» » Ауданда карантин режимі қатаңдады

Ауданда карантин режимі қатаңдады

  "Жаңақорған тынысы" Ауданда карантин режимі қатаңдады. Әсіресе Жаңақорған кентіне кіріп-шығуға шектеу қойылды. Тек аудан әкімі Сұлтан Мақашовтың рұқсатымен азық-түлік тасымалдаушылары мен шаруа қожалықтың жұмысына байланысты келуге рұқсат. Тәртіп қатайды. Енді талапты орындау міндет. Бірақ тұрғындардың барлығы бірдей бұған бас ие бермейді. Сондықтан блок бекеттегі жұмысты бақылау үшін жолға шықтық. Алдымен Сыр беткейдегі ауылдармен жалғайтын бекетке бардық.
Таңғы сағат 9.00-де дария көпіріне аяңдадық. Сыр беткейдегі ағайын көпірден кентке қарай ағыла бастады. Бекетке келіп, «тез кіріп, шығайын» немесе «азық-түлік аламын да шығамын» деген сылтау сөздерді көп естідік. Бұл сыпайы түрі. Жастардың арасында сес көрсетіп, былапыт сөз­дерді айтқанын естідік. Құқық қор­ғау қызметкерлеріне қоғамдық-тәртіпті қамтамасыз етіп, блок-пост­тан автокөлік пен қарапайым тұрғындардың өтуін қадағалау жүктелген.
Бекеттегі полиция қызметкері Арыстан Төлешов құжаттарды тексеріп, дұрыс-бұрыстығын анықтаса, облыстық ішкі істер департаментінен келген Руслан Әлжанов автокөліктерді тиісті тәртіппен өткізу үшін пост алдында бақылауда тұр. Блок-посттан кентке немесе ауылдарға өту үшін ең алдымен жүргізушілер аудандық әкімдіктен тиісті рұқсат алуы керек. Рұқсат берілсе, аудандық әкімдіктегі жедел әрекет ету штабы көліктің мемлекеттік нөмірін немесе жүргізушінің жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) полиция қызметкерлеріне берілген арнайы планшетке енгізеді. Аталған екі нөмірдің біреуі планшеттегі базадан табылса, онда автокөлік еш қиындықсыз кент аумағына кіріп-шыға алады. Жоқ болса, кері қайтады.
– Қазір кент ішінде төрт бекет қойылды. Тәртіп күннен күнге күшейіп келеді. Оған басты себеп – індеттің белең алуы. Барлық постта полиция қызметкерлері сақадай сай. Әрине тәртіпке бағынбаушылық та болады. Түсіністік танытқандар тәртіпке бағы­нады. Ал бағынбағандарға жаза кү­тіп тұр. Жаңақорған кентіне кіретін блок бекеттерден айналып өткен төрт азаматтың ісі сотқа жолданды. Қазір айыппұл түнгі мезгілде бей-берекет жүр­ген азаматтарға салынуда. Мұның бәрі тұрғындардың денсаулығы үшін, – деді аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Айбол Жолдасбаев.
Айта кететіні, блок-посттарда поли­ция қызметкерлері мен ішкі әскер сарбаздары кезекшілікке 12 сағат сайын түседі. Медицина қызметкерлері де ауысым бойынша жұмыс жасайды. Оларды әр постыға үш қызметкерден бөлген екен.
Сыр беткейдегі 11 елді мекеннің халқы тым мазасыз. Мұны көзбен көрмесек сенбеуші едік. Біз ауылдардың атын атап, түсін түстеуді жөн санамадық, бірақ ренжулі полицейлер Түгіскен бергі ауылдардағы ағайында тыйым болмай тұрғанын айтты.
– Шыны керек, біздің тұрғындарды түсіну қиын. Әр күні әр ауылдың тұрғыны келіп наразылығын айтады. Әсіресе қожакенттіктерді ерекше атау керек. Тәртіп ортақ. Карантин кезінде жүрісті тоқтатқан абзал. Бұған олар құлақ асқысы келмейді. Ғайбат сөз айтып, сес көрсетеді. Біздің міндет ел тынышын қору, берілген тапсырманы орындау, – деді полиция бөлімшесінің ювеналды полиция тобының инспекторы Арыстан Төлешов.

ПОЛИЦЕЙЛЕРГЕ
ҚЫСЫМ КӨП
Блок бекетте болған айналасы бір-екі сағаттың ішінде бірнеше оқиғаға куә болдық. Тұрғындардың карантиндік режимде бей-берекет жүргені таңқалдырды. Олар постта тұрған кезекшілерді қорқытып-үркітіп, қалаған жеріне бармақшы. Оларға жақындай түсіп, «Жігіттер, қайда шықтық?» дегенімізде: «Балық аулап, демалып қайтуға. Амандық болса кешке дейін қайтамыз» деп ойын жеткізді. Полиция қызметкері посттан өтуге рұқсат берілмейтінін айтқаннан кейін, аға-көкесіне қоңырау шалды. Олда жүзеге аспады.
Содан кейін ғана кері қайтты. Бұдан да сорақысын көрдік. Көкесінің мансабына сенген еркетайлар полиция қызметкерінің жағасына жармасып, өктемдік еткісі келеді. Біздегі заңның бай-бағландарға ортақ еместігін көрсеткісі келді. Бірақ коронавирус бай-кедейді таңдамайды, талғамайды. Сақтанбағанның басын көрге апарады. Сондықтан сеніп жүрген көкең жерді тіреп тұрса да карантиндік режімге бағыну міндет.
Егер көлігінің мемлекеттік нөмірі полиция қызметкерінің қолындағы планшеттегі базадан табылмаса, жағадан алуға, қол көтеруге бейім тұрады. Осы жағдайды сырттан бақылап тұрып полиция қызметкерлерінің қызметі қауырт екенін түсіндім. Олар сабырлық сақтап, психологиялық тұрғыдан дайын екенін көрсетті. 12 сағат бойы тікесінен тік тұрып, қызметтік этиканы сақтайды. Біздің көріп, көңілге тоқығанымыз осы болды.
Ал медицина қызметкерлерінің жұмысы да оңай емес. Аудандық ауру­хананың фельдшер қызметкері Алтынбек Артықовтың міндеті посттан өткен әрбір тұрғынның дене қызуын өлшеп тұру. Мұндағы медбикелердің жұмысын сырттан бақылағанда ұққанымыз – оларға күн сайын қанша халық болса, сонша мінез бен пікірді көтеруге тура келеді.
Енді тұрғындар тарапынан, оның ішінде кәсіпкерлер, шаруа қожалық­тардың да реніші орынды. Тізім бойынша 11 ауылдан тіркелген 20 ғана кәсіпкер бар. Ал ірі-ірі қожалықтар рұқсат қағазды неге кешіктіреді деп сол жерде ренішін жеткізді.

ПАРТИЯ –
БАҚЫЛАУШЫ ОРГАН

Түс ауа «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жолынан кентке кіре беріс блок-постқа келдік. Бұл жолы «Nur Otan» партиясы аудандық филиал жанындағы партиялық бақылау комиссиясы бірге шықты. Комиссия төрағасы Серік Абдуллаев, «Nur Otan» партиясы аудандық филиал төрағасының бірінші орынбасары Мәжит Балқожаев, партия жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы кеңес төрағасы Сермахан Оразгелдиев және комиссия мүшесі Рамазан Ахмет бар. Олардың негізгі мақсаты мониторинг жүргізу.
Бекет қызметкерлеріне алғашқы сауалымыз тыныштық тәртібін кімдер бұзатынын білу еді.
– Пост тыныштала бастады. Бұған дейін тәртіпті көбірек бұзатын Шалқия тұрғындары болатын. Қолында құжаты болмаса да кентке кіруге пейілді. Оларға арнайы рұқсатпен кіруге болатынын түсіндірдік. Жалпы қызмет қиын емес, бірақ жауапкершілігі мол, – деді аудандық полиция бөлімінің табиғат қорғау тобының инспекторы Самат Сыздықов. Емхана қызметкері Ердаулет Ибраимовтың да айтар уәжі сол.
Мұнда Сырдария жақта қойылған блок-посттағыдай қарбаласты көрмедік. Бас партия жанындағы комиссия мүшелері жағдайды бақылағаннан кейін, уақыт оздырмай Шалқия кентіне бет алдық. Айта кетерлігі ауылдық округ посттарында ерікті ауыл жастары өз еркімен тартылған.
– Жігіттер, жағдайларың қалай? Түсініспеушілік немесе бір келеңсіз жағдайлар орын алып жатқан жоқ па? – деді Мәжит Байқожаұлы.
Одан кейін Ақүйік, Манап, Талап, Бесарық ауылдық округ посттарына барып, мән-жайды білдік. Соңғы аялдамамыз ауданға кіре беріс, Бесарық тұсындағы санитарлық блок-пост болды. Төрт бірдей полиция қызметкері, екі медицина маманы, бөлім басшылары мен қызметкерлері бекетте тік тұрып қызмет етуде. Бізді аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Орман Ахметов күтіп алып, жол бастады. Зулаған жүк көліктерінен құлақ тұнады. Өзбекстаннан азық-түлік тиелген жүк көліктері арғысы Германия бергісі Ресейге жөнелтілуде.
– Түркістан облысының бекетінен шыққан Өзбекстанның жүк тиілген көліктері тексерусіз өтеді. Тек дәрігерлер дене қызуын көреді. Ал Қызылорда облысының көліктері посттан өте алмайды. Біздің облыстың аумағына өзге облыстың көліктері өткізілмейді. Сол себепті тұрғындар ұзақ жолға жоспар құрмағаны жөн, – дейді кезекшілікке жауапты полиция қызметкерлері.
Алыстан бірден көзге түсетін ақ халаттылар қолында арнайы құрылғы – тепловизормен екі жақтан минут сайын, тіпті секуд сайын әр жолаушының дене қызуын өлшейді. Жарты сағатта жүзден аса көлік өтті. Күн көзі ұясына бата кері қайттық.

  P.S.: Бұл сапарда тұрғындардың қарекетін әшкерілеп, полиция және медицина қызметкерлерін мадақтауды мақсат тұтқан жоқпыз. Біз халықпен біргеміз. Бірақ карантин талаптарын қатаң сақтау керек. Ауданда күн өткен сайын инфекцияны жұқтырғандар саны артып келеді. Бұл – жай жүрісті тоқтату керектігіне көз жеткізе түстік. Осы ретте, қауіпті індетпен күресте алдыңғы шебінде жүрген бүгінгі күннің батырлары – полиция және медицина қызметкерлерінің жұмысына кедергі келтірмей, қайта қолдауымыз қажет.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
18 сәуір 2020 ж. 690 0