№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Пациенттердің 90 пайызының көру қабілеті қалыпқа келеді

Пациенттердің 90 пайызының көру қабілеті қалыпқа келеді


Көз – адам ағзасының маңызды бөлігі. Ақпараттың 90 пайызын біз соның көмегімен аламыз. Халық даналығындағы «көздің қарашығындай сақтау» деген тіркес бекерден бекер айтылмайды. Осы орайда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бастамасымен қазан айының екінші бейсенбісі Дүниежүзілік көру күні болып белгіленген.
Маңызды мүшені қалай қорғаймыз? Көру қабілетінің ақауы бар адамдар тегін диагностикадан өтіп, емдету үшін қайда жүгіне алады? Осы және өзге де сұрақтарға Қызылорда қаласындағы «Dariya Med» медицина орталығының офтальмолог дәрігері Ақжарқын Ақбар жауап берді.
- Ақжарқын Шәріпқызы, қызылордалықтар арасында көз ауруының қандай түрлері жиі кездеседі? Көру қабілетінде ақауы бар адамдар санында арту көрсеткіші байқала ма?
- Иә, көру мүмкіндігі төмендеген тұрғындар саны әжептәуір арта түскенін аңғарамыз. Әсіресе, глаукома, катаракта аурулары көптеп кездеседі. Жастар арасында алыстан нашар көру кең тарап отыр. Одан бөлек, пациенттердің «құрғақ көз» синдромына шалдығуы жиіледі. Бұл көз жасы қабықшасына ылғал жетіспеушілігімен тікелей байланысты. Оның негізгі себептері – кондиционері бар бөлмеде ұзақ болу,  смартфон, компьютерді, сонымен қатар контактілік линзаны ұзақ пайдалану, тағы басқа.
Науқастар әдетте күйдіру, көздің қызару, жарыққа қарай алмау, қабақтың ауырсыну сезімдеріне шағымданады. Аталған патология диагностикалық тест нәтижесінде анықталады. Пациентке ылғалдандырушы тамшы сұйықтығын пайдалануға кеңес береміз.
- Тәжірибеде тағы қандай емдеу тәсілдері қолданылады?
- Орталықта көз торына лазерлі коагуляция, көз микроциркуляциясын жақсартудың лазерлі әдістері (антиглаукомалық), көздің алдыңғы бөлігі ылғалдылығының лазердисцизиясы, амбулаторлық оталар (птергиум, халазион, ксантелазманы жою) жасалады. Алыстан көрмейтін, қыли көзді пациенттерге спазмды алу, қан айналымын жақсарту және тағы басқа үшін консервативті емдеу жолдарын тағайындаймыз. Аталған медициналық қызмет түрлері күндізгі стационар шеңберінде қарастырылған.
Нәтиже жаман емес. Хирургиялық араласудың арқасында катаракта, глаукома бойынша ота жасатқан пациенттердің 90 пайызында көру қабілеті қалыпқа келеді. Бірақ қант диабеті, туабітті көз ақауы және өзге де қосымша созылмалы сырқаты бар адамдардың денсаулығының жақсарып кетуіне кепілдік бере алмаймыз.
-  Ғаламдық цифрлық даму дәуірінде көзді қалай сақтаймыз?
- Компьютер, смартфонды 20-30 сантиметр қашықтықта ұстауға кеңес береміз. Көз шаршағанда үзіліс жасап, арнайы жаттығуларды орындау қажет. Көзді ылғалдандырушы сұйықтық, дәрумен туралы да ұмытпауға тиіспіз.
Компьютерде бір сағат жұмыс істегеннен кейін екі сағатқа үзіліске шыққан дұрыс. Әрине, бұл талаптың қызметі ақпараттық технологиямен байланысты адамдар үшін қиын екенін білемін. Бірақ көз жаттығуларын орындауды күнделікті дағдыға айналдырса, құп болар еді.
Профилактика ретінде жылына бір мәрте офтальмологқа тексеріліп тұрған жөн. Алыстан көрмейтін, глаукомасы бар адамдар – үш айда бір рет. Қант диабетіне шалдыққан кісілерге жылына екі рет тексеруден өтуді ұсынамыз.
- Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі қолданысқа енген соң медициналық орталық офтальмологтарының қызметі қаншалықты қолжетімді бола түсті? Қалай тегін диагностика жасатып, емделуге болады?
- Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында бір ай көлемінде орта есеппен 80 пациентке катаракта және глаукома дерті бойынша операция жасалады. Күніне 10 адам тексеріледі. Біздің клиникада диагностикадан өтіп, емделу үшін аталған жүйеде сақтандырылған болуы тиіс. Осылайша учаскелік дәрігері тиісті жолдама береді.
Айта кетейік, жыл басынан бері медициналық орталықтың офтальмолог мамандарының көмегін міндетті әлеуметтік медициналық сақтанудыру қоры арқылы 2,5 мың адам пайдаланды. Олардың арасында аймақтың ғана емес, өзге өңірлердің де тұрғындары бар. Бүгінде адамдар үздік медициналық қызмет түрлерін өзі таңдай алады. Ал әр пациентпен бірге ақша жүретіні анық.
- Әңгімеңізге рахмет!
14 қазан 2021 ж. 368 0