№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» Тәртіпке бағынбағандарға қандай жаза күтіп тұр?

Тәртіпке бағынбағандарға қандай жаза күтіп тұр?

Жаңақорған аумағында «COVID-19» індеті тез таралуына байланысты аудан карантинге жабылып, сақтық шаралары күшейтілді. Қызылорда облысының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің № 5 Қаулысы аясында аудан әкімінің арнайы өкіміне өзгерістер енгізілді. Төтенше жағдайдың алдын алу және жою жөніндегі өкімге байланысты 4 сәуірден бастап түнгі сағат 21.00-ден кейін көшеде жүруге тыйым салынды. Тәртіп күшейді, заңға бағынбағандар енді жазаланады. Сондықтан аудан әкімі Сұлтан Мақашов бастаған барлық мекеме басшылары мен құзырлы орган қызметкерлері күнде түнгі рейдке шығуда. Алғашқы күнгі рейдке біз де ілестік.

Шыны керек, соңғы екі аптаны еңсеру жаңақорғандықтар үшін ауыр бол­ды. Індетті 16 адам жұқтырды. Олар­мен байланыста болған тұрғын­дарды тексеру, карантинге жатқызу ісі қолға алынды. Азық-түлік қымбаттап, дәрі-дәрмектің қоры таусыла бастады. Енді қатаң режимге өтпесе қауіпті вирус ауданға тарай береді. Сондықтан Жаңақорған кентіне келетін 4 көшеге блок-пост қойылып, кіріп, шығуға шектелді. Қалаға және елді мекендерге қатынайтын қоғамдық көліктің барлық түрі және такси қызметі тоқтап, тұр­ғындардың ретсіз жүруіне шектеу қойылды.
Сонымен, сағат 21.00. Кентті тіліп өтетін темір жолдың астынан өтетін «тесік көпірдің» қос бетінде бақылау қойылды. Полиция қызметкерлері қырағы. Жергілікті полиция бастығы Ербол Әлімбеков пен полиция бөлі­мі бастығының орынбасары Айбол Жолдасбеков қарамағындағы қызмет­керлерге бақылауды күшейтуге пәр­мен берді. Бірақ алғашқы күні көп жүргізушіге кешіріммен қарады. Алайда араларында айыппұл жазылып, көліктері тұраққа қамалғандары да болды. Кейбірі естімедік деп ақталса, екіншісі «қазір қоңырау шаламын» деп сес көрсеткеніне не тәйірі?! Осындай қысылтаяң шақта көкесін түгілдеп жүргеніне қайраң қалдық. Өтініш жасап, шындығын айтқандарға кеңшілік жасалды. Ал құжат көрсетпей, көкірегін кергендердің көлігі тұраққа қамалды. Арасында халық қалаулылары да болды.
Рейд барысында жақыны аудандық ауруханада ауыр халде жатқанын айтып, өтініш білдірген кент тұрғынына рұқсат берілді. Бұл дұрыс шешім, халықты да кінәлай берген дұрыс емес. Мұндай жағдайда ауруханадан рұқсат қағазы керек, сонда кедергі болмайды. Ал жаңадан өзгертілген аудан әкімінің өкімінде қандай шара қарастырылған.
Барлық санитарлық дезинфекциялық талаптарын қатаң сақтай отырып, тек қана азық-түлік сататын дүкендер мен дәріханалар кешкі 20.00-ге дейін жұмыс жасау уақыты белгіленді. Казпочта және Халық банкі жұмысын 09.00 дан бастап, 17.00 болып жұмыс режиміне өзгеріс енгізілді. Тек жанар-жағар май құю бекеттері тиісті дезинфенкциялық талаптарына сай тәулік бойы жұмыс жасайды. Ал тәртіпке бағынбағандарға қандай жаза күтіп тұр?
– Төтенше жағдайға байланысты енгі­зілген шектеу шараларын бұзғандарға қатысты әкімшілік іс қозғалады. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 476-бабы (төтенше жағдай режимін бұзу) бойынша 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады немесе 15 тәулікке қамаққа алынады. Көлікпен жүргендер ғана емес, жаяу жүруге де тыйым салынады. Сондықтан мүмкіндігінше түнгі уақытта беймезгіл көшеге шығуды тыю керек. Тұрғындар түсініп, тәртіпке бағынуда, әсіресе жастарға ие болғанымыз жөн, қарт адамдар үйде оқшаулану режимін сақтаған жөн, – деді аудандық полиция бөлімінің бастығы Ғани Тұрсекеев.
Жаңақорған кентінде эпидемио­логиялық ахуалды хабарлайтын төрт дыбыс ұлғайтқыш бар. Сол арқылы тұрғындарға ұдайы ақпараттар жеткізілуде. Әлеуметтік желі арқылы да шұғыл ақпараттар таратылуда. Сонда да тәртіпке бағынғысы келмейтіндер жоқ емес. Бұл – ақиқат.
Түнгі сағат 23.00. Екі сағат ішінде полиция қызметкерлерімен бірге көше-көше аралап, дүкендерді бақылап, көлік жүрсе тоқтатып, түсіндірме жүргізіп отырдық. Әсіресе көпір алдында тәртіп сақшылары темірдей тәртіп орнатты. Карантин біткенше осындай бақылау болады. Көше тынышталып, көп үйдің жарығы сөнген уақытта біз де тарқадық.
Түйіндей айтқанда, әкімдік қыз­меткерлері мен тәртіп сақшылары тәртіп бұзғандарға кешіріммен қара­ғандықтан біз де суретке түсіруді жөн санамадық. Ал мақала жазудағы мақсатымыз, елді үркітіп-қорқыту емес. Тек тәртіпке бағынып, аз ғана уақыт сабыр етіп, бұл індеттен құтылудың қамын жасауға шақыру. Ең абзалы үйде болып, отбасының ортасында сапалы уақыт өткізуге мән берейік.


Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
---
07 сәуір 2020 ж. 737 0