№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Құрманғазы көшесі жаңарды, жаңғырды

Құрманғазы көшесі жаңарды, жаңғырды

Жаңақорған кентінде бес басты көше болса, соның біреуі – Құрманғазы көшесі. Кенттің ірі көшесін ауыз су жүргізіліп, әр жерден кесіліп, тесіліп сиқы қашқан-ды. Тұрғындар көшені қайта асфальттауды мәселе етіп көтерді. Аудан әкімі мәселеге мән беріп, орташа жөндеуге қаржы қарады. Мердігер компания – «Altimus LTD» ЖШС З.Мұсаханов көшесінен кейін Құрманғазыға түсіп, асфальттады. Істің басынан аудан басшысы Руслан Рүстемов табылып, жұмыстың сапасына мән берді.
Жайылма, Екпінді, Сунақата, Төменарық, Қожамберді елді мекенінен қатынайтын көліктердің күре жолына айналған Құрманғазы атындағы көшені орташа жөндеуі – маңызды қадам болды. Себебі тәулігіне мыңдаған көлік қатынайтын жол талапқа сай болғаны дұрыс. Яғни сапалы болуы тиіс. Ол үшін қаржыны аудан әкімдігі қарастырды, сапа мердігер компанияға байланысты болмақ. Аудан басшысы осыны көзбен көру үшін арнайы барды.
– Жалпы биыл республикалық, облыстық, аудандық бюджеттен 3 млрд теңгегені жолдарды жөндеуге бағыттап отырмыз. Оның ішінде, Төменарық пен Жаманбай батыр ауылындағы көшелерге республикалық бюджеттен қаржы қаралды. Манапта – 2, Қожакентте – 4 көше облыстық бюджеттен, қалған 43 көшеге аудандық бюджеттен 700 млн теңге қаржы жұмсалады.
Мұндай деңгейдегі қаржы Тәуелсіздік алған жылдардан бері қаралған жоқ. Соның 21-і кент көшелеріне бағытталды. Халықтың сын-ескертпелерін айтып, талқы­ладық. Сондықтан сапасына мән беруді тиісті мекемелерге тапсырдық, – деді Руслан Рүстемұлы.
Құрманғазы көшесінің жөндеу жұмыстары жайында нақты мәлі­метті кент әкімі Сардар Садықовтан сұраған едік.
– Ұзындығы 2,6 шақырым болатын Құрманғазы Сағырбайұлы атындағы көшенің орташа жөндеу жұмысын «Altimus LTD» ЖШС жүргізді. Жолдың тығыздығын тек­серген техникалық қадағалаушы «Әсем-құрылыс-Қызылорда» ЖШС оң қорытындысын берді. Енді қабылдау жұмыстары жүруде, – деді кент әкімі.
Иә, кенттің орталық көшесі – Құрманғазы көшесі жаңарды, жаңғырды. Содан болар, көшемен жүретін көлік саны артқандай. Мұны көше тұрғыны Насырхан ақсақал да растап:
– Тұрғындардың көптен күткен тілегі орындалды. Көшеге су жүріп, газ кіргізіліп, жол жөнделіп өркениетке аяқ басудамыз. Алла жол салғанға, көпір салғанға жәннаттан жәй дайындап қоямын деген екен. Көшеміз жаңарып, тегістеліп, көлік саны да артты. Асфальт құрылысын бақылап жүрген аудан әкіміне мың алғыс,– деп ақжарма тілегін айтты.
Мердігер компания «Altimus LTD» ЖШС осыған дейін Зұлпыхар Мұсаханов атындағы көшеге орташа жөндеу жұмысын жүргізіп, халықтан жоғары бағасын алған-ды. Біз мердігер компанияның өкілі Ғафур Асылбекұлын әңгімеге тарттық.
– Біз осыған дейін де облыс көлеміндегі маңызға ие ірі көшелерді салып, кейбірін күрделі жөндеуден өткізіп, тәжірибе жинадық. Біз үшін сапа маңызды, халықтың ықыласы ыстық. Сондықтан жолды жөндеуде барлық талап-нормаларды сақтап, өз деңгейінде атқаруға мән береміз, – деді.
Кез-келген қоныстың есігінен еніп, босағасынан аттаған қонаққа кілемдей төселген жолдары әдемі әсер сыйлайды. Жаңақорғанда осы бағытта жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Әсіресе, ауыл тұр­ғындарының қуанышында шек жоқ. Сондай ілтипатты Қожакент пен Қожамбердіге барғанымда сезіндім.
Газеттің алдағы нөмірінде ау­ылдық округ көшелерінде жүр­гізілген жұмыстар жөнінде жазатын боламыз.

Әйгерім МЫРЗАХМЕТОВА
28 шілде 2021 ж. 481 0