№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Елбасымен аттас, тәуелсіздікпен құрдас

Елбасымен аттас, тәуелсіздікпен құрдас



Елбасының Қазақстанның қалыптасып, дамуындағы ерен еңбегін жаһан жұрты мойындайды, әрі «Әлем көшбасшысы» ретінде құрметтейді. Бұл ретте, қазақстандық жастар елдің мерейін өсіріп, даңқын асырған Нұрсұлтан Назарбаевтың тұлғасына еліктеп, бой түзеп келеді. Осындай мұратты жастың қатарында Нұрсұлтан Наурызбайұлы да бар.
Жас болса да жауапты жұмысты мойнына алған біздің Нұрсұлтан «Хоум кредит банкі» АҚ-ның аудандық бөлімшесінде аға менеджер. Алдына келген жасына да, жасымысына да сауатты әрі сапалы қызмет көрсететін жас қаржыгердің бойына сан қырлы қасиет тоғысқандай.
– Елбасы қазақстандықтардың әл-аухатының көтеріліп, озық отыз мемлекетке ену жолында көш бастап жүр. Сондықтан, кемеңгер тұлғаның елге жасаған ерен еңбегі де, есімі де ұлықтауға әбден лайықты. Осы орайда, Нұрсұлтан деген есімге лайықты болу үшін мен де халыққа пайдалы қызмет етуді өзіме міндет санаймын, – дейді жаңақорғандық жас.
Нұрсұлтан Битасовпен әңгімелескен бірнеше сағатта оның кішіпейіл, қарапайым, алдына қойған мақсат-мұраты айқын азамат екенін аңғардық. Тәуелсіздіктің ақ таңымен бірге туылған жалынды жастың бойынан асқақ рухты байқадық.
Иә, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жақында ғана ұлттық рухты көтеріп, тарихи сананы тереңдететін «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын жариялады. «Мәңгілік Елді» баянды ететін стратегиялық құжатты жастар қауымы да қызу қолдады.
Тәуелсіздікпен түйедей құрдас Нұрсұлтан да мақаланың ауқымы мен маңызын өзінше қорытыпты:
– Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында ұлттық құндылығымызды дәріптеп, өткенімізді қайта жаңғыртуды қолға алды. Өйткені, өз тарихымызды әлем өркениеті тұрғысынан зерделеп, әлемге таныту маңызды екені анық. Осы орайда, қазақ халқының тарихи түп-тамыры тереңде жатқаны тағы бір дәлелденіп, ұлы далада әлі сыры ашылмаған, талай құнды дүниесін құм астында бүккен Сығанақ, Өзгент секілді көне қалалар зерттелетін болады деп ойлаймын, – дейді ол.
Расында, қазақ – ырымшыл халық. Жақсыға жанасуға пейілді. Ту ұстап, еліне қорған болған, ұлтының арқа сүйер азаматына айналған жандарды үлгі етеді. Оларды ұлықтап, ардақтап қана қоймай, ұрпағына есімін берген. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз де осы үрдіспен Нұрсұлтан атанған.
– Есімімді әкемнің Мұхтар деген інісі қойған. Ол дүниеге жаңа азамат келді деп қуанып, Тұңғыш Президент секілді ел тұтқасын ұстайтын, халықтың ұлы болсын деген ниетпен атаған. Жалпы, тәуелсіздікпен құрдас болғандықтан да маған осы есім бұйырған шығар деп ойлаймын. Елбасымен аттас болған әрине жақсы. Бастысы – осы есімді абыроймен арқалап жүру маңызды, – дейді кейіпкеріміз ағынан жарыла.
Нұрсұлтанның сөзінің жаны бар. Өйткені, адам баласы шыр етіп жарық дүние есігін ашқаннан кейін, қандай болса да өзіне азан шақырылып берілген есімін абыроймен көтере білуі маңызды-ақ. Себебі, кім болсаң да адам болып қалуың міндетті.
Хош. Нұрсұлтан Қызылордадағы «Жас өркен» колледжінен техник-құрылысшы мамандығын алады. Алғашқы еңбек жолын аудандық құрылыс бөлімінен бастайды. Одан әрі халыққа қызмет көрсету орталығында электронды құжат дайындаумен айналысады. Қайнаған жұмыс орнында ысылған ол, халыққа қызмет көрсетудің әдебін меңгеріп, кейіннен «Хоум кредит банкі» АҚ-ның аудандық филиалына кеңесші болып жұмысқа орналасады.
«Жігітке жеті өнер де аз», – демекші, Нұрсұлтанның бір бойында бірнеше өнер тоғысқан. Ол қолы қалт еткенде қасиетті қара домбыраның құлағында ойнап, күмбірлете күй шертеді. Арасында ақ қағаз бен көк қаламға сыр шертіп, шимайлайтыны тағы бар. Сонымен қатар, спорттан да құр алақан емес. Бос уақытында үстел тенисін ойнап, алаңда доп теуіп, салауатты өмір салтын ұстанып, футбол ойнайды.
Міне, біз сөз еткен Елбасымен аттас асқақ рухты жастың ерік-жігері ізінен ерген іні-қарындастарына үлгі.

Айсұлу АЛДАНАЗАР.
30 қараша 2018 ж. 1 016 0