Ерлік – жүректегі қайраттан
«Ешкім батыр болып тумайды. Батырлық та мінез секілді өскен орта, көрген тәрбиеге байланысты қалыптасады». Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының осы бір қанатты сөзі бүгінгі күннің батырларына қарата айтылғандай. Бейбіт өмірдің тыныштығын күзетіп жүрген төтенше жағдай бөлімінің қызметкерлері де сәт сайын өмір мен өлім арасындағы күреспен бетпе-бет келіп жүр десек қателеспейміз.
Жақында Өскен Мүбарак осындай оқиғаның үстінен түсіп, адам өмірін арашалап алып қалды.
Ол келешегін қорғаныс саласымен байланыстырып, 2013 жылы Көкшетау техникалык институтына оқуға түсіп, 2017 жылы лейтенант шенімен әскери жоғары мектепті бітіреді.
Сол жылы мамыр айынан бастап Жаңақорған ауданының №14 өрт сөндіру бөліміне қарауыл бастығы лауазымына тағайындалып, еңбек
жолын бастады.
Жұмыс жауапкершілгін сезінетін жас маман 2019 жылдың тамыз айынан бастап Жаңақорған ауданының Төтенше жағдайлар бөлімінің инженері лауазымына ауысты.
Оның адамдық, адалдық жолынан аттамауына отбасындағы тәрбиенің әсері мол. Әкесі Бахытқали Мырзакамалов ұзақ жылдар №167 мектептің директоры болса, анасы Палкүл Тулепбаева ұстаздық етті. Ұстаздар отбасында тәрбиеленген жетеуі де өз саласының майталман мамандары. Көп балалы отбасынан шыққан Өскен Бахытқалыұлы көпшіл, еңбекқор азамат. Жары Ақмарал Ғабитқызымен берекелі отау құрып, екі қыз, бір ұл тәрбиелеуде.
Жұмыс барысы шұғыл әрекет етуге құрылғандықтан кез-келген сәтте іс-әрекетке дайын тұратын сарбаз өз міндетін жақсы біледі. Қауіпті жағдайларда алғы шепте қызмет көрсететіндіктен физикалық әрі психологиялық дайындығын үнемі
жетілдіріп жүреді.
Жуырда жас келіншек пен екі жасар ұлды өлім аузынан арашалап қалды. Осындай хабарды естіп, құтқарушы маманды сөзге тарттық.
– Жұмыстан қайтқан сәт. Дүкеннен балаларға тәтті алып тұр едім. Ұялы телефонға танысым хабарласып, дарияда бір қыз суға батайын деп оқталып жатқанын айтты. Дереу шұғыл көлікке отырып, айтқан жерге келдім. Балық аулап отырған бір-екі адам көрінді. Оның арғы жағында бір қыздың қолында 2 жасар сәбиі телефонмен сөйлесіп жатты. Анасы-ау деп топшыладым. Өкпесін білдіріп, өмірден әбден қажығанын айтты. Оның маңында тұрған жас жігіттен мән-жайды сұрап едім, қыздың көршісі екенін жасырмады. Екеуі өзен жағасында ішімдік ішкен секілді. Бос бөтелкелер төңкеріліп жатты. Қыз болса, мастық пен іштегі ашу-ыза араласып, өлімге оқталды. Дария суын кешіп, ұзап барады. Дереу ұялы телефонды жағаға тастап, әскери киіммен суға жүгірдім. “Қарындас, бұлай етпеңіз. Бұл жерде суға түсуге болмайды” деген сөзімді құлағына ілер емес. Суға батып бара жатты. Жақындап барып, білек тұстан шап беріп, жағаға сүйредім. Кішкентай нәресте де суға тұншығыпты, оны сол қолға ұстап, анасымен бірге жағаға шықтым. Бағана ғана сөйлесіп тұрған жігіт те, жағада жүрген адамдар да ізім ғайым жоғалып кетті. Алғашқы құтқару жәрдемін жасап, өзн де баласын да аман алып қалдым, – деп болған оқиғаны баяндады.
Өмірден баз кешкен қыздың есін жинатып, аты-жөнін біліп, әңгімеге тартады. Жақында ажырасып, төркініне келген екен. Бірақ онда сыймай, күнде ұрыстан шаршаған-ды. Анасынан төлқұжатын алып беруді өтінеді. Жергілікті полицеймен бірге тұрғылықты мекен-жайға барғанында анасы мүлдем басқаша мәлімет айтады. Ақиқаты, қызға психологиялық көмек қажет екенін түсінеді. Немересі мен қызын аман-сау құтқарып қалған маманға анасы алғысын жаудырады
– Жасыратыны жоқ, қызым сын сағатты басынан кешуде. Көңілі құбылып, өзін жайсыз сезініп жүргені рас. Осындай қысылтаяң шақта қызым мен немереме екінші өмір сыйлаған Өскен Мүбаракке алғыс айтамын, – дейді қыздың анасы.
Жұмылдыру дайындығы, азаматтық қорғаныс және төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімінің инженері Өскен Мүбаракті бүгінгі күннің батырына теңеуге болады. Мұндай батырлық ісіне жауапкершілікпен қарайтын адамның ғана қолынан келетіні анық. Абайша түйіндесек, «Ерлік жасай білу – жүректегі қайраттан».
Мақпал МАРҚАБАЙ