Блок бекеттердегі бір күн
Елде төтенше жағдай жарияланған күннен бастап өңірлерде блок бекттер қойыла бастады. Облыс, аудандарға кіріп-шығатын көліктер тексеріліп, бақылау күшейді. Жаңақорған ауданы аумағында 4 блок пост қойылып, полиция қызметкерлері күні-түні тәртіпті күзетуде. Сырдария, Жайылма, Алтыкрант пен Шалқиядан кент ішіне кіре беріс жолдар жабылды. Құқық қорғау қызметкерлерінің қатаң режимдік талабымен танысып, бір күндік жұмыс тәртібін бақылап қайттық.
Таңғы сағат 9.00. Сыр беткейге бет алдық, жол бастаушы полиция капитаны Ермуханбет Әбдраманов. Алдымен осы блок посттың тыныс-тіршілігімен танысуды мақсат тұттық. Тәртіп сақшыларының қызметін сырттан бақылап тұрдық. Аудан орталығы мен ауылдарға ағылған көлік. Барлығы күйбең тіршіліктің қам-қарекетімен жүр. Әсіресе, азық-түлік тасыған темір тұлпарлар мен такси жүргізушілері көп. Көбіне аудан орталығына жүйіткіген көліктерді тексеруді бақыладық. Аудандық полиция бөлімінің учаскелік инспекторы Марат Исмаилов бөтен нөмірлі көлікті тоқтатып, тұлпарды толық тексеріп шықты. Күдікті зат табылмады, іштей шүкір дедік.
– Біз ауысыммен 12 сағаттық режимде күзетудеміз. Таңғы сағат 9.00-ден кешкі 21.00-ге дейін 3 қызметкер күзетте, екінші ауысым кешкісін қабылдап алады. Екі тексеруші және бір қызметкер автоматчик, яғни қарумен кез келген жағдайға дайын тұр. Негізгі мақсатымыз кентке кірген және шыққан күдікті көліктерді тексеріп тұру. Көліктің құжаты мен жүргізушінің төлқұжатын сұрап, жүк салғышты да арнайы тексереміз. Ең басты міндет ел тыныштығын қору, қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету, – деді аудандық полиция бөлімі, ювеналды полиция тобының инспекторы Бақытжан Нұрмышов.
Иә, тәулік бойы табанынан тік тұрып, тәртіпті күзеткен полиция қызметкерлер міндетіне мін түсірмеуі тиіс. Тұрғындарға қойылатын талап, төтенше жағдай режимін бұзбай, қызметкерлерге кедергі келтірмеуіміз керек. Әсіресе, коменданттық сағат тәртібін бұзсаңыз жазадан құтыла алмайсыз. Яғни, түнгі сағат 23.00-ден таңғы 7.00 аралығында көшеде бей-берекет жаяу болсын, көлікпен болсын жүрмеуге тырысқан абзал. Әйтпесе, ҚР Қылмыстық Кодексінің 476 бабының, 1-тармақ, 10-тармақшасы бойынша айыпталасыз да, ескерту аласыз. Екінші жағдайда, көлігіңізбен қоса өзіңіз 15 тәулікке дейін қамаққа алынасыз. Үшінші тәртіптік шара айыппұл арқалатады, 5АЕК көлемінде шығын өтейсіз.
Тағы айта кететіні, азық-түлік дүкендері кешкі сағат 18.00-де қызметін тоқтатады, сол секілді, тойхана, мейрамхана мен кафелердің жұмысына шектеу бар. Базар мен супермаркеттерде спирттік ішімдіктер сатылуына қатаң тыйым салынған.
Соңғы дерек бойынша, ауданда төтенше жағдай режимін бұзған қаншама тұрғын ұсталып, қамауға алынды. Олар түнгі мезгілде көше кезіп, тәртіпке бағынбағандар. Мұндай тәртіпсіздік жиі орын алуда. Адам болған соң әр түрлі жағдай орын алады. Аса қажеттілік туындаған себепті жағдайларға түсіністікпен қарауға болар, тек жүгенсіздікке жол жоқ. Әсіресе жастар жағы осы қағиданы қатаңдау сақтаса құп болар еді.
Бекеттен өткен тұрғындармен де тілдесуге тырыстық. Ел тілеуі аманшылық болса дейді.
– Қымбатшылық бүйірден қысқаны рас, бірақ барлығын бейбіт жолмен, нақты талаппен жеткізіп, оңтайлы шешуге болады. Бірақ, лаңкестердің кесірінен қаншама қандастарымыздан айырылып қалғанымыз өте өкінішті. Блок бекеттерін қойғаны да жөн, өйткені өзге өңірлерден қашқан бұзақылар ауданға да баса көктеп кіруі әбден мүмкін. Қалай десек те, бірлікте болғанымыз абзал, ел аман, жұрт тыныш болсын, лайым, – деді кент тұрғыны Базарбай ақсақал.
Сонымен түскі 13.00. Біз түске дейінгі сапарымызды аяқтап, қайтуға қамдандық. Кешкі мезгілдің рейд жұмысын алдағы уақыттың еншісіне қалдырдық. Айта кететіні, бейбіт шеру деп басталған митинг соңында Сыр елі біраз зардап шекті. Ғимараттар жарамсызданып, көліктер өртенді, қаншама жас ажал құшты. Барлығы айналып келгенде бүліктен басталды. Ендігі мақсат бейбіт күнге оралу қайта басбұзарлыққа жол жоқ.
Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ