№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ЖҰМЫСЫНА ЖАУАПТЫ ЖАЙНА

ЖҰМЫСЫНА ЖАУАПТЫ ЖАЙНА


Теріскеннің қара лайынан қасиет тауып, оның шипасын адамды сауықтыруға икемдеген «Жаңақорған Шипажайы» АҚ-ның жұмысына ғасыр толды. Атағы елге ғана емес, алысты-жақынды шет елдерге де белгілі сауықтыру орталығында емнің адам бойына дарытатын жолының бірі – сапалы тағамдары бар. Ас – адамның арқауы демекші, тағамның құнарлығы адам өмірі үшін маңызды екені айтпаса да түсінікті. Осыны ескерген шипажай қызметеркерлері асхана жұмысына ерекше көңіл аударып, ас мәзірін үлкен жауапкершілікпен жасаған. Ал, асхана жұмысының жүйелі жүріп, әр қызметтің сапалы орындалуын қадағалайтын №2 асхананың меңгерушісі Жайна Пазылованың еңбегі ескеруге лайық.
Соңғы үлгімен безендіріліп, кез-келген қонақты өзінің жылылығымен шақыратын асхананың қызметі қашанда оңай шаруа еместігі белгілі. Таңғы төрттен оянып, қызметтерін бастап кететін асхана жұмысшыларының еңбегі ерен. Еңбегіне қарай өнбегі дегендей, асханадан ас ішкен әр ем алушы тағамның құрамы мен сапасына көңілдері толатынын айтып, қызметшілерге алғысын жаудырады.
Ем алушы:
– Осыған дейін елдің түкпір-түпкіріндегі бірнеше шипажайларға бардым. Ақыры соңында осы шипажайға тоқталдым. Бұл менің 6-рет келуім. Ем-домы бір төбе, он саусағынан өнер тамған аспаздардың тағамдары бір төбе. Қызмет жоғары сапада көрсетіледі. Даяшылардың ұқыптылығы мен биязылығы кез-келген адамның ілтипатына бөленері анық, – дейді Айкүміс Сражадинова.
Иә, «Алғыс алған арымас», дегендей мұндай жылы сөздер есту Жайнаның күнделікті дағдысына айналған. Ең көбі бір күнде 600-ге жуық қонақ күтетін асхананың жұмысы бір сәтке де тоқтаған емес. Өйткені, қысы-жазы ем алушысы арылмайтын шипажай асханасы демалыссыз жұмыс жасайды.
– Бізде бір бас аспаз, төрт аспаз және екі көмекші аспаз бар. Олар жұмысын ерте таңнан бастап, ауысыммен жұмыс жасайды. Сонымен қатар тағы жиырмаға жуық асхана қызметкерлері бар. Күніне 3 мезгіл 3 түрлі бірінші тағам, 2 түрлі екінші тағам дайындалады. Сонымен қатар, түстен кейінгі ас беріледі. Аптаның жеті күнінде тағамдар қайталанбайды. Жалпы, ас мәзірінде 70-ке жуық ас түрі бар, – дейді Жайна Асқарқызы.
Жайна аудандағы №56 орта мектепті бітірген соң Қызылордадағы Қорқыт ата университетіне оқуға түседі. «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығын бітіріп, қосымша бухгалтер мамандығын да алады. Еңбек жолын 2013 жылы «Жаңақорған шипажайында» есепші болып бастап, 2017 жылы асхана меңгерушісі болып ауысады. Аталмыш мекемеде 5 жылдан аса қызмет атқарған жас маман әріптестері арасында өзгені сыйлай білетін, өзі де сыйлы жан.
– Негізінен асхана жұмысының жауапкершілік жүгі ауыр. Өйткені, асты уақытылы дайындап, тағамның құнарын бақылап отырамыз. Дегенмен, қазір қызметкерлердің жұмысы біршама азайған. Басшылық көкөністерді қабығынан тазартатын және оларды түрлі формада турайтын аппараттар алған. Соның арқасында аспаздардың жұмысы жеңілдеп қалды. Жұмыла кіріспесе іс бітпейтіні белгілі ғой, осы жерде бұрыннан қызмет жасап келе жатқан Гүлнар Теміржанова, Әлия Қожанова, Ақбота Құтжанова, Алмас Ибрагимов сынды қызметкелердің еңбегін атап өту орынды, – деді асхана меңгерушісі ағынан жарыла.
Жайнаның айтуынша, асханада арнайы диеталық тағамдар да дайындалады. Егер дәрігер ем алушыға диета белгілесе, диеталық мейірбике диеталық тағамдар тізімін жасап аспаздарға ұсынады. Сонымен қатар, емделушінің қалауына орай асты бір күн бұрын тапсырыспен де әзірлейді екен.
Иә, қызметте еңбекқор, білікті, талапшыл жас маман отбасында шаңырағының ұйытқысы. Жолдасы Дәулет Абдуллаев екеуі бір ұл, бір қызды тәрбиелеп отырған жас отау иелері.

Айсұлу АЛДАНАЗАР.
21 сәуір 2018 ж. 1 758 0