Өз ауылымызды өзіміз көркейтеміз
Қыр мен Сырды қатар жайлап, төл кәсібінен ырзық-несібесін айырып отырған шаруа қауымы ауылға бағытталған мемлекеттік бағдарламалармен жете таныс. Инфрақұрылымның игілігі жүзеге асып, жер-су жағдайы жеткілікті болып тұрса еңбектен қашатын ешкім жоқ.
Ауыл шаруашылығы – азық-түлік қорын жасаудың басты тетігі ретінде қолдауға ие. Көзін ашқаннан ата кәсіпті ардақ тұтып, ақтылы төл өргізген малшы да, жерге дән тастап, жемісін терген диқан да, адал еңбегінен бұрын табиғатқа тәу етіп, ортақ мекеніміз – Жер-Ананың жағдайына көп алаңдайтыны белгілі. Еліміздегі «Ауыл» партиясының басты ұстанымы да осы. Жақында өткен «Ауыл» халықтық демократиялық партиясы Жаңақорған аудандық филиалы І партия конференциясының басты бағдарламасы ғаламдық экологияны жақсартуға бағытталған шаралар негізінде жергілікті партия ұйымдарының міндеттерін белгіледі.
Конференция жұмысына «Ауыл» ХДПП Қызылорда өңірлік филиалының төрағасы, техника ғылымдарының докторы, академик, облыстық мәслихаттың депутаты Серікбай Ыдырысұлы және Сырдария, Тереңөзек, Жалағаш, Қазалы аудандық партия ұйымдарының төрағалары қатысты. Конференцияда «Ауылдықтардың» Жаңақорған аудандық филиалы мүшелері ел тұрғындарына Үндеу жариялады. Онда былай делінген:
«Жаңақорған ауданы әлімсақтан жақсы істердің жанашыры, ғылыми-өндірістік өрлеуіміздің өзегі. Елді мекендерде ауыз су, аяқ су мәселесі шешіліп, мектеп, аурухана, спорт кешендері мен алаңдары, мәдениет үйлері, жолдар, әлеуметтік нысандар салынып, өмір сүруімізге лайықты жағдайлар жасалуда. Осындай қолайлы аймақта отырып, Жаңақорған кенті және барлық елді мекендердің көшелері, мектеп, аурухана мәдениет үйлері, тұрғынжайлардың маңында саялы ағаштардың жұтаңдығы өзімізге сын. Жасыл желектің адам өміріне орасан зор пайдасы жөнінде айтып жату артық. Жас шыбықты жас баладай күту қажет. Әрбір тал-теректі егу мен күтіп-баптаудың өзіндік ерекшеліігі бар.
Ауыл – біздің мекеніміз, өсіп-өнетін жеріміз. Еңбек ететін де, сол еңбегіміздің жемісін көретін де жеріміз – осы ауыл. Ауданымызды мекен еткен әрбір отбасы он түп ағаштан отырғызғанда бес жылда елу түп саялы өскін тамыр жайып, тал-терек саны арта түседі екен. Бұл үрдістің ұрпаққа тәрбиелік мәні де зор. Осы тәрбиелі талапқа «Ауыл» партиясының аудандық филиалы, оның саяси кеңесі және ауылдық ұйымдар мен оның төрағалары басшылық жасап, игілікті іске ұйытқы болады деп сенеміз. Осы орайда әр онкүндік сайын арнайы зерттеп, есеп жүргізбекпіз. Мақсатымыз – Жаңақорғанымызды таяудағы бес- жылдықта жасыл баққа көмкерілген жазиралы мекенге айналдыру.
Үндеу ауылдықтардың партия конференциясында қабылданды. Мұнан өзге партия ұйыымының алдағы уақыттағы міндеттері, филиалдың құрылымдық жұмыстарындағы өзгерістер мен келешектегі атқарылар жұмыс жобасын талқылаған конференция жұмысын «Ауыл» ХДПП Жаңақорған аудандық филиалының төрағасы Керімхан Егізбаев қорытындылады.
Баян АЛАУДИНҚЫЗЫ