№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Құрылыс – қозғаушы күш

Құрылыс – қозғаушы күш

Жаңақорған ауданы бойынша құрылыс жұмыстарының нақты көлемінің индексі 2020 жылғы 12 айдың қорытындысымен 6,1 млрд. теңгені құрап, 2019 жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 111,6 пайызға орындалды.
2021 жылдың соңына дейін 2020 жылмен салыстырғанда 100 пайыз көрсеткішке жеткізу жоспарлануда. Өткен жылы ауданда 8,3 млрд. теңгенің құрылыс жұмысы жүргізілген болса, жыл ішінде жоспарланған құрылыстардан қазіргі 9 млрд. теңгеге жуық қаржысы республикалық, облыстық бюджеттерден қолдау тапқанын айту керек. Ол қаржыларға әлеуметтік нысандар, инфрақұрылым жұмыстары, тұрғын үй салу, жолдарды жөндеу, аяқ су, ауыз су және елді мекендерге газ тартудың жоба-сметалық құжаттары әзірленетін болады.
Бүгінде Жаңақорған кентіндегі 600 және 300 орындық мектептің құрылысы, Шалқия кентіндегі 150 орындық клуб үйінің құрылысы жүруде. Әлеуметтік нысандар биыл пайдалануға беріледі.
Аудан орталығындағы инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту кезек күттірмейтін мәселеге айналды. Соңғы 3 жылдың ішінде аудан бойынша тұрғындарға 1179 жер учаскесі берілді. Әр жылды қарасақ, 2018 – 230, 2019 – 664, 2020 – 285 жер учаскесі табысталды. Ал, тұрғын үй салу үшін жер учаскесін алуға 7 мың аса адам кезекте тұр. Мәселені шешу мақсатында ауданда 1 қоныстану аймағына (Саяжай-1 учаскесі 213 гектар) егжей-тегжейлі жоспарлау жұмысына аудандық бюджеттен 29,2 млн теңге бөлінді. Мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Жыл соңына дейін жоба-сметалық құжатын дайындауға қаржы бөлеміз. Тиісті құжаттар дайындалып, инфрақұрылымы жүргізілгеннен кейін, жер учаскелері беріледі.
Ауданда баспана мәселесін шешу жолдары қолға алынды. Өткен жылы аудан орталығында 18 пәтерлі 3 қабатты тұрғын үй 140 млн теңгеге сатып алынды. Биыл «Жұмыспен қамту 2020-2021 жылдарға арналған Жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында Жаңақорған кентінен 18 пәтерлі екі көпқабатты тұрғын үйдің құрылысына облыстық бюджеттен 662,3 млн теңге қаржы бөлініп, құрылысын маусым айында бастау жоспарланды.
Сонымен бірге әлеуметтік жағынан аз қамтылған және тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды тұрғын үймен қамту мақсатында жалпы алаңы 60 метр квадраттан кем емес, 3 бөлмелі 20 тұрғын үйді сатып алу жұмыстарын қаржыландыру үшін тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Аудандағы тағы бір күрделі мәселе – халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету. Қазір Жаңақорған ауданындағы 35 елді мекенге таза ауыз су баратын құбыр қойылды. Бірақ орталықтандырылған су жүйесіне толық қосылмады. «Талап-Сырдария» топтық су құбырларының құрылысы» жобасында Сырдария өзенінің арғы бетіндегі және темір жол бойында орналасқан 19 елді мекен (Көктөбе, Қандөз, Қашқанкөл, Қалғансыр, Қаратөбе, Келінтөбе, Аққорған, Қожакент, Өзгент, Ақсуат, М.Нәлібаев, Жаңарық, Қыркеңсе, Байкенже, Билібай, Бесарық, Талап, Аққұм, Кейден) ауыз суға қосылды. Тау беткейдегі 12 елді мекенді (Кеңес, Жаманбай, Манап, Қосүйеңкі, Қыраш, Ақүйік, Шалқия, Құттықожа) ауыз сумен қамтамасыз ету жоспары бойынша биылғы жылы толық аяқталуы тиіс.
«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен өткен жылы басталған Жаңақорған кентінің тұрғын үйлеріне су құбырын жеткізу сервистік желісін салу жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады.
Бір қуанарлық жағдай, биылдан бастап елді мекендерді газдандыруға басымдық берілуде. Өткен жылы облыстық бюджеттен 20 млн теңге қаржы бөлініп, Бірлік және Қыраш елді мекеніне дейін жоғарғы қысымды жеткізуші газ құбырын салу және ауылішілік көшелерге газ тарату құбырын салу жобасы әзірленді. Қазіргі таңда мемлекеттік сараптамаға ұсынылды (Жобаның сараптамаға дейінгі болжамдық құны 700 млн теңгені құрап отыр).
Оған қоса, Жайылма, Шалқия, Құттықожа, Кейден елді мекенін де газбен қамтамасыз етуге аудандық бюджеттен жоба-сметалық құжаттарды әзірлеп, мемлекеттік сараптамадан өткізуге 51 млн теңге қаржы қаралды. Мемлекеттік сатып алу конкурс жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, 2030 жылға дейінгі газдандырудың бас схемасына сәйкес ауданның солтүстік беткейінде орналасқан Төменарық, Сунақата, Еңбек, Екпінді, Қожамберді, Сүттіқұдыққа газ жеткізу міндеті тұр. Алдымен Төменарық елді мекеніне дейінгі жоғарғы қысымды газ құбырын жеткізу стратегиялық маңызды жоба саналады.
Төменарыққа дейін жоғарғы қысымды жеткізуші газ құбырын салу және елді мекені ауылішілік көшелерге газ тарату құбырларын салу» жобасына жоба-сметалық құжаттамасын әзірлеуге 37,8 млн теңге қаржыға облыстық бюджеттік комиссияда қолдау табылды. Жоба іске асқан жағдайда 2008 тұрғын үй және 11000 халық табиғи газдың игілігін көретін болады. Жоғарыдағы жобалар толық іске асқан уақытта ауданда 12 елді мекен табиғи газға қосылады екен.
Автомобиль жолдары бойынша 2020 жылдың қорытындысымен аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының жай-күйінің индикаторлық көрсеткіші – 84 процент.
2020 жылы 101,6 шақырым жөнеуден өтті. Атап айтқанда, Көктөбе – 27, Қандөз – 20, Келінтөбе – 5, Жайылма – 4, Бесарық бекеті – 2, Бесарық су қоймасы – 8, Жаңақорған кенті – 32, Байкенже – 1,5 шақырым құрады. Ал, 2021 жылға елді мекендердегі жолдарды жөндеуге облыстық бюджеттен 228 млн. теңге бөлінді. Оған өткен жылдан өтпелі болған «Самара-Шымкент-Жайылма» автомобиль жолының 3 шақырымы, «Самара-Шымкент-Бесарық бекеті» автомобиль жолының қалған 1 шақырымы және Манап ауылдық округінен Қосаев – 22,9 млн теңге, Жолдасбеков – 20,9 млн теңге, Қожакент ауылдық округінен Әпетұлы – 12,9 млн. теңге, Уалиханов – 10,4 млн. теңге, Әбдікәрімұлы – 4,7 млн теңге қаралды. Аудандық бюджеттен кенттегі 23, ауылдық округтегі 25 көшені орташа жөндеуге 520 млн теңге бағытталды. Одан бөлек, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасына 2 ауылдық округтегі 20 көшені орташа жөндеуге 253 млн теңгенің жобасы ұсынылды.
Бүгінгі таңға аудан көлеміндегі электр бағаналары мен желілерінің 70 пайызы тозығы жеткенін айтып, тұрғындармен бірге сала мамандары да дабыл қағуда. Көпшілігі өткен ғасырдың 1965-1970 жылдары қойылған бөрене бағаналар екенін көріп жүрміз. Олардың барлығы қазіргі таңда тозығы жетіп, жарамсыз жағдайда. Ауа райының қолайсыздығына сәйкес электр желілерінің үзілуі, бағаналардың сынуы мен құлауы жиі кездесіп жатады.
Бұл мәселені жүйелі түрде шешу үшін қазіргі таңда Жаңақорған кентінің электр желілері мен бағаналарын ауыстыруға жоба дайындалған. Жобаның құны 3,4 млрд. теңгені құрайды. Үлкен жобаны қаржыландыру да оңай болмайтынын біліп отырмыз. Сол үшін аудан әкімдігі облыстық мәслихат және Мәжіліс депутаттарын бірге жұмылдыра оты­рып, республикалық, облыстық бюд­жеттерден қаржы қарастыру жұмыстары жүргізілуде. Облыс әкімдігінің қол­дауымен жыл ішінде облыстық бюджеттен 500 млн. теңге бөлінетін болып келісілді. Оған Жаңақорған кентіндегі бірінші кезектегі апатты деп танылған электр желілерін ауыстыру жұмыстары жүргізілетін болады. (КРЭК АҚ-ның жарғылық капиталын көтеру арқылы жасайтын болады). Аудандық электр тарату торабы биылғы жылғы жоспарларына сәйкес 8 ауылдық округте жөндеу жұмыстары жүргізіледі. (Қандөз, Келінтөбе, Бесарық, Ақүйік, Сунақата, Сүттіқұдық, М.Нәлібаев).
Брифинг барысында журналистер сұрақ қойып, оған тұщымды жауабын алды.

P.S.: Аудан әкімі Руслан Рүстемов брифинг барысында өзекті мәселелер қатарында жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету, туризм саласын дамыту және спорт, білім беру, медицина саласындағы жаңалықтарымен бөлісті. Яғни Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыру барысында жаңақорғандықтар біршама нәтижеге қол жеткізді. Оның дәлелі, 2020 жылдың қорытындысымен Жаңақорған ауданы облыстағы өнеркәсіп өнімінің 12,2 пайызын, ауыл шаруашылығының 15,4 пайызын, кәсіпкерліктің 10 пайызын құрады. Бұл – биік меже, жоғары жетістік. Өркендеу өресінде өткенмен мақтанбай, жүйелі жоспар құрып, жеңісті жолды жалғастыру маңызды. Аудан басшысы кездесуді осындай оймен түйіндеді.

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ
30 наурыз 2021 ж. 530 0