№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Кәсіподақ көмегін көріп жүрсіз бе?

Кәсіподақ көмегін көріп жүрсіз бе?


Қазіргі таңда кәсіподақты шипажайға, сауықтыру орнына жолдама беретін ұйым ретінде қабылдайтындардың қатары көп. Ал ақиқатында бүгінде замана талабына сай жаңғырған кәсіподақтардың жаңа жүйесі құрылып, жұмыс беруші мен жұмысшының өзара қатынастарына көзқарас жаңарды. Ұйым жұмысына енгізіліп жатқан жаңалық көп. Әуелі статистикалық мәліметтен бастасақ. Қазақстанның Кәсіподақтар Федерациясы республикадағы ең саны көп ұйым. Құрамында 18 салалық кәсіпқой одақтар біріккен, жалпы саны 2 миллионнан астам мүшесі бар. Ал «Қызылорда облысының кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінде 11 салалық кәсіподақта 1085 ұйым мен 96080 адам мүше. Оған қоса, өткен жылдан бастап денсаулық сақтау жүйесі мен шағын және орта бизнес жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы бірлестігінің филиалы құрылған. «Сенім» денсаулық сақтау жүйесі облыстық филиалына қарасты 40 бастауыш ұйымында 18 мыңнан аса мүшесі бар.


Осындай әлеуетті ұйымның аудандағы жұмысын білмекке салалық кәсіптік одақтардың атқарып жатқан жұмысын тақырыпқа арқау етпекпіз. Үлкен саланың бірі – білім болғандықтан Білім қызметкерлері кәсіподағы аудандық комитетінің төрағасы Елшібек Сатершиновтың есігін қақтық. Тілдесе отырып, көп мәліметке қанықтық. Бірден айта кету керек, бұл ұйымның атқарып жатқан жұмысы ауқымды.
– Кәсіподақ қызметінің негізгі жұмысы кәсіподақ мүшелерінің, еңбекшілердің құқығы мен мүдделерін қорғау. Жұмыс жағдайын жақсарту, өмір сүру деңгейін көтеру әрі әлеуметтік кепілдікті қамтамасыз ету болып табылады. Жалпы біздің кәсіподаққа аудан бойынша 5252 адам мүше. Оның ішінде, 42 мектеп, 28 балабақша, жалпы саны 78 мекеме бар. Оған қоса, 472 сала ардагерлері біздің қамқорлығымызда. Жыл басынан бері 30-жуық ардагер шипажайға емдеу орындарына жолдама арқылы дем алып келді, – дейді Елшібек Сатершинов.
Кәсіподақ төрағасының айтуынша, білім саласы қызметкерлері мен ардагерлеріне шипажайға 50 проценттік жеңілдік қарастырылған. Ынталы ұлағатты ұстаздар еліміздегі «Сарыағаш», «Манкент», «Меркі», «Жұмбақтас», «Алтын Қарғалы», «Жаңақорған» шипажайларына дем алуына мүмкіндігі бар. Міне осындай кәсіподақ қамқорлығын сезінген қосүйеңкелік ардагер ұстаз, ұзақ жылдар білім саласының дамуына өзіндік үлесін қосқан Аюп Ертасов бүгінде Түркістан облысындағы «Сарыағаш» шипажайында ем алуда екен. Телефон арқылы тілдесіп, көңіл күйін сұрадық.
– Біз Жаңақорғаннан екі ардагер келдік. Қасымда №56 мектептен Өмірбек Қожантаев есімді қария бар. Таза ауасы мен шипалы емі жанға жайлы екен. Бұлда болса, ұзақ жылғы еңбектің еленгені деп білеміз. Елеп, ескеріп, жолдама берген Білім қызметкерлері кәсіподағы аудандық комитетінің төрағасы Елшібек Сатершиновке алғысымыз зор. Кәсіподақ комитетінің жұмысына табыс тілеймін, – деді бізбен әңгімесінде Аюп Ертасов.
Әрине, аудандық кәсіподақтың бұдан өзге де атқарып жатқан жұмысы бір төбе. Мәселен, білім қызметкерлері балаларын жазғы тынықтыру һәм сауықтыру лагерьлеріне жіберу жөніндегі ісі ілкімді. Биылғы жылы жаңақорғандық 315 бала 50 пайыздық жеңілдікпен «Тау самалы», «Талдысу», «Қамбаш», «Таң нұры», «Ақ бастау», «Лесная сказка» лагерінде тынығып келді. Бұдан бөлек, әрбір мерекеде білім қызметкерлері мен сала ардагерлері марапат пен құрметтен кенде қалған емес. Жыл сайын кәсіподақ ұйымы 25 ардагерге аудандық «Жаңақорған тынысы» газетін жаздырып, төл басылымға деген оң көзқарасын білдіріп қояды.
– Біздің кәсіподаққа мүше және есебіміздегі зейнеткерлер, асыраушысы жоқ жалғызбасты кісілер, күн көрісі төмен көп балалы аналарға әлеуметтік қаржылай қолдау көрсетіп тұрамыз. Биыл осы санаттағы 102 кісіге 1110 000 теңге берілді. Мұғалімдер мен техникалық қызметкерлерге де ұжымдық еңбек шартына сәйкес құқықтарын қорғаймыз, – дейді Елшібек Сатершинов.
Айта берсек, Білім қызметкерлері кәсіподағы аудандық комитетінің атқарып жатқан жұмысы ауқымды. Мұғалімдер арасында «Наурыз шапағаты» өнер фестивалі, спорттық спартиакада, шығармашыл мұғалімдердің көрме байқауы сынды аудандық жобалары ұстаздар тарапынан қызу қолдау тапқан.
Хош. Мұндай игі істер денсаулық саласы кәсіподағы тарапынанда ұйымдастырылуда. Бұл туралы біз аудандық денсаулық сақтау саласы жұмыскерлерінің «SENIM» кәсіподағының төрағасы Сәкен Үсейіновтен білдік. Аудандық емхана басшылығымен қоса, кәсіподақ ұйымын қатар алып жүрген Сәкен Әлеудинұлы кәсіподақ құрамында 1400 мүшесі бар екенін жеткізді.
– Біздің негізгі мақсат – елдегі тұрақтылықты, азаматтық үйлесімділікті қамтамасыз ету болса, ал міндетіміз – жұмысшы құқығын қорғау, еңбек заңнамаларының сақталуына қоғамдық бақылау жасау, еңбек қауіпсіздігін, жұмысшылар арасындағы әлеуметтік кепілдікті қамтамасыз ету. Әрі кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік жағдайының да жанашырымыз. Сондай-ақ кәсіподақтың жеңілдігін пайдаланып, сала қызметкерлерінің 31 бала тынығу лагерьлерінде демалып қайтты. Оған қоса, 30 пайыздық жеңілдікпен сала қызметкерлері мен ардагерлері курортқа ем алуға барып, ризашылықтарын білдіріп жатады, – дейді Сәкен Үсейінов.
Бұдан бөлек, денсаулық саласы жұмыскерлерінің арасында түрлі спорттық шаралар, мемлекеттік мерекелерде марапаттау рәсімдері секілді арнайы даталарды атап өтетінін жеткізді. Сондай-ақ Сәкен Үсейінов өз сөзінде бүгінгі кәсіподақтар еңбек қатынастарын реттеуде және еңбеккерлер мен жұмыс берушілер арасында сындарлы диалог орнатуды маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Яғни ұжымдық шарттың маңыздылығына айрықша тоқталды.
Қорыта айтқанда, қазіргі таңда елдегі кәсіподақ ұйымдарына деген көзқарас та, пікір де өзгере бастаған. Өйткені белсенді ұйымның ынтымақтастық аясында атқарып жатқан жұмысы жемісті.

Әбдісамат ӘБДІШ
22 қазан 2019 ж. 836 0