Темірден түйін түйген
Осыдан 30 жыл бұрын жаңадан отау тіккен жас жұбайлар Асылхан мен Меруерттің алғашқы перзенті дүние есігін ашқан. Шекесі торсықтай ұл өмірге келіп, ұлан-асыр тойға ұласқан үлкен шаңырақтың алғашқы қуаныштары еді бұл. Сабыр ақсақал мен Күнімай ананың үлкендері өз алдына шаңырақ құрып, қолында қалған кенжесінен көрген немересінің қызығын көрмек.
Сол немере бүгінде орда бұзар отызға келіп, ата-ана үмітін ақтар ақылды ұл боп ер жеткен Сержан Асылханұлы бүкіл әулеттің ғана емес, ел-жұрттың да ризашылығына бөленіп жүр. «Жігітке жеті өнер де аз» дегендей, қолынан келмейтіні жоқ. Темірден түйін түйетін жігіттің нақ өзі. Көсеу, кетпен, күрек, арба сынды тұрмыстық бұйымдармен қатар балақандарға әткеншек жасап, үйдің, жақын жуықтың қажетін өтеп жүр. Одан қала берді тұрғын жайлардың жылу пешін орнатып, ескі көліктерді де қалпына келтірудің маманы.
Үлкендердің алдын кесе өтпей, кішіге қамқор бола білген Сержан қара шаңырақтың отын маздатып әке-анасына, бауырларына қамқор болып отыр. Келіншегі Айзат та көргенді жердің тәрбиелі қызы. Қара шаңырақтан үзілмейтін қонақты қабақ шытпай күтіп енесінен алған тағылымды тәрбиесін жалғастырып жүр. Біз ұста жігіттің әкесі Асылхан ағаны әңгімеге тартқанымызда:
– Өзінен кейін ұлағатты ұрпақ қалдыру қай қазақтың да арманы. Шүкір, Алланың қалауымен 3 ұл, 2 қыз өсірдік. Сержаннан кейінгі Бағжан ұлымызға еншісін бердік, қызым Арайлым да құтты орнына қонды. Ерсұлтан оқу ордасын бітірсе, Мереке мектеп қабырғасында оқиды. Ұл-қыздарымыздың тәрбиелі болып өсуіне анасы да көп еңбек етті. Біріне дауыс көтеріп сөйлемейді. Кішкентайынан жұмсадық. Сосын да болар, еңбеккеш, қол қусырып қарап отыруға жоқ, – деді әкесі.
Иә, «Әке көрген оқ жонар» дегендей, әке тағылымын, ана өнегесін алып өскен ұл-қыздары қашанда жақынға жанашыр болып жүр. Қайырымдылыққа да жаны құмар жігіттер «Жаңақорған жасампаз жастарының» қатарында жаңадан соғылған үйлерге жылу жүйесін орнатуды мойындарына алып, сауапты істердің басы-қасынан көрінуде. Біз Сержанның өзімен сөйлескенімізде:
Бұл жөнінде біздің кейіпкеріміз Сержан Асылханұлының өз айтары бар: «Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов «Балам дейтін ел болмаса, елім дейтін бала қайдан болмақ?» деп тегін айтпаған ғой. Қазіргі таңда елімізде жастарға берілген мүмкіндіктері жетерлік. Кәсіп бастауға арналған, білім-ғылымның шыңына шығуды көздегендерге негізделген мемлекеттік бағдарламалар көп-ақ. Өкінішке қарай, осы мүмкіндікті пайдалана алмай жүргендер бар. Меніңше, әр адам өзінің бағытын біліп, өзінен бастауы керек. Байқағанымыздай, еңбек етіп, болашағын жарқын қылуды армандайтын жастарға елімізде барлық жағдай жасалған, мүмкіндіктер де көп» дейді.
Ісіне адал, берекелі тірлігімен үлгілі болып отырған еңбекқор жастың келешектегі мақсаты бұдан да үлкен. Мемлекеттік қамқорлықтың кәсіпкерлікке бағыттаған қамқорлығын құптай отырып, өз құрдастарын да болашаққа нық сеніммен қарайтын өз еңбегі мен қажыр-қайратына сенгендер қатарынан көргісі келетінін айтады.
Біз де бейбітшіліктің бесігінде тербелген қасиетті Отанымызда алаңсыз ұрпақ өсіріп, шаңырақ шаттығына кенелген жастың әрбір қадамына сәттілік тілейміз.
Әйгерім МӘДИҚЫЗЫ