Жетістіктің сыры
10-13 тамызда Қызылорда қаласында VІІ «Ақ бидай» ауыл спорты ойыны өз мәресіне жетіп, Жаңақорған ауданы жеңіс тұғырының биігінен көрінді. Спорттың 9 түрі бойынша өнер көрсеткен жаңақорғандықтар бұқаралық спортты дамытудағы деңгейін дәріптей алды. Әсіресе, волейболшылар аудан құрамасын алға жетеледі. Біз команда капитандарын шақырып, жетістіктің сырын сұрадық.
Батырқожа Бабаев баптайтын ауданның ерлер және әйелдер волейбол командасы аудан құрамасына 16 ұпай қосты. Үш күн бойы өткен тартысқа толы болған турнирде барлығы 24 команда бақ сынады.
Айта кетейік, болейболдан ерлер командасында Асқарбай Қуаныш, Асқарбай Еркебұлан, Әбдікерімұлы, Сейдан Еркебұлан, Жарас Ералыұлы, Есенбаев Бауыржан, Әбілқасым Серік, Махмуд Мухаммед Али, Мансұр Зуфар, Жиенқожа Асылбек, Төрехан Қайсар құрама командада өнер көрсетті. Ал, қыздар арасында Динара Маут, Сандуғаш Асанова, Ақбота Тұрсынбай, Әселхан Сейдан, Инабат Әбіл, Әйгерім Бердіқұл, Назым Алтынбекова, Жанна Серікбай, Гүлжанат Тұрғанбай, Сания Нұрғали сынды спортшылар аудан абыройын асырды.
Валейболдан ауданның аға жаттықтырушысы Батырқожа Бабаевтың айтуынша, қос команда да спартакиаданың алғашқы ойындарынан бастап ұпай санымен алға шығып, қарсыластарынан қара үзіп кетті.
– Біздің спортшылар турнирге жақсы дайындықпен барды. Ерлер командасы Арал және Шиелі командасымен бақ сынаса, әйелдер командасы Шиелі, Қармақшы, Жалағаш командасымен сынға түсті. Бұл жарысқа облысымыздың ең мықты деген командалары қатысты, – дейді бапкер.
Жеңіс тұғырынан көрінген жеңімпаздарды құттықтап, редакцияға жолы түскен Байыржан Есенбаев пен Инабат Әбілден сұхбат алған едік.
– Барлық аудандардың арасында шебер ойын көрсетіп, озық шығу оңай болмаған шығар?
Бауыржан Есенбаев:
– Төрт жылда бір болатын ойында жеңіске жеткеніміз үшін қуаныштымыз. Өңірде спорттың бұл түрі қарқынды дамып, жастардың қызығушылығы артып келеді. Сырдария командасындағы жігіттер ерекшеленіп, алаң ортасында жақсы ойын көрсетті. Бапкеріміз Батырқожа Бабаевтың тактикалық дайындығының арқасында біздің команда дараланды. Бұл – командадағы жігіттердің ортақ жеңісі.
Инабат Әбіл:
– Қарсылас командалардың осалы жоқ. Ерік-жігер мен жеңіске деген құлшыныс бізді алға жетеледі. 2017 жылы өткен ауыл спорты ойынында үшінші орын алған едік, сол көрсеткішті жақсартуға бар күшімізді салдық. Біздің қолдан келді. Қуаныштымыз!
P.S.: Жетістіктің сыры – командалық ұйымшылдық, ширақ қимыл, шұғыл әрекетте. Бәрінен бұрын, ерік-жігер мен күш-қайрат бірлігі қажет. Қос команданың капитандарынан осыны ұқтық.
Жеңісті күндер көп болсын!
Әсел РЗАЕВА