы­ламдар мен құбыр жарылып, далаға төгілген қышқыл арнайы орынға апа­рылмай, ашық-шашық далада жат­қанын көзбен көріп жүргенінен бастады.
Сондай шұңқырларда ауылдың қан­шама малы өліп, оған өтемақы ала алмағанын айтты. «Қызылқұм» ЖШС бас директоры жұмыстардың біраз бөлі­гін мердігер мекемелер атқаратынын алға тартып, олқылықтарды зерттеп, тексеріп, бір шара қолданатынын айтты. Мүмкін болса өтемақы төлеу мәселесін де қарастыратынын сөз етті.
Ауыл азаматы Дәурен Сейдеметов жұмысқа орналасу жолын нақты сұрады.
– Біздер жұмысқа тек конкурс арқылы ғана қабылдаймыз. Конкурс үш деңгейден тұрады. Бірінші өз қызметкерлеріміз арасында, одан кейін бүкіл «Казатомпром» ҰАК бойынша, онда да ешкім түспесе, онда жалпы конкурсқа шығарамыз. Конкурстың талаптары болады, соған сәйкес келу керек, жұмысты білу міндетті. Тесттен сүрінбей өтіңіз, сонда жұмысқа қабылданасыз, – деді бас директор.
Ауыл тұрғыны Дархан Әуешов: «Байкен-U» мен «Қызылқұмның» қыз­метіне 15 жылдан асты. Уран өндіру үшін біздің ауылдық округтің 6 мың гектар жайылымдық, шабындық жерін мәжбүрлеп алып, әлеуметтік мәселені толық шешіп беруге уағдаласқан болатын. Бірақ уәде орындалмады, сіздердің салықтарңызды естіп есең­гіреп қалдық. Жылына миллиардтап салық төлейсіздер, бірақ соның там­шыдай табысы ауылдың келбетіне жаратылмайды. Өндіріс болған дұрыс, бірақ жер мен елге деген махаббат бірінші тұруы тиіс. Барлық мәселені бір мезетте шешіп беріңдер демейміз, тек кезең-кезеңімен шешуге болады ғой» – деп талабын нақты қойды.
Байкенжеліктер мәселе шешілмесе құрылтайшылармен кездесейік деп ұсыныс айтты. Жергілікті қоғамдастық төрағасы Сматулла Бекназаров та 2006 жылы уран өндірісі басталған кезде «Казатомпромның» басшыларының ке­лі­сім-шартының барына сенімді. Тек оның көзі жойылып кетті деп ренжулі. Ақсақал екі ұсынысын ортаға салды. Бірінші, алаш қозғалысының көрнекті қайраткері Серқұл Алдабергенұлына қойылған ескерткіш айналасына абат­тандыруға қаржы бөлсе дейді. Екін­ші, 11 шақырым жерде, Қорасан ата кесенесінің жанында ауылдың зираты бар, бірақ оған жету ақырет деп арызданды. Зиратқа баратын жол «Байкен-U»-дың шартты негіздегі аймағына кіріп кеткен. Сондықтан, зиратқа жету өте қиын мәселе екені қағазға таңба боп басылды.
Жиын соңын ардагерлер кеңесінің төрағасы Берік Серкінбайұлы:
– Жиында айтылған мәселенің бәрі орынды. Бірақ, осы екі уран кеніші ашылғалы бері көп адам жұмыспен қамтылып, ауыл тұрғындарының жағ­дайы жақсарып қалғанын да ескерің­дер. Азды-көпті ауылға көмек берілуде. Тұрмыс тіктеліп, еңсеміз көтеріле бастады. Барды да бағалаған жөн, сон­дықтан барлық мәселені келісіп жаса­ған дұрыс. Келісіп пішкен тон келте болмас айналайындар, – деп басқосуды түйіндеді.
Аудан әкімі көтерілген мәселенің бәрі назарға алынатынын, екі мекеменің басшылары арқылы құрылтайшыларға хат жолданып, ұсыныстар жеткізілетінін айтты. Біз де қалғанын уақыт еншісіне қалдырайық...

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
12 ақпан 2022 ж. 539 0