Білгір дәрігер
Бүгінгі таңда медицинада нақты диагноз қоюда небір диагностикалық құрылғылар, жаңа технологиялар бар. Соның ішінде ультрадыбыстық зерттеу, яғни УЗИ арқылы диагноз қою мен емдеу процесі кеңінен тараған. Әрі емдеу жолын көрсетуде маңызды рөл атқарады. Міне, осындай аппараттың қыр-сырын меңгерген шиелілік дәрігер Алмат Күздеубаевтың шарапатын жаңақорғандықтар да сезініп отыр.
Кез келген өркениетті елдегі аса маңызды саланың бірі медицина саласы екені даусыз. Себебі мемлекеттің басты байлығы саналатын адам денсаулығы толыққанды ел екеніміздің басты көрсеткіші. Демек, «Гиппократ» антын қабылдап, ісіне адалдықпен қараған Алматтың ең басты мақсаты дертіне дауа іздей келген жанға УЗИ арқылы нақты диагноз қою. Ал оны анықтауда дәрігерлік тәжірибеге бай болу керектігін жақсы түсінеді.
Алмат Орманбекұлы көршілес аудан Шиелі ауданының тумасы. Осында оқып, осында өскен бозбала алысқа жетелеген арман жетегіне еріп, 1997 жылы Қарағанды Мемлекеттік Медициналық Академиясына «Емдеу ісі факультетіне» оқуға түседі. Жеті жылдық білімнен кейін де тәжірибе жинақтау мақсатында Алматы және Нұр-Сұлтан қаласында одан әрі білімін жетілдіреді. Осылайша 2004 жылы алғашқы еңбек жолын Шиелі аудандық ауруханасында УЗИ дәрігері болып бастайды. Білікті кадр ретінде көзге түскен Алмат 2015-2018 жыл аралығында Шиелі аудандық ауруханасының емханасында бөлім меңгерушісі қызметін атқарады.Алға қойған арман-тілегіне қол жеткізу мақсатында 2018 жылдан бастап жеке УЗИ кабинетін ашады. Әуелі шиеліліктерге қызмет көрсетсе, 2019 жылдың көктемінде Жаңақорғанда бөлімшесін ашады. Осы күні Алматтың кәсіби міндетіне аудан халқы дән риза. Солардың бірі кент тұрғыны Серік Қалдыбаев өз пікірін былайша білдірді.
– Ауданда осындай жеке қызмет түрінің дамығанын көріп, қуанып отырмын. Әсіресе медицина саласына қатысы бар орталықтар көптеп ашылса деймін. Өзім жылда УЗИ-ге түсіп, денсаулығымды реттеп, емдеу шараларын жүргізіп отырамын. Алдын үлкен қалаларға жол жүріп, сабылатын едік. Қазір екі жыл болды сағатпен жазылып, кезегім жақындаған уақытта келемін. Ұзын-сонар кезекте тұрмайсың. Ал аудандық емханаға мұндай тексерістен өту былай тұрсын, жай анализ сараптамаларын тапсыруда уақыт жағынан ұтыламыз, – деп талап-тілегін жеткізді.
Расында тұрғындар, әсіресе жүкті келіншектер тап осы УЗИ, МРТ аппаратына түсуде Қызылорда, Түркістан, Шымкент, арысы Алматы қаласына жол тартады. Неге? Әлде бізде өз саласын жетік меңгерген маман жоқ па? Тағысын тағы түрлі сұрақтар мазалайтыны жасырын емес. Алмат Орманбекұлымен арнайы сұқбаттасуға барғанымда қабылдауға кіруге кезегін күтіп отырған жандардың жанайқайы да осы болды. Көбісі жүкті келіншектер. Олардың айтқаны бала ішке біткеніне 5 ай толғанда аудандық емхана дәрігерлері Шиеліге «Карина» орталығына немесе Түркістан қаласына УЗИ-ге түсуге жібереді. Амал жоқ қарыздансақ та болашақ сәбиіміз үшін барамыз. Аудандық емхана немесе аурухананың соңғы үлгідегі УЗИ аппаратын алуына не кедергі? деп базынасын білдірді әйелдер қауымы. Осы тұста келушілерге біздің ауданда да тура осы екі қызмет түрі бір ай алдын жұмыс бастағанын жеткіздім.
Иә көптің алғысына бөленген Орманбекұлы Алматтың есімі жаңақорғандықтар арасында жақсы таныс. Олай болуының себебі, алдында тұрған жаңа үлгідегі құрылғы арқылы әрбір пациентке нақты диагноз қойып, дертін анықтап, дұрыс және қарапайым жеткізуінде.Ол мұндай нәтижеге жан-жақты ізденіс пен тәжірибе жинақтаудың арқасында жеткенін жасырмады. 2014 жылы алғаш рет Барнаул қаласындағы Алтай медициналық институтында, Новосібірде, одан әрі Мәскеу қаласында, Ленинград, Санкт-Петербург, Челябинскте білімін жетілдіріп, 2012 жылы Қытайдың Үрімші қаласында 6 айлық курстан өтеді. Жақында тағы да Мәскеуде «Буын ауруларына ультрадыбыстық зерттеу» тақырыбында үлкен семинар сабағына қатысып, мол тәжірибе жинақтап қайтты. Енді осы сала аясында егде кісілердің иық, шынтақ, тізе, буын ауруларын, жамбас, тобық буындарын УЗИ арқылы тексеріп, көптеген ауру түрлерін анықтауда жұмыс жасайтын болады. Осы уақытқа дейін Алмат басқарып отырған УЗИ кабинеті бауыр бүйрек іш құрылыстарын, әйелдердің гинекологиялық жүктілік, жүрек қағысы мен аяқ-қолдың тамырларын тексерсе, енді бұл қатарға буын ауруларын ультрадыбыстық зерттеу қызметі қосылды. Екі филиалда да дәл осы қызмет түрі көрсетілуде.
–Адамға өмір бір-ақ рет беріледі. Алланың аманаты етіп берген деніміздің саулығын одан әрі қалыпты жағдайда ұстау өз қолымызда. Одан кейін дәрігерлер жауапты. Біздің жылы сөзіміздің өзі кейде науқастарға ем болып жатады. Алдыма келген әр жанның нақты диагнозын қоюда білім мен тәжірибеге сүйенемін. Нәтижесінде белгілі болған сырқат сырын барынша байыпты жұмсақ жеткіземіз. Онсызда уайымдап тұрған адамды күрделі сырқат жайы одан сайын жүнжітіп жіберуі мүмкін. Сондықтан оқудан, түрлі курстардан жиған тәжірибемнің осы тұста пайдасы тиіп жатады, – деп жұмыс барысымен бөлісті дәрігер.
– Түске дейін Шиелі, түстен кейін Жаңақорған тұрғындарына қызметін ұсынып, өз ісінің маманы болған кейіпкеріміз жаңақорғандықтардың жиі өзін арнайы іздеп келетінін айтады. Осындай кезде мәртебең өсіп, ел арасында беделімнің асқақ болғанын ұққандай боламын. Мұның бәрі мамандығыма адалдықпен қарағанымның нәтижесі, – деп аздап сырымен бөлісті. «Ал болашақ арманыңыз қандай»? деген сауалымызға екі ауданның ортасын жалғайтын, үлкен диагностикалық орталық ашу деп қысқа қайырды дәрігер. Біз де тілектестігімізді білдіріп, қызметіне табыс тіледік.
Лаура БИБАСАРОВА