Қыста қысылып қалмаудың қамы
Бүгін бәрі басқаша, ерекше салтанатқа келгендей кейіпте залға кіріп келеді. Қатаң тәртіп қатайтып, тыңғылықты дайындық, өз-өзіне сын көзбен қарау дағдыға енгені байқалады. Алғашқы кездегі жайбасарлық жоқ, жалаң қолмен келу тоқтады. Қалам-қағазын қамдап, киім мәдениетін келтіріп, мәжілістің маңыздылығын елеп, ыждаһатты ықылас олардың түр-жүзінен тебіндейді. Мұны «басшыға бағыну да – құрметтің бір белгісі» деп білдік. Ал, енді іске көшетін кез келді, баршасы президиумға бет бұрды.
Қыстың қатал мінезіне қам-қаракет жасаған ғана қиналмай төтеп береді. Осыны ескерген аудан әкімінің баяндамашыға бірнеше сауал қоюына тура келді. Себебі көлегейлеген көп цифрдың бетін айқара ашпаса түсініксіз жәйттер сөз күйінде қалқып тұрды.
Аудан көлеміндегі әлеуметтік-мәдени, білім және денсаулық сақтау нысандары қазіргі таңда қаншалықты көлемде қамтамасыз етіліп отыр? Қанша тонна көмір алу керек, қанша тоннасын алды деген есепті көре алмадым. Сіздің хабарламаңызда ондай сандар айтылған жоқ. Тек анықтама болды. Енді бір жарым айдан кейін жылу маусымы басталады, қазір қатты отынмен жылы¬тылатын әлеуметтік нысандардың қан¬шасының көмірі жеткізілді, қаншасы келісім шартқа отырды?
Содан кейін аудан көлеміндегі 144 әлеуметтік нысанның 84-і қысқы маусымға әзірлік паспортын алуға жатады дейсіз. Бірақ солардың ішінен бүгінгі таңға қаншасы алды, қаншасы алмаған? Алмаса себебі не? Қалған бір жарым ай уақытта олар алып үлгіре алады ма?
Баяндамашы тиісінше жауап қай¬ырды. Дегенмен істің ақсап қалатын жерін аудан әкімі білді. Ендігі жерде өзі қатаң бақылауға алмай жұмыс дәйекті жүрмейтінін ұғып отырды. Соған сай тиісті тапсырмаларды берді де. Атап айтқанда, Жаңақорған ауданының тұр¬ғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі (Қ.Сапарбаев), аудан¬аралық аурухана (Я.Шорабаев, келісім бойынша), аудандық білім бөлімі (Б.Ибрагимов, келісім бойынша) басшылары әлеуметтік нысандардағы күзгі-қысқы кезеңдегі жұмысқа әзір¬лік паспортын алуды ағымдағы жыл¬дың қыркүйек айының 30-на дейін толық аяқтауды, әлеуметтік-мәдени нысандарға қажетті қатты, сұйық және газ көлемімен қамтамасыз етуді 1 қазанға дейін 100 пайызға жеткізілуін қамтамасыз етуді, жылу беру маусымына дайындық жұмыстары мен отын қорымен қамтамасыз етілу барысы туралы жедел ақпаратты әр аптаның дүйсенбі күні аудан әкіміне жазбаша түрде ұсынуды тапсырды. Және тапсырманың орындалуын бақылауды аудан әкімінің орынбасары Е.Сұлтанбековке жүктеді.
Қаныбек АБДУОВ