Есімі – Елбасы
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі кім-кімге де қымбат. Сондықтан ел арасында ұлы тұлғаның болмысына еліктеп, дүние есігін ашқан сәбилеріне «Елбасы» есімін берушілер саны көп. Солардың бірі – Сәрсенбековтер отбасында өмірге келген бесінші сәби.
Елбасы 2010 жылы 25 қаңтарда дүниеге келді. Отбасы мүшелері жаңа туған шақалақтарына ат таңдап, бір тоқтамға келе алмаған соң, соңында отағасы Дүйсенбі мырза: «Үйге қонақ болып бірінші табалдырықты аттаған адам нәрестеміздің есімін қояды» деген екен. Алғаш болып үйге енген жаңа туған нәрестенің нағашы әжесі екен. Балалары қолқалап қоймаған соң ырымдап, елге еңбегі сіңер азамат болсын деп немересіне «Елбасы» есімін еншілетіпті.
Елбасы кенттегі №125 С.Сапарбеков атындағы мектептің 6 сынып оқушысы. Мінезі өте салмақты көрінеді. Бос уақытында түрлі тәжірибе жасап, өздігімен қиялына ерік беріп, қызықты дүниелер жасағанды жаны сүйеді.
Анасы Эльмира Сейдахметқызымен әңгімелескенімізде:
– Ұлымның мінезі тұйық. Бірақ, қайсар рухты, өжет мінезді. Болашақ мамандығы туралы да қиялдап қояды. Бірде кәсіпкер боламын десе, бірде аспаз боламын деген арманы бар. Болашақта кім боламын десе де ата-анасы ретінде тек қолдау көрсетіп, көмек беруге әзірміз, – деп ағынан ақтарылды.
Ұрпағына ерекше есім беру дәстүрдің озығына айналып тұр. Көбі ұл-қызына қайраткер тұлғалардың атын беріп, баласының сондай азамат болғанын қалайды. Ал біздің елімізде ерен тұлға, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының есімін беру үрдіске айналған. Бүгінде тұңғыш Президентпен аттас 100-ге жуық «Нұрсұлтан Назарбаев» болса, 25 мыңнан аса «Нұрсұлтандар» бар екен. Ал «Елбасы» атауы сирек кездеседі.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары мәртебелі бір жиында «Елбасы» ұғымын заңғар жазушы Әбіш Кекілбаев атап, Нұрсұлтан Әбішұлы мен Елбасы егіз ұғымға айналып кеткен-ді. Міне, осы қасиеті ерек тіркесті жаңақорғандық жасөспірім арқалап жүр. Біз өзіміздің Елбасыға биік белестерді бағындырып, ел қадірлейтін азамат бол дегіміз келеді.
Рауза ӘЗІЛХАН