№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Асфальт сапалы салынуы тиіс

Асфальт сапалы салынуы тиіс


Жаңақорған кентінің күретамыры саналатын Хорасан ата көшесінің маңызы зор. Аудан орталығына келетін көліктердің басым көбі осы көшемен қатынайды. Соңғы бес жылда бас көшені кеңейту ісі қолға алынды. Бірақ ауыз судың құбырын жүргізу үшін әр жерін тесіп, жолдың сапасы төмендеді. Осы олқылықтың орны биыл толуы тиіс-тұғын. Мемлекеттік сатып алу конкурсының нәтижесімен Түркістан облысы Сарыағаш ауданының «Асфальт» ЖШС орташа жөндеу жүргізуге жауапты болды. Алайда кент тұрғындары асфальтқа көңілі толмай, аудан әкіміне өтініш-тілегін жеткізді. Осыны ескерген аудан басшысы Руслан Рүстемов мердігер компанияның директоры Асылхан Мамыровты шақыртты.


Кездесуге аудан прокуроры Дарын Әбіш, «Қазақстанның құрметті құрылысшысы» Алшынбай Тұртанов, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Ақылбек Жәңібеков, аудандық мәслихаттың депутаты Арман Мәжитов арнайы келді. Сондай-ақ тапсырыс беруші Жаңақорған кентінің әкімі Есдәулет Сейілов, авторлық бақылаушы «ИП Мамунов» басшысы Мұхит Мамуов, техникалық қадағалаушы «ИПС Альянс» ЖШС өкілі Айбол Исрайылов қатысты.
– Қазір Жаңақорған кентін ауыз сумен қамту және орталық көшені сапалы асфальттау ісіне басымдық беру маңызды. Судың жайын жақсы білесіздер. Екі мердігер компанияның соттасуының нәтижесінде жұмыс тоқтап қалды. Енді екі айда бір жылдық жұмысты атқару міндеті тұр. Оңай емес...
Сосын Жаңақорған кентінің күретамыры саналатын Хорасан ата көшесін кеңейту жұмыстары өте маңызды. Өйткені көлік саны көбейді. Ауылдармен барыс-келіс саны артты. Келушілер осы көшемен қатынайды...
Жақында тұрғындардан көшенің асфальті сапасыз істеліп жатқаны жайында шағымданды. Бізге сапалы жол керек. Соған байланысты мердігер компанияның басшысын шақырып отырмын, – деп кездесудің маңызын түсіндірді Руслан Рүстемұлы.
Әкімнің сөзін қолдай кеткен Жаңақорған ауданының «Құрметті азаматы» Алшынбай Тұртанов:
– Мемлекеттік сатып алу конкурсына қатысып, ұтып алдыңыз ба, енді бітіріңіз. Бізге сапалы жол керек. Енді ақталмаңыз. Халыққа не бетімізді айтамыз? Ұят бар болса, орталық көшеге асфальтты сапалы төсеп беріңіздер... – деп уәжін айтты.
Шынында, өте өзекті мәселе. Орталық көше талапқа сай болуы тиіс. Ол үшін қомақты қаржы қаралды. Енді істің сапалы болуы міндет. Мұның маңызын түсінген халық қалаулысы Арман Мәжитов салынып жатқан жолдың сапасыз екені көзге көрініп-ақ тұрғанын, ертең осылай бітетін болса халықтың алдында қалай ақталамыз дегенді алға тартты. Ал қоғамдық кеңестің ұйытқысы Ақылбек Жәңібеков қазірдің өзінде су жиналатын ой-шұқыр жерлер көзге көрінетінін, жауын-шашыннан ондай жерлерге су жиналып, жарамсыз күйге түсетіні анық екенін айтты.
Мердігер компанияның басшысына жиналғандар өз талаптарын қойып, сапаға мән беруін тапсырды.
Еркін форматта өрбіген кездесуді қорытындылаған әкім Руслан Рүстемов: «Қаржы республикалық қазынадан қаралып отыр. Егер қаржыны тиімді игеріп, сапалы іс атқара алмасақ не болады? Әрине халықтың алдында ұят болады. Сондықтан талапқа сай жұмыс істеңіздер. Бізге сапа керек, – деп сапаның маңызды екенін тағы да айтты.
Түркістан облысы, Сарығаш ауданының «Асфальт» ЖШС директоры Асылхан Мамыров жолдың сапалы жасайтынына уәде беріп, қазан айының 15-не дейін бітіретініне сөз беріп кетті.
Аудан басшысы кент әкіміне, техникалық қадағалаушыға, авторлық бақылаушыға орталық көшенің сапалы жүргізілуін қамтамасыз етуін тапсырды.

P.S.: Ауданда кезек күттірмейтін қыруар іс бар. Әрине оның бәріне басшылар басымдық беріп, кезең-кезеңімен жүзеге асыратыны анық. Бірақ қоғамдық бақылаудың белсенділігі де маңызды рөл атқарады. Мұны неге айтып отырмыз? Жақында кент халқының өтініш-тілегіне әкім мән беріп, Сарыағаштағы мердігер компанияның басшысын шақыртып, талап қойды. Мұндай қоғамдық бақылауды алдағы уақытта да жалғастыра беру керек. Өйткені жол да, су да бізге керек...

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ
26 қыркүйек 2020 ж. 663 0