№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Біздің Нұрсұлтандар

Біздің Нұрсұлтандар


1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күні қарсаңында аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтардың хал актілерін тіркеу бөліміне бардық. Ондағы мақсат – Жаңақорған ауданы бойынша Нұрсұлтан есімді түлектерді анықтау. Атына заты сай ма?


Бүгінде Нұрсұлтан есімін жаңа туған сәбиге қою трендке айналды. Ондағысы елдің тұт­қасын ұстайтын перзент бол­сын ниеттен туатыны анық. Қазақтың Нұрсұлтаны өтпелі кезеңде тарихи жауапкершілікті мойнына алып, саяси шешімдер қабылдап, елді өркениет көшіне қосты. Бүгінгі Қазақстанның же­ңісі мен жетістігіне ерік-жі­гері, күш-қайраты, қабілет-қары­мы жұмсалды. Қайраткер тұл­ға­ның тағылымды жолы біздің жастарға жұғысты бол­сын...
Сонымен, бізде қанша Нұр­сұл­тан бар? Статистика коми­тетінің ақпаратына сәйкес, Қа­зақс­­танда Елбасының 18099 аттасы бар. Оның 1625-сі Нұр-Сұлтанда тұрады. Белгілі бол­ғандай, 2020 жылы – 23, 2019 жылы – 41, 2018 жылы – 67, 2017 жылы – 104, 2016 жылы – 136, 2015 жылы – 205 сәбиге Нұрсұлтан есімі берілген-ді. Бір қызығы, Елбасының есі­мі қыздарға да берілген. Респу­бликамызда бес Нұрсұлтан және екі Нұрсұлтана есімді қыз бар. Ал жеке куәлігінде Нұрсұлтан Назарбаев болып жазылған 56 адам тұрады екен.
Ал, біздің ауданымызда қан­ша Нұрсұлтан бар? Елбасы есі­мімен аттас азаматтар жайлы тиісті бөлімнің бас маманы Гүлнар Абдуллаевадан сұрадық. Біз оның көмегімен шаң бас­қан мұрағаттарды парақтап, біршама мәлімет алдық. Тәуел­сіздік алғаннан бастап, бүгінгі таңға дейін Жаңақорған ауда­нында 221 Нұрсұлтан есімді ұл бала дүние есігін ашқан. Олардың ішінде, кәмелетке жа­сы толған мектеп жасындағы оқу­шылар да және мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндер де бар. Мәселен, 1991 жылы дүниеге келген жеті нәресте Нұрсұлтан атанса, 2018 жылы – 3 нәрестеге, 2019 жылы – 1, 2020 жылы – 2 сәбиге Тұңғыш Президенттің есімі қойылды.
Тәуелсіздік алған 1991 жылы туған балаларға ата-ана­лары жаппай Нұрсұлтан есімін қойғаны есімізде. Адам есімі оның тағдырына әсер етеді деген сөз бар. Сол себепті де ата-ана баласына есімі елге белгілі тұлғалардың атын бе­реді. Байқағанымыздай, біз­дің ауданымызда Нұрсұлтан атын иеленген азаматтар аз емес. Солардың бірі – Нұрсұлтан Әшір­баев 1993 жылы 11 нау­рызда дүниеге келді. Оның есімін әкесі қойыпты. Сөйтіп Нұрсұлтан Әбішұлына хат жолдап, баласының атын ырым­дап қойғанын жазады. Арада көп уақыт өтпей, Елбасы өзінің кітабын жіберіпті. Осы кітапты ырымдап биікке қойып, сақтап келеді.
– Өзім Астана қаласында жұмыс жасаймын. Міне бес жылдан бері Президент күні тойланып келеді. Өзімді өте бақытты жанмын деп есептеймін. Елбасының есімі бұйырды, ар­найы қолы қойылған кітабы да келді. Бұл маған үлкен күш береді. Адамның есімі оның тағдырына әсер етеді деген сөз бекер емес. Осы уақытқа дейін басымды төмен қарататын жағ­дайлар болмапты. Қай жер­ге барсамда жолым болып, айым оңынан туып жатады. Бұл тегін емес деп есептеймін», – дей­ді Нұрсұлтан Айдарханұлы.
«Жақсы сөз – жарым ырыс» деген аталы сөз бар. Адамның есімі де дәл солай. Жақсы есім оның болашағына үлкен бағдар іспетті. Содан болар ата-бабаларымыз балаларына қол бастаған батырдың, сөз бас­таған шешеннің есімін берген. Міне, тұңғыш Президенттің есі­мін қойып, баласының бола­шағынан үлкен үміт күтіп отыр­ғандар баршылық. Олай болса, жақсылықтың жаршысы Нұр­сұлтандар көбейе берсін.

Әсел РЗАЕВА
02 желтоқсан 2020 ж. 355 0