Партия пәрмені
«NurOtan» партиясы Жаңақорған аудандық филиалының кезектен тыс конференциясы санитарлық талапқа сай Zoom платформасы арқылы онлайн өтті.
Оған бас партияның аудандық филиалының төрағасы, аудан әкімі Руслан Рүстемов, төрағаның бірінші орынбасары Мәжит Балқожаев, аудандық мәслихат хатшысы Ғалымжан Сопбеков және партия филиалының саяси кеңес мүшелері мен бастауыш партия ұйымдарының өкілдері қатысты.
Конференцияда 2020 жылы атқарылған іс-шаралар сараланып, алдағы міндеттер айқындалды.
– Есеп беру кезеңінде партияның Саяси кеңесінің, мәслихаттағы депутаттық фракцияның, атқарушы билік және үкіметтік емес ұйымдардың тікелей қатысуымен қоғамдық саяси жұмыстардың және партиялық жобаларды іске асыру бағытында 350-ге жуық іс-шара ұйымдастырылды. Атап айтқанда, партияның құрылғанына 20 жыл толуына орай спорттық, рухани-мәдени, интеллектуалдық іс-шаралар өткізілді. Бастауыш партия ұйымдары арасында байқау өтіп, Жаңарық бастауыш партия ұйымы үздік деп танылып, облыстық деңгейге қатысты. Онда екінші орынға ие болды.
«Кедергісіз келешек», «Ардагерлерді ардақтайық», жобасы аясында жүйелі іс-шаралар жүзеге асты. Партия аудандық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде тоқсанына бір рет «Кедергісіз келешек» жобасы аясында мүмкіндігі шектеулі азаматтарды Бірыңғай тақырыптық қабылдаулар өткізіледі.
«Балаларды мектепке даярлайық», «Мектепке жол» акциясы аясында 2019-2020 жаңа оқу жылы қарсаңында Жаңақорған кентіндегі 10 ерекше балаға мектепке арналған құрал-жабдықтарын табыстады. Қарттарымыздың үйлеріне сенбілік жұмыстарын жүргізу, қайырымдылық көмектер көрсету, медициналық көмек көрсету шаралары партияның назарынан тыс қалған емес.
Былтыр 2300 өтініш тіркелді. Олардың дені жұмыссыздық, тұрғын үй, кәсіпкерлік, әлеуметтік мәселе бойынша (атаулы әлеуметтік көмек, қайырымдылық көмек және қаржылай көмек) және коммуналдық-шаруашылық және т.б. Оның 2100-і, яғни 90 пайызы оң шешімін тауып, қалған 200 өтініш назарға алынып, тиісті заңды кеңестер берілді. «BIZBIRGEMIZ» республикалық акциясы аясында аудан тұрғындарының әлеуметтік жағдайы төмен300 отбасына көмек көрсетілді (жалпы 1601 адамға 50 мыңнан бір реттік қаржылай көмек алды), – деді Мәжит Байқожаұлы.
Конференция барысында Сыр өңірі бойынша тұңғыш рет Жаңақорған ауданында «Бақытты отбасы» орталығы ашылғаны айтылды.
Ендігі міндет – пандемия кезінде карантинтік талаптарды сақтау, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларды қолдау шараларын жүйелі ұйымдастыру керек.
Сондай-ақ Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында өтетін іс-шаралар науқандық деңгейде емес, халықтың рухани-мәдени деңгейде өсуіне, патриотизмін шыңдауға бағытталуы тиіс.
Партия филиалының саяси кеңестің жаңа құрамы таныстырылып, жаңа мүшелерге партияның бағдарлы жұмысында белсенді еңбек етуге шақырды.
«Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасында қамтылған басымдықтарды сапалы орындап, әлеуметтік маңызды құрылыс нысандарының жұмысына партиялық бақылауды күшейту арқылы құрылыс сапасын арттыру жайы қозғалды.
Нұрлат БАЙГЕНЖЕ