№35 (8746) 4

04 мамыр 2024 ж.

№34 (8745) 30

30 сәуір 2024 ж.

№33 (8744) 27

27 сәуір 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 
» » Ақсұңқар аттанды аппақ мекеніне

Ақсұңқар аттанды аппақ мекеніне


Ақиқат әуелі өзіңді танудан басталады. Балапан кеудеге қонған өлең-құстың қанатын өртке шалдырмай, қолына қару алып қан сасыған майдан даласында жүргенде де жүректе әлдилеп, қалт еткенде қаламға жүгінуші еді. Бұл өзі не, талант па? Құр елеске емексіген ертек қиял, ессіз ермек пе? Титтейінен өзіне қатал талап қойып әдеттенген Әбдіжәмилдің соғыс бітіп әскерден босасымен осы аққанат арманын ақ қағазға әдемілеп орап, жүрек тұсына жылытып отырып туған ошақтан бұрын сөз Тәңірісі санайтын сүйікті жазушысы Сәбит Мұқановтың алдынан өтуге белді бекем буғандағы мақсаты да осы еді. Сөз пайғамбарының тамырды ұстап тап басатын білгір тәуіптей «ия» не «жоқ» деген жалғыз ауыз пікірі жас талаптың алғы үмітінің үкімін шығаруы тиіс. Өз жазғанына өз кеудесі пісіп, әбі-тәбі күй кешкен көзсіз талаптың келешегіне адаспас жөн сілтер жалғыз жол осы.


Мехнат шегіп, межелі жеріне жетіп алған соң Жазушылар үйін тауып, Сәбит Мұқановтың есігінің алдына келді. Сұр шинелді жауынгер жігіттің арзуын ықылас қоя тыңдады да, қолына бір жапырақ қағазды ұстатты.
– Ғабиден Мұстафин деген ағаңды білесің ғой, – деді.
– Иә, иә, – деді бұл, – «Шығанақ Берсиевтің» авторы.
– Дұрыс. Сол ағаңа барып мына сәлемімді жеткіз.
Сұрай-сұрай ол кісінің үйін тауып, Сәбеңнің қағазын ұсынды. Жазушы мұның он екі беттік оқушы дәптеріне маржандай тізілген жазуына үңілді. «Бұл не? Әңгіме ме?»
– Роман, – деді бұл өзі айдай сенген арманына жанары жалтылдап.
Жігіттің жүзіне барлай бір қарап алып асықпай оқып шыққан жазушы ағасы орнынан көтерілді.
– Жүр, Сәбеңе барамыз. Барғандағы айтқаны жалғыз ауыз сөз «Бала жаза алады». Бас қолбасшыдан әмір күткен әскердей қалшиып қатып қалған бозымның келешек бүкіл тағдырына таяныш болған дуалы ауыздан шыққан осы бір ауыз сөзді сансыз періште жарыса жеті қанат көкке іліп ала жөнелгендей Аралдың алақандай ауылы – Үшкөлдің ақсұңқарын желеп-жебеп жүріп ақыры адамзат әлеміне самғатып әкетті.

***
Әбдіжәлил Кәрімұлы 1924 жылы 22 қазанда Қызылорда облысы, Арал ауданының Құланды ауылдық кеңесіне қарасты Ұшкөл деген жерде туған. Анадан жастай жетім қалды. Ал әкесі 1944 жылы Батыс Украина майданында жан тапсырды. Әкесімен бірге туған екі бауыры және үш немере ағалары Сталинград шайқасында көз жұмды. Ал өзі Курляндия жерінде қан кешті. Соғыстан кейін жазған «Курляндия» романы сол отты күндердің күнделігі.
Тұтас бір халықты әдебиеттегі тұлғаларды тану арқылы біліп, бағалап жатамыз.
Әбдіжәмил Нүрпейістің «Ымырт» романы («Қан мен тердің» алғашқы кітабы) әлем халқының тағдырына тән ақиқатты қарапайым тілмен айшықтап, жүрекке жеткізе білген сұмдық қуатымен Арал тақсыретіне әлемнің жүрегін жылатты. Өйткені ел мен жердің шекарасы бөлек болса да ондағы өмір сүріп жатқан адамдардың жаратылысы, жазмышы, тағдыры, тәуекелі бір, жалпақ жерді аяғымен тең басып тіршілік етіп жатқаны қандай рас болса, жалғыз күнде жалт берер жалған дүниенің опасыздығына қарсы қылар қайратының жоқтығы да сондай ақиқат. Осы ақиқатты айқайламай-ақ, ақыл айтпай-ақ, қарапайым жан иесінің қанындағы құмырсқа тірлікке құдырет дарыта білген құпияның сәулесін танып, саналарға бірдей жеткізе алған талант иесін кім дейміз? Сөздің зергері дейміз бе, көреген дейміз бе, данышпан дейміз бе, әйтеуір адам болмысынан биік тұрған Тәңірдің артық жаратқан туындысы екенінде дау жоқ.

***
Қазақ әдебиетінің классигі жайлы қаламдас достары не дейді?
...Көп жылдан бері Нұрпейісовтің кітабын оқимын, оның талантына, сапалы прозасына ғашықпын, көбіміз одан үйрендік, мол әңгіме-дүкен құрдық, онымен әр кездескен сайын өз әлемімде оны жаңадан ашамын. Адам ретінде, сұхбаттас ретінде ол – әрқашан тереңдігімен, сабырлығымен, даналығымен ерекшеленеді. Ол өз шығармашылығында да осындай. Бай әрі құнарлы қазақ тілі, мықты һәм шынайы бейнелер, жан толғандыратын қоңыр мұңды дала поэзиясы, күрделі психологизм мен шиеленіскен драмалық оқиғалар – мұның бәрі Нұрпейісов романдарында қорытылып, халық өмірінің шебер суреттерімен, автордың үлкен адамгершілігі мен азаматтық ұстанымымен астасып көрініс табады.
Шыңғыс Айтматов (Қырғызстан)
«Меніңше ол қазақ топырағына көшірілген орыс классикалық роман дәстүрін жалғастырушы. Белгілі бір дәрежеде мен Нұрпейісовты Лев Толстоймен салыстырар едім.
Лили Дени (Франция)
«Трилогия классикалық орыс прозасының дәстүрінде жазылған. Эпикалық құрамы, терең суреткерлік, көркемдік шеберлік еріксіз «Тынық Донды» еске түсіреді. Осы ретте Нұрпейісовты қазақ әдебиетінің «Шолоховы» деуге болады.
Аугуст Видал (Испания)
Біз, мына батыс оқырмандары, нағыз қазақ қаламгерлері ретінде Мұхтар Әуезов пен Әбді-Жәмил Нұрпейісовты білеміз. Әуезов жайлы айтқанбыз, енді Нұрпейісовті атап өткім келеді. Ия, Қазақстан мақтана беруіне болады. Өз халқының қасіреті мен ұлылығын паш еткен нағыз жауһар шедеврлер бере білген жазушыларымен мақтана беруіне болады. Осының бәрі бір ұрпақ маңдайына жазылыпты.
Жорж Буион (Бельгия)
Алғашқы нұсқасы осыдан жарты ғасыр бұрын жарық көрген «Қан мен тер» туындысы несімен өзекті, өміршең? «Мен оқиға қуған жоқпын. Халықтың өмірін, ұлттың ерекшелігін көрсетуге тырыстым» дейді автордың өзі.
Жазушы тұлғаны сомдауда суреттеп әлек болмайды, әр кейіпкерді өз ойымен, өз сөзімен беру арқылы қаһарман жан-дүниесін бекемдейді. Пенде мінез-құлқының сан қырын аша отырып, замана қарама-қайшылығын танытуға келгенде тереңнен тұлғаланған характерлердің бәрі бір-бір бас кейіпкер сынды, бәрінің де өзіндік оқшау орны кейіптелген. Адамдық табиғатымен қатар ажар-кескіні де көрініс беріп, бір қимас танысыңдай көңіл түкпіріне ұмытылмастай орнығып, есіңнен шықпай қалатынын қайтерсің? Әрбірінің тағдырына жүрегің езіле, жаның ашып, бірге қуанып, бірге мұңайтатын, туындының ақырына жеткенше байыз таптырмас әсерлі баяндаулар ше? Ес-ақылыңды қапысыз жаулап, бір желінің бойымен жетелей түсер тілінің көркемдігі ол өз алдына тың әсер, тұнық нәрге бай.
Романдағы сүйіспеншілік сезімге адалдық мәселесі өз алдына бір әлем. Оның бәрін бір мақалада жеткізіп түгесу мүмкін бе? Ең абзалы , бұл кітапты оқу керек. Әсіресе мынадай, заманымыз әлем-жәлем жаңғырып, жан-дүниеміз жұтаңданып бара жатқан уақытта қайта оқуымыз керек.
Балықшы ауылының сыртында бұлаңдап бой көрсеткен әлем қасіреті бәрімізге ортақ. Әлемдік экологиялық апат – адамзаттың ортақ мәселесі.
«Қан мен тердің» алғашқы нұс­қасы 1965 жылы Юрий Казаковтың аудармасымен үш басылымда – «Дружба народов», «Молодая гвардия» және үш млн төрт жүз алпыс бес мың тиражбан тарайтын «Роман – газетада» қатар жарияланды. Ал 1974 жылы жазушы КСРО Мемлекеттік сыйлығын алды. Бұл атақ қазақ өнерінде үш-ақ кісіге – Мұхтар Әуезов, Жұбан Молдағалиев және Әбдіжәміл Нұрпейісовке бұйырды.
Осыдан екі жыл бұрын ғұлама сөз зергерінің 95 жасқа толуына орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халық жазушысы Әбдіжәмил Нұрпейісовты қабылдап, «Қазақстанның Еңбек Ері» атағының «Алтын жұлдыз» айрықша ерекшелік белгісін табыстаған болатын.

***
Осы жылдың 5 ақпанында адамзат тағдырының жыршысы, әдебиеттің патриархы атанған абыз аға, Қазақстанның халық жазушысы, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Әбдіжәміл Нұрпейісов 98 жасқа қараған шағында дүниеден озды. Тұтас бір дәуірдің куәсі артында тұтас ұрпақтың ғұмырына жетер қымбат мұралары қалды. Оның есімі біздің жүрегімізде мәңгі тірі.

Баян ҮСЕЙІНОВА
08 ақпан 2022 ж. 192 0