Шапағаттың шәкірттерге шуағы
Ұстаздық жолын қазық етіп, оқушы көңіліне шуақ шашатын мұғалімдер арасына Шапағат Манабаеваны қосуға болады. Оның №209 Ә.Әбутәліпов атындағы мектептің оқушыларын білім нәрімен сусындатып келе жатқанына – 25 жыл.
«Ұстаз болу – өз уақытыңды аямау, өзгенің уақытын аялау» – деп француз ойшылы Жан Жак Руссо айтқандай, тер төккен аяулы ұстаздың бағындырған белесі де аз емес. 2014 жылы 15 желтоқсанда Ресейдің Таганрог қаласында өткен мұғалімдер арасындағы халықаралық байқауда бірінші орын иеленгенді.
Ал, мектепішілік іс-шараларда «Үздік жыл мұғалімі – 2014 », «Жыл мұғалімі – 2016 жыл» аталымына ие болды.
«Үздік ұстаз» төсбелгісімен марапатталды.
Енді ұстаздың өзін сөйлетіп көрсек
– Сізді үздік мұғалім ететін бірегей қасиетіңіз немесе әдісіңіз?
– Жаңаша форматтағы сабақтар өткізу арқылы оқушылардың сабаққа деген қызығушылықтарын одан әрі дами түсетініне көзім жетті. Үйрете отырып, үйренуге дағдылану, бағыт-бағдар беруде түрлі амал-тәсілдерді қолдана білетін деңгейге жету керек кез-келген мұғалім.
– Мұғалім мәртебесі туралы пікіріңіз...
– Қазақ қасиетінің қазығын қағатын киелі орын – мектеп. Дәстүріміздің діңгегін, мәдениетіміздің мәйегін маздатушы – мұғалім. Елдің елдігін, халықтың халықтығын бағамдайтын екі өлшем бар: біріншісі – ұстаз ұлағаты, екіншісі – шәкіртті шыңдау.
Осы тұрғыдан алғанда ұстаздың қоғамдағы мәртебесін айқындауға болады, әрі осы бағытта Президент қолдау шараларын атқаруда. Бүгінде мұғалім болуға ұмтылған жастар көбейді...
– Оқушылармен жұмыста нені баса назарда ұстайсыз?
– Абай айтқандай, шәкіртке текпен келген қасиет-қарымын тауып, соңы оятып, бәсекеге қабілетті етіп шыңдау керек. Көкейге түйгенімді шәкірттерімнің көңіліне қондырсам деймін.
– Соңыңыздан ерген жас мұғалімдерге айтар өнегеңіз.
– Егемен елдің киесі – ғажап, иесі – қазақ, адамы – алтын, қадамы – жарқын, мақсаты – айқын! Осы жолда жасы да жасымысы да аянып қалмауы тиіс.
– Сұхбатымыздың соңында, еңбек жолына қалай келгеніңізді еске түсірсек...
– Менің туған жерім – Сырдария ауданы, Киров ауылы. Әкеміз Мұқабай Манабаев пен анамыз Сәрсенкүл Төлегенова екеуі дүниеге он баланы бағып-қағып, өз қатарына қосты.
Анамыз ұстаз еді. Анамыздың ұстаздық жолын жалғауды бала кезімнен арман еттім. Біздің әулетті – мұғалімдер әулеті деп таниды.
Қызылорда қаласындағы дарынды балаларға арналған мектеп-гиназиясын тереңдетілген қазақ тілі мен әдебиеті сыныбы бойынша тәмамдап, білімімді одан әрі жетілдіру мақсатымен 1993-1997 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығын алдым.
№209 Ә.Әбутәліпов атындағы мектепте ұстаздық еткеніме 30 жылға жуықтап қалыпты.
– Ұстаз – елдің зиялысы. Оның көзқарасы кемел, ойы асқақ болуы тиіс. Осы тұрғыда газет-журнал мен кітаптардың қосымша құрал болатыны сөзсіз. Дегенмен ұстаздар арасында «оқу дәстүрі» кенжелеп қалды деген сөз бар. Осы сөз қаншалықты рас?
– Бір жақты кесіп айтуға болмайды. Үнемі ізденіп жүретін мұғалімдер өте көп.
Газет оқып, ондағы мақалаларды талдап, артықшылығын дәріптеп, кемшілігін сызып жүретін әріптестерім бар.
– Сұхбатыңызға рахмет.
Рауза ӘЗІЛХАН