Аймақ басшысы Жаңақорған ауданының әкімін қабылдады
Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Жаңақорған ауданы әкімі Руслан Рүстемовтің жыл көлемінде атқарған жұмыстарының есебін тыңдады.
2020 жылы ауданның бюджеті 126,6 пайызға артып, ауылшаруашылығы тауарларын өндіру есепті кезеңмен салыстырғанда 102,5 процентке өскен.
Жаңақорған ауданында өндірілетін құрылыс заттары республиканың басқа облыстарына да жеткізілуде. Ағымдағы жылы 73,5 млрд теңгеге өнім өндірілді.
Бюджет қаржысы есебінен 8,3 млрд теңгеге әлеуметтік нысандардың құрлысы жүргізіліп, күрделі жөндеуден өткізілді, сондай-ақ ауданішілік жолдарды жөндеу мен аяқсу арнасын тазалау ұйымдастырылды. Оның ішінде, Жаңақорған кентінде 600 және 300 орындық екі мектеп 2021 жылы жаңа оқу жылына пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.
Мемлекеттік - жекешілік әріптестік аясында 9 спорт нысанының құрылысы аяқталды. Ал, 6 нысан 2021 жылы пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Ауданда кәсіпкерлік, индустриялық - инновациялық жаңа жобалар жүзеге асуда. 10 Мвт энергия қуатын күн сәулесінен өндіретін құрылғы пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Жоба құны 3,8 млрд теңге құрайды. Одан бөлек, 2021 жылы 3,3 млрд теңгеге құс етін өндіретін фабрика салынады деп күтілуде.
Облыс әкімі 2021 жылдың міндеттері мен мақсаттары бағытында нақты тапсырмалар берді. Оның ішінде, облыстық бюджет қаржысына Ақүйік ауылдық округіндегі 90 орындық бала бақша құрылысы мен аталған елді мекенге газ желісін тарту мәселесін атап өтті. Сондай-ақ, ауылшаруашылық дақылдарын әртараптандыру, шағын және орта бизнесті дамыту, жұмыссыздық мәселесін шешуге басымдық беру қажет екенін айтты.
Жаңақорған ауданы әкімдігі.