№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Кісі еңбегімен қадірлі

Кісі еңбегімен қадірлі



«Алтын сапа», «Үздік инновациялық жоба» номинациясын иеленген Жаңақорғандағы күкірт қышқыл зауыты үздік жобаның бірі. Облыс аймағынының өркендеуіне елеулі үлес қосып келе жатқан өндіріс орнының үздіктер қатарынан көрінуінде зауыт мамандарының да үлесі зор. Осы орайда өндіріс тіршілігінің бір тетігі саналар ішкі қызмет қаухары қажырлы мамандарға тәуелді. Зауыт қарамағындағы әрбір құрал жабдыққа жауапты қойма меңгерушісі Кенжебай Тұрысбеков бүгінгі басты кейіпкеріміз.


Кенжебай ағаның осы саланың тізгінін ұстағанына тура 36 жыл. «Даңққа жеткізетін жол еңбекпен салынады» дегендей, өрге жетелеген еңбек асу­ларын табандылықпен бағындыра біл­ген кейіпкеріміздің жұмыс барысында жеткен жетістігі мен жүріп өткен жолы көпке үлгі. Адал қызмет етсем деген ниетпен осы саланың басы-қасында жүрген білікті кадрдың басты мақсаты да өз саласын жетік меңгеріп, өзінен кейінгі жас мамандарға білгенін үйрету.
Кенжебай Тұрысбеков Шиелі ауданы, Байгеқұм ауылында дүниеге келіп, осында №251 мектепті тәмамдайды. Одан әрі Қызылорда қаласындағы политехникумға оқуға түсіп, оны техник-құрылысшы мамандығы бойынша біті­ріп шығады. Алғашқы еңбек жолын РУ-6 кенішінде бастаған жас маман бел жазбай еңбек етіп, ұжымның мақтанышына айналды. Тәжірибе жи­нақ­тау мақсатында 2014 жылы күкірт қыш­қылын өндіретін зауытқа жұмысқа ауысады. Бүгінде зауыт игілігі үшін барын салып жүрген тәжірибелі маманға басшылар да дән риза.
– Өндірісте әрбір маманның өз ор­ны бар. Оларға тиесілі әрбір құрал-сайманның тілін білудің жөні тіптен бөлек. Оны пайдалану мен нұсқаулық бойынша жұмыс жасалу жолдарын қыз­меткерлерге мұқият түсіндіру – Кен­жебай Алпысбайұлының міндеті. Әсіресе қоймаға келіп түскен жаңа техниканың тілін ұғып, ісін шеберлікпен атқаратын өз ісінің маманы атанған әріптесіміз зауыт жұмысының биік жауапкершілігін естен шығарған емес. Жас кадрларға жиған-терген тәжірибесін үйретіп, ба­ғыт-бағдар беріп, қамқорлық танытып отырады. Байсалды мінезі мен жұмыс­тағы табандылығының арқасында өз ортасына сыйлы, ұжымда зор құрметке ие білікті маманымызбен біздер мақ­танамыз, – деп өз пікірін білдірді Күкірт қышқыл зауытының Бас директоры Ернұр Қожамбердиев.
Расында өз жұмысымен қоса за­манауи техниканың тілін, оның бағ­дарламаларын игеріп, жұмыс тиім­ділігі мен сапасын арттыруда ізденіп жұмыс жасайтын Кенжебай Алпыс­байұлының жеткен жетістігі де аз емес екен. Оны кейіпкеріміз еселі еңбектің, төккен тер­дің жемісі деп санайды.
– Қандай істі болмасын уақытын­да орын­дап, қарамағыма берілген бүкіл құрал-жабдықтың ақаусыз жұмыс істеуін мұқият қадағалаудан жалыққан емеспін. Міне, сондықтан қоймада тұрған әр заттың орны ойымда сайрап тұрады десем артық айтқаным емес, – дейді білікті маман.
Өз жүрек қалауымен таңдаған мамандығына еш өкінбейтінін жеткізген Кенжебай аға осы салада жүріп өмір­лік жарымен танысқанын да айтып қалды. Ұлы мен екі қызы да ата-ана жолын қуыпты. Ұлы Мұхтар инженер-геофизик, ал қызы Айдана геолог болып осы күні «Волковгеология» кенішінде жұмыс атқарады. Балаларына қамқор, жұмысына адал еңбек адамының бойынан қанағатшылдық қана емес, өздері еңбек ететін саланың келешегіне деген кемел сенімді көріп, өмірдің мәні жүрегің қалаған мамандықта деген тәмсілді терең түсінгендейміз.

Лаура БИБАСАРОВА

20 қазан 2021 ж. 311 0