№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Қайтарымсыз грант: кәсіп дамытудың әліппесі

Қайтарымсыз грант: кәсіп дамытудың әліппесі


Отбасылық бизнестің көзін тапқандар аз емес. Осындай отбасыларға қайтарымсыз грант беріп, бизнесін заңдастыру маңызды. Соңғы жылдары жаңақорғандықтардың грант алуға белсенділігі артып келеді. Олардың ішінде, кәсібін дамытып жатқандары да, қайтарымсыз қаржыны мақсатсыз пайдаланатындары да бар.

Соңғы үш жылды сөз етсек, 2019 жылы – 212 тұрғын, 2020 жылы – 256 тұрғын мемлекет қолдауына қол жеткізсе, 2021 жылы – 300 жаңақорғандық өз кәсібін ашты.
«Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында – 200 АЕК (айлық есептік көрсеткіш, 1 АЕК – 2651 тг), яғни биылғы көрсеткіш бойынша 530 мың теңге алуға тиіс. Ал, биыл қаражат көлемі ұлғайып, 556 мың теңгеден асты.
2021 жылдың шілде айының басында өткен комиссия отырысына 123 жоба түссе, соның 85-і мал шаруашылығын дамытуға ниетті. Әрине, мал басын көбейтіп, оның сүті, айраны мен құртын пұлдап, табыс тапса мейлі ғой! Олардың ішінде қорасындағы сиырын көрсетіп, қаржыны мақсатсыз жұмсайтындар көп. Бұл – мемлекеттің қаржысы желге ұшқанмен тең.
– Кейінгі комиссия отырысында ауылдық округ әкімдігінің грант алушы туралы анықтамасын қоса беруді талап етудеміз. Өйткені ауыл әкімі әлгі адамның әлеуметтік жағдайынан хабардар, бизнесті дамытуға деген ықылас-ниетін біледі. Шыны керек, бір бұзаулы сиыр мен қашар алып, содан табыс табамыз дегендер азаймай тұр. 550 мың теңгеге креативті бизнес ашу да қиын шығар, бірақ жұмыс істеймін, кәсібімді дамытатын деген адам төмен пайызды несие алып, ісін жалғастыруға болады. Әсіресе, өнім өндіруге мән беру керек, – дейді комиссия төрағасы Мәжит Балқожаев.
Үш жүз үміткердің арасында ерекше кәсіп ашуға ынталы тұлғалар бар. Атап айтсам, Бәйкенжелік 21 жастағы жеткіншек Бағдәулет Көшекәлі жеке шаштаразын ашуға ниетті. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының «Бастау бизнес» жобасын оқып, сертификат алады. Осы жобада ол өз идеясын қағазға түсіріп, кәсіпкерліктің қыр-сырын түсінді. Бұған дейін белгілі сұлулық салондарында шаштарызшы болып жүрген жас өз кәсібін ауылда ашты. Әрі бұл сол ауылдағы тұңғыш шаштараз.
– Армандауға қол жеткізу де үлкен қуаныш екен. Екі жыл бойы қалада шаштараз болып, тапқан табысым жалдамалы пәтер мен жол шығынына кететін еді. Міне, енді ауылда өз үйімде кәсібімді жасауға мүмкіндік алдым. Ауылда шаштараз жоқтығы жанға батушы еді, енді ауылдастардың басты мәселесі шешілді, – деді жас бизнесмен Бағдәулет Көшекәлі.
Ал, қожакенттік Ержан Исаханның ісі тым ерекше. Ол өз ауылынан техникалық жөндеу орталығын ашты. Шағын цехтің ішінде дөңгелек ауыстыруға, баллон жамауға, шина жөндеуге қажетті құрал-саймандар жайғасқан. Күніне 2-4 көлік иелері келіп, қызметін алуда.
– Осы күнге дейін әр жерде қызмет еттім. Мемлекет қолдауын естіп, мен де өз алдына бір кәсіп неге ашпасқа деген ой туды. Құжаттарды рәсімдеп, өз тұрғын үйімнің ауласынан шағын цех аштым. Аша салысымен-ақ, ауыл тұрғындары қызметіме жүгіне бастады. Алашқы табысым да жаман емес, – деді көп балалы отбасының тірегі.
Осы іспетті дәнекерлеу ісін жеке бизнеске ұштастырған Талап ауылдық округінің тұрғыны Серік Әскербекұлы темірден түйін түйген ұста.
– Бала жастан темір өңдеу ісіне жақын өстім. Есік-терезе, тапшан, гүл ыдыстары секілді бұйымдар жасау қолдан келеді. Мемлекет қолдауын сезініп, жеке кәсібімді заңдастырдым. Ендігі мақсат – ауылдастардың дарбазаларын заманауи келбетке айналдыру. Түркістан мен Жаңақорғаннан алғашқы сұраныстарды қабылдап, іске кіріскен жайым бар, – деді ол.
Қолынан іс келетінге үлкен мүмкіндік берген жобада жаңға қажеттінің бәрі бар. Құрылыс материалдары қымбаттаған уақытта шлакаблок өнімін нарыққа шығаруға талпынған жастың бірі – Рахматулла Убайдуллаев.
– Қаражатым жақында ғана қолға тиді. Шлакаблок қалпы мен цемен араластырғыш құрылғыларын сатып алдым. Енді өндіріске қажетті шикі заттарды сатып алудамын. Осы апта аяғында барлық қажеттілікті шешіп, алдағы аптада алғашқы шлакаблогімді құймақпын, – деді Жаңақорған кентінің тұрғыны.
Құрылысқа қажетті бизнестермен қатар тұрмыстық қажеттілікті қамтамасыз ететін өнімдер де бар. Індет жайлаған сәтте көптің сұранысы орыс ешкінің сүтіне ауған еді. Қымыздың құнынан бір мысқыл да кем түспей тұрған емдік-шипалық сүт өндіруге икемделгендер бизнес жобасын қорғады. Соның бірі – Азамат Шағатұлы. Үйі базар маңына жақын аумақта тұратындықтан сүт сатуға еш кедергі болмайтынын айтады.
– Кешегі ылаңда анамыз сырқаттанғанда орыс ешкінің сүтін таппай қиындық көрдік. Ауылдан 800 теңгеден арнайы алдырдық. Осы кезде неге өзіміз асырап бақпасқа деген ой келді. Міне, осы мақсатымызға қол жеткіздік, – деді жас жігіт.
ТҮЙІН. Мемлекеттің қолдауына ие болған жерлестер қаражатты кәсіпке икемдеуі міндетті. Әйтпесе, судың да сұрауы бар дегендей, қайтарымсыз қаржының да сұрауы болады.
Мақпал МАРҚАБАЙ
18 шілде 2021 ж. 522 0