№102 (8813) 28

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Мобильді қосымшаның артықшылығын білесіз бе?

Мобильді қосымшаның артықшылығын білесіз бе?


Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған ұялы телефонның дәурені жүріп тұр. 
Осы бір құрылғы тек байланыс құралы емес, қажетті ақпараттардың көзі, сонымен қатар, кез келген банк қосымшасы арқылы шотыңызды толтырып немесе жіберіп, үйде отырып-ақ несие рәсімдеп, газ, су, жарық сынды әлеуметтік төлемдерді аудара аласыз. Тіпті, жаңадан құжат рәсімдеуде «е-gov» қосымшасы арқылы өтініш беруіңізге болады. Ең қызығы енді дүкен аралап аяғыңыздан тозбайсыз. Өзіңізге қажетті дүкеннің онлайн парақшасына кіріп, қажетті затты белгілеп, ақысын төлесеңіз, үйіңізге дейін әкеліп береді. Қандай ғажап, ә! Қазақстанда отырып, сонау Америка, Африкадан болсын кез-келген затты алдыруыңызға болады. Алайда бұлар сіздің телефоныңыздағы мүмкіндіктердің жартысы ғана. Олай болса, сіздің де кәдеңізге жарасын деген оймен телефондағы қосымшаларға көз жүгіртіп, бір саралап өтейікші...
Әуелі жан біткенге ауадай қажет денсаулық саласына қатысты «DamuMed» қосымшасын айтқанды жөн көріп отырмыз. Бәлкім, біріңіз білсеңіздер, енді біріңіз бейхабар болуыңыз мүмкін, бұл қосымшаның көмегімен дәрігер қабылдауына жазылып немесе үйіңізге шақырта аласыз. Тапсырған анализдердің нәтижесін емханаға бармай көріп, өзіңізге қажетті құжаттарды үйде отырып шығарып алуға болады. Атаулы қосымшаны әр тұрғын өз өңірін таңдап, «кіру» тетігі арқылы ұялы телефон нөмері мен ЖСН-ді тіркеп, смс-пен келетін құпия кодты тіркегеннен кейін «рұқсат ету» батырмасын басасыз. Бұдан кейін ЖСН-ді енгізу арқылы тұрғынның қай емханаға бекітілгені және емдеу дәрігерінің аты-жөні автоматты түрде шыға келеді. Одан ары көптеген мүмкіндіктерді көзіңіз шалады. Әлбетте, оны кәдеңізге жарату өз еркіңізде. Бұл жөнінде аудандық емхананың ұйымдастыру бөлімі кешенді медициналық ақпараттандыру жүйесінің жауапты маманы Бауыржан Мұхаффаровтан толыққанды сұрағанды жөн көрдік.
– Бүгінгі таңда аудандық емхана  толыққанды электронды денсаулық паспортына көшірілген. Цифрландыру өте ыңғайлы және оңтайлы жүйе деп есептеймін. Емханаға келушілер бұрынғыдай бума-бума қағаздарды арқалап, ұзын сонар кезекте сағаттап тұрмайды. Алдын ала бос уақыттардың біріне жазылып, сол уақытта дәрігерге келіп, ЖСН-нөмерін айту арқылы, орталық базадан бүкіл ақпаратты біліп, әп-сәтте ем жүргізуге оңтайлы шешім. Оған қоса, дәрігердің берген рецептілерімен, зертханалық зерттеулердің нәтижелерін, флюоргафиялық, скринингтік тексерулерден өтуге дейін көруіне болады, – білікті маман.
Сонымен қатар, бүгінде сұранысқа ие қосымшаның бірі мобильді банкинг жүйесі десек қателеспейміз. Атап айтсақ, «Халық банкі» өзінің халықаралық және жергілікті деңгейдегіпластикалық төлем карталарының иелеріне «мобильді банкинг» деп аталатын жаңа қызмет  түрін іске  асырды. Мысалы, карталық есепшотыңызға еңбекақыңыз түсті немесе оған ақша аударылды делік. Сіздің ұялы телефоныңызға сол сәтте-ақ ақша түскендігі туралы смс хабар келіп түседі. Яғни, әмияныңыздың электронды нұсқасы десек болатын сияқты. Сол секілді, сіз қандай да бір дүкеннен немесе сауда орталығынан карта көмегімен сауда жасасаңыз, 2-3 секундтың ішінде смс хабар келіп түседі. Онда сіздің қай жерде, қанша теңге көлемінде ақша жұмсағаныңыз туралы толық ақпарат жазылған. Яғни, өз есеп шотыңыздағы өзгерістер жайында сол сәтте бірден хабардар боласыз. Орталықтағы «Халық банк» бөлімшесінің алдында банкоматтан жалақысын алуға келген Мақсат Өмірбаев деген азамат «мобильді қосымшаны қолданасыз ба?» деген сауалымызға:
– Иә, ұялы телефоныма «Халық банктің» қосымшасын жүктеп алғанмын. Үйде теледидар қарап жатыр едім, ұялы телефоныма жалақы түскені туралы ақпарат келіп түсті. Содан кейін шотымдағы ақшаны шешіп алуға келіп тұрмын. Ең тиімдісі - уақыт үнемдейсің. Мен үшін, әрине, бұл жүйе ыңғайлы. Өйткені, кез-келген сәтте және кез-келген жерде өзіңнің есеп-шотыңды біліп отырасың әрі өз ақшаңды қайда жұмсағаныңды бақылап отыруға мүмкіндік бар. Тіпті, ұялы телефонға бірлік салу үшін де дүкен жағаламайсыз. «Халық банктің» қосымшасын ашып жіберемін де, өз нөмеріме бірлік салып аламын. Өткенде жүрдек пойызбен Алматыға бардым. Алдын ала билетті брондап, ақысын да төлеп қойдым. Заман күй сайын емес, сағат сайын өзгеріп жатыр, заман көшіне ілесе білу керек, – дейді Мақсат.
Расында, бізге қажетті дүниенің барлығы ұялы телефонның ішінде. Қазір, ақшаны қолма-қол ұстайтындар некен-саяқ. Мейлі көлікке мінсеңізде, дүкен араласыңызда көлігіңізге май құйсаңызда, қандай да бір төлем жасауды ойласаңыз, телефоныңыз қолыңызда болса болғаны. Бұл сөзімізді Жаңақорған аудандық «Халық банкі» филиалының қызметкері Дана Тұрлыбекова да қуаттай түсті.
– Заманмен бірге техника да көз ілеспес жылдамдықпен дамып, күн сайын жаңа бір дүние қолданысқа еніп жатыр. Бұрындары уақытымыздың көбі кезек күтумен, бір істі бітіру үшін үйден шығуға  тура келетін. Ал, қазір үйде отырып-ақ барлық жұмысты бітіруге болады. Мысалы, «Халық банкінен» несие рәсімдегіңіз келсе онлайн өтінім берсеңіз, сізге несие болатынын немесе болмайтынын айтып береді. Егер банк оң шешім танытса, бөлімшеге келуіңізге болады. Сондай-ақ, Homebank мобильді қосымшасы арқылы төлемдерді жылдам, әрі оңай жасай аласыз. Бұдан басқа аударымдар тарихын қарау, өз шоттары, карталары және депозиттері арасында комиссиясыз аударымдар жасау, Halyk Bank клиентіне телефон нөмірі бойынша комиссиясыз аударым жасау, бүкіл әлем бойынша кез келген картаға қаржы аудару, ҚР банктерінің карталарына аударым жасағанда ұсталатын комиссия – 150 теңге (өзге банктермен салыстырғанда бұл төмен тариф), Western Union Online арқылы тиімді тарифтермен ақша алуға және аударым жасауға болады, Halyk Bank клиенттері QR бойынша аударым жасай алады, жиі жасалатын аударымдарды кез келген атаумен сақтау сынды мүмкіндіктері көп, – дейді банк қызметкері.
Ал, Рost.kz – «Қазпошта» мобильдік қосымшасы, мобильдік операторлардың қызметтерін, коммуналдық қызметтерді төлеуге және Қазпошта бөлімшелерінде кезекті брондауға мүмкіндік береді. Бұл құрылғының көмегімен пошталық жөнелтімнің мекенжайын тез әрі оңай анықтап, пошта индексіңізді білуге болады. Ең жақын пошта бөлімшесін картадан тауып, оның жұмыс істеу уақытын біліп, жетудің ең ыңғайлы жолын көруге мүмкіндік бар. Ұлттық пошта операторының қызметтері туралы үлкен ақпараттық бөлім, жөнелтудің құнын есептеп курьер шақыруға сұраныс жіберетін тарифтік калькулятор да бар. Сонымен қатар, жуырда тұтынушылардың қызмет деңгейін бағалау, фотосуреттен электронды пошталық карточка жасау мүмкіндігі, сауда-саттықтын жағдайы жөнінде ақпаратты ұсынылатын жаңа мүмкіндіктер де іске қосылады.
– Өзім өткен жылдан бастап смартфоныма «Казпошта» мобильді қосымшасын жүктеп алғанмын. Өте ыңғайлы. Бұрынғыдай поштаға барып, сағаттап кезек күтіп тұрудың қажеті жоқ. Интернетті игілікке икемдеп, қосымша арқылы бүкіл қызметкерлер мен қызметтің жұмыс уақытын бақылап отыруға болады. Ең тиімдісі мен жан-жақтан тауар алдырамын, түрлі фирмалардың заттарына заказ беремін. Бұрын почтаға бірнеше рет баратынмын, затым келген болар деп. Қазір, телефона смс келгеннен кейін ғана поштаға барамын, – дейді кент тұрғыны  Жанар Ахметова.
Иә, ұялы телефонның біз білмейтін құпиялары өте көп екен. Енді аудандағы ұялы телефонның шебері Нұрсұлтан Қамбаровтан да сұрап білген едік.
– Көбіне адамдар ұялы телефонға қарапайым ретінде қарап жатады. Өзіміз ұстап жүрген ұялы телефонның бүге шегесін толық меңгеруге тырысу керек. Мысалы, 112 нөмірін терсеңіз,ол дүние жүзі бойынша тарайды. Егер  сіз байланыс аясынан тыс жерде болсаңыз да телефоныңыз жабық режимде тұрса да істей береді. Телефоныңыздан 112 нөмірін теріп, байланысқан жағдайда тиісті орган сіздің тұрған жеріңізді сол мезетте анықтап ала алады. Қандай шұғыл әрекет десеңізші. Кілтіңізді автакөліктің ішінде ұмытып есігі жабылып қалды делік. Егер үйіңізде қосымша кілт болса барып әуре болмайсыз.Үйіңіздегі адамға телефон соғасыз. Ол кілтті қолына алады да телефонның жаңында ұстап басқышын басады. Сол кезде сіздің көлігіңіздің есігі ашылады. Ара қашықтығы қандай болса да бәрібір. Мың шақырым жерде болса да осылай ашып аласыз.
Сонымен қатар, телефонның ішінде сақтаулы тұратын қосымша қуаты барын бірі білсе, енді бірі біле бермейді. Мысалы сіз қоңырау күтіп тұрсыз. Ал телефонның заряды өшіп қалған. Ондайда телефонның резервтік аккумуляторын қосуға болады. Ол үшін «*3370#» белгілерін теру керек. Сол сәтте телефоныңызда сақтаулы қосымша қуат іске қосылып елу пайыздық заряд береді. Сіз қалауыңызша пайдалана бересіз. Ал кейін сіз телефоныңызды қуат­тағанда резервтік аккумулятор қайта қуаттанады, – дейді маман.
Тағы айта кететіні, енді элек­трондық үкіметтің жаңа мобильдік қосымшасы қолжетімді бола бастады. Ұялы телефон арқылы 50-ден астам электрондық қызмет пен сервисті пайдалануға болады. Бұл қосымшада 50 қызмет және «мобильдік жеке кабинет» қолжетімді. Жеке кабинетте әр азамат өзі туралы мемлекеттік деректер қорларында сақталатын дербес мәліметтерін ала алады екен. Міне, ұялы телефон өміріміздің бір бөлшегіне айналып үлгерді. Телефонның құпиясы мен мүмкіндігі бұл ғана емес. Күнделікті жаңарып жатқан смартфондарға бірінен-бірі асып түсетін мобильдік қосымшалар орнатылып жатыр. Оларды білу үшін заман көшіне ілесіп, жаңалықтардан қалыс қалмауға тиіспіз.
Әсел РЗАЕВА
21 тамыз 2021 ж. 427 0