Ауыл спорты ойынынан үздікпіз
32 рет ұйымдастырылған Токио төріндегі Олимпиада ойынында еңсеміз түсіп, көңіліміз жабырқағаны шындық қой! Есесіне 7 рет өткізілген «Ақ бидай» ауыл спорты ойынында жүзіміз жарық, көңіліміз шат. Бұлай дейтініміз, төрт жылда бір рет өтетін облыстың басты турнирінде Жаңақорған ауданының құрама командасы тұғырдың биігінен көрінді.
Спорттың 11 түрінен бақ сынаған ауыл спорты ойынында 88 ұпай жинаған Жаңақорған ауданы бірінші орын алса, 80 ұпаймен Қазалы екінші, 70 ұпаймен Сырдария үшінші сатыға жайғасты.
Енді спорт түрлері бойынша тоқталсақ, ерлер және әйелдер волейболынан жаңақорғандықтар бірінші орын алды. Олар аудан құрамасына 16 ұпайдан қосты.
Ауданның білекті жігіттері республикалық, халықаралық турнирлерде жүлде алып, мерейімізді асырып жүр емес пе, бұл жолы да қол күрестің мықтылары ұятқа қалдырмай, командылық есепте екінші орынға тұрақтады. Сөйтіп 10 ұпайға еселеді. Үстел теннисі, шағын футбол, қазақ күресі бойынша аудан командасы үшінші орыннан көрініп, құрамаға 8 ұпайдан қосты.
– 2017 жылы 19-21 шілде аралығында VІ «Ақ бидай» ауыл спорты ойыны өтіп, 78 ұпаймен бірінші орын алған едік. Бұл жолғы көрсеткішіміз едәуір артты. Ол кезде қол күрес пен шағын футболдан бағымыз жанса, бұл жолы ерлер және әйелдер волейболынан бәсіміз биік болды. Мұның бәрі ауданда бұқаралық спорттың дамып жатқанын көрсетеді, – дейді аудандық спорт бөлімінің басшысы Махмұт Рақымжанов.
Расында, соңғы жылдары ауданда спорт кешендері көптеп бой көтерді. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында Сүттіқұдық, Сунақта, Қожакент ауылдық округінде бір-бірден спорт кешені ел игіліне берілсе, Жаңақорған кентінде екі спорт кешені есігін ашты. Алдағы уақытта Төменарық, Ақүйік, Жаңарық, Қыркеңсе және Қандөз ауылдық округінде заманауи спорт кешені іске қосылады. Мұны халық асыға күтіп отыр.
Республикалық, халықаралық деңгейдегі спорттық бәсекелерді Жаңақорған кентіндегі «Алпамыс батыр» спорт кешені мен Аққорған ауылдық округіндегі спорт кешені қабылдауға дайын.
Одан бөлек, 26 ауылдық округте шағын футбол және тренажер алаңдары салынды. Мұның бәрінің бұқаралық спорттың дамуында өзіндік септігі бар.
– Ауданда 1335 спорт секциясында 27 мың жас спортпен тұрақты шұғылданады. Ұлттық спорт 7 түрінде 2627 (162 секция) спортшы, мүмкіндігі шектеулі спорттың 5 түрлері бойынша 92 (11 секция) адам салауатты өмір салтын ұстанады. Бұл аудан тұрғындарының 31,6 пайызын құрайды. Яғни ауданда бұқаралық спорт өз деңгейінде дамып келеді деген сөз. Соның нәтижесінде екінші рет қатарынан «Ақ бидай» ауыл спорты ойынында үздік құрама атандық, – деді Махмұт Рақымжанов.
Президенттік көп сайыс бойынша Файзулла Изатуллаев бірінші, Меруерт Ысқақова екінші, Дастан Шағап үшінші орын алса, үстел теннисінен бақ сынаған Мөлдір Жаденова, Асылзат Тіллаева, Ұлжан Асылбекқызы үшінші сатыдан көрінді.
Бәрінен бұрын волейболшылар ерледі. 2017 жылы ерлер екінші, әйелдер үшінші орыннан көрінген-ді. Бұл жолғы нәтиже – бірінші орын.
Біз волейболдан ауданның аға жаттықтырушысы Батырқожа Бабаевпен хабарластық.
– Шәкірттеріме өткен жолғы сәтсіздікті қайталамауды тапсырдым. Жігіттер де, қыздар да жоғары дәрежеде ойын өрнегін көрсетіп, бірінші орын алдық. Қуаныштымын! – дейді ол.
Қысқасы, біздің ауданның спортшылары «Ақ бидайдан» алтынмен оралды. Енді Сырдың намысын республикалық деңгейде қорғайтын болады. Спортшыларға сәттілік тілейміз!
Нұрлат БАЙГЕНЖЕ