№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » «Іс бітті, қу кеттінің» кері ме?

«Іс бітті, қу кеттінің» кері ме?

Былтыр аудан орталығындағы 30-дан аса көше жөнделді, асфальт төселді. Әсіресе, Саяжай, Жаңауыл мен МАИ бекеті тұрғындарының көптен күткен кейбір көшелері асфальттанып, ел игілігін көруде. Биыл да бірнеше көшеге жөндеу жұмысы жүргізіледі, тұрғындар тілеуі ескерусіз қалмайтын көрінеді.
Алайда, кенттің күретамыры саналатын Хорасан ата көшесінің асфальті өте сапасыз күйге енді. Тіпті былтыр жыл соңында берілген жол қазір шұрық-тесік күйге түсті. Ауданның кескін-келбетіне, ажарына мін түсіріп тұрған жолдың жай-күйін зерделеп көрген болатынбыз.
Ауданға Руслан Рүстемов әкім болып келген бойда бірінші кезекте осы мәселеге мән берген болатын. Тіпті жаңақорғандықтардың талап-тілегіне орай жолдың баяу салынуы мен сапасыздығын көріп, істі сотқа жолдауды ескерткен. Бұл жолды мемлекеттік сатып алу конкурсының нәтижесімен Түркістан облысы Сарыағаш ауданының «Асфальт» ЖШС орташа жөндеу жүргізуге жауапты болған. Қоғам белсенділері мен жауапты мекеме басшылары аудан басшысымен қайта-қайта мердігер компанияға нақты талабын қойды. Мердігер мекеме директоры Асылхан Мамыров өзі халық алдында уәдесін беріп те кетті. Бірақ нәтижесін бүгін көріп отырмыз.
– Мемлекеттік сатып алу конкурсына қатысып, ұтып алдыңыз ба, енді бітіріңіз. Бізге сапалы жол керек. Енді ақталмаңыз. Халыққа не бетімізді айтамыз? Ұят бар болса, орталық көшеге асфальтты сапалы төсеп беріңіздер. «Қазақстанның құрметті құрылысшысы» Алшынбай Тұртановтың да халықтың атынан айтқан уәжі жерде қалған сыңайлы.
Мердігер мекеме басшысы әупірімдеп жүріп жыл соңына дейін бітірді-ау, бірақ қалың қар мен жаңбырға төтеп бере алмаған асфальт айналдырған үш айдың ішінде тізесі жыртық джинсі шалбар секілді жамау-жамау күйге енді. Ал оны қабылдай ма, жоқ па, осы маңызды. Бұл жөнінде кент әкімдігінен білдік. Естеріңізде болса, тура осыдан бір жыл бұрын тапсырыс беруші кент әкімінің аппараты КММ Хорасан ата көшесінің орташа жөндеу жұмыстары бойынша «Асфальт» ЖШС-мен келісім жасады. Құны – 114 млн 121 119 теңге. Шарттың мәні бойынша көшедегі автомобиль жолдарын жөндеу мерзімін 2020 жылдың 31 тамызынан кешіктірмей аяқтау керек болатын.
– Біріншіден, мердігер мекеме шарт талаптарын орындамады, екіншіден, жол сапасыз жасалды, сондықтан нысан әлі қабылданбады. Жөндеу жұмысының сапасына жауапты техникалық қада­ғалаушы «ИПЦ Альянс» ЖШС тарапынан тиісті компанияға біршама кемшіліктерді анықтап ескерту берілді. Сонымен қатар, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің «Ұлттық жол активтер сапа» Қызылорда облысы бойынша орталығы да, жөндеу жұмысына лабораториялық зертхана қорытындысы да кемшіліктерді тізіп берді. Нәтижесінде лабораториялық зертхана мен техникалық қадағалаушы тараптың қорытындысы бойынша Хорасан ата көшесіне жүргізілген орташа жөндеу нормаға мүлдем сәйкес келмейтіндігі анықталды, – деді кент әкімінің орынбасары Нұржан Сүлейменов.
– Жолдың ой-шұқыры жамалған жағдайда нысан қабылдана ма?
– Жоқ, қабылданбайды, өйткені заңдылық оны көтермейді, – деді ол.
Сондай-ақ, кент әкімі аппаратының өкімімен құрылған жұмысшы топ жүргізілген орташа жөндеу жұмыстарын тексеру актісіне сәйкес былайша түсіндірді.
– Төселген асфальттің беткі қабаты үгітіліп, 630м2 көлемінде ой шұқырлары пайда болған және кейбір орындарда 36м2 көлемінде асфальт шөгіп кеткен, сонымен қатар ауыз су құдық беттерінің маңы бұзылып, 22 дана құдық беті қайта жөндеуді қажет ететіндігі анықталды. Аталған құдық беттерінің бұзылуы салдарынан жол-көлік оқиғалары орын алып жатыр, – деді Нұржан Сүлейменов.
Мәселе сын айтуда емес, жауап­кершілікте. Қаралған қаржы жекенікі емес, мемлекеттің мүлкі. Міне, осындай жауапсыз мекеменің кесірінен көркейіп келе жатқан кент келбетіне кір келгеніне қалай күйінбейсіз. Оның үстіне, күнделікті көлікпен жүрсеңіз жолдың сапасыздығы былай тұрсын, қисық-қыңырлығы жүйкені қажап жүр. «Тоқал ешкі мүйіз сұраймын деп құлағынан айырылыпты» демекші, тақтайдай теп-тегіс жол дәметіп, ескі жолымызға жылап көріспесек болғаны. Қалғанын мердігер мекеменің ар-ұятына қалдырайық.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
06 сәуір 2021 ж. 706 0