№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Ері еңбеккеш ел көркейеді

Ері еңбеккеш ел көркейеді


Қаратаудың баурайында қоныс тепкен Бесарық ауылының ауасы жанға жағымды, мөлдір бұлағын ішсең құмарың бір қанбайды. Бүгінде ауылда шаруашылықтар көп. Десе де егін шаруашылығын әртараптандыру ісіне ден қойған шаруалар көп емес. Ал «Пәзілбек қажы» шаруа қожалығы бұл іске бастамашы болып отыр. Бірнеше жылдан бері бақ егіп, көл-көсір өнімін алып, ауылдықтарға жемісін жегізіп отырған қожалық енді таудың баурайына егін екпек. Бір ерекшелігі, жаңбырдың суымен өсіруді қолға алмақшы. Сұранысқа ие өнімді өсіруге ниетті шаруа қожалық төрағасы Ғалымжан Орынбасаровпен сұхбаттасудың сәті түсті.

– Аға, шаруа қожалықтың жұмысын жеміс бағын өсіруден бастаған екенсіз. Егінді әртарап­тандыру ісіне ауысуыңызға не себеп?
– 2013 жылы құрылған шаруа қожалық 2014 жылы 5 гектар жерге жеміс бақшасын екті. Көшеттер Сарыағаш қаласы "Жер сыйы" ЖШС-інен краснощекий-никитинский абрикосының элиталық сорттары, голденделишес, айдарет, семирянко алмалары, өріктің және супериор сорттары сатып алынды. Жаңа сорттарды жерсіндіру жұмысына Алматы қаласының өсімдіктерді қорғау және жеміс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының мамандары тартылды.
2019 жылы Қаратаудың етегінде 80 гектар жерге күріш өсіру бағытында ғылыми-зерттеу институтымен бірлескен жоба жүзеге асырылды. Ылғал сіңіретін гидрогельді қолдана отырып күздік бидай сортын себуді іске асырдық. Бұл процесте ылғал түскен кезде оны сіңіреді және мөлшері ұлғаяды және құрғақ кезеңде өсімдіктердің тамырына ылғал береді, жинау қорытындысы бойынша нәтиже гектарына 18 центнерді құрады. Бұл үлкен жетістік. Жер телімі негізінен 1384 гектарды құрайды, оның ішінде 1200 гектар жер 5 жыл мерзімге берілген, онда тек 700 гектарды егуге пайдалануға болады, қалған жер таулы жер бедеріне байланысты егуге жарамсыз. Бүгінде суды аз қажет ететін дақылдарды егуге көп көңіл бөлудеміз. Бұл уақыттың талабы.
– Бастаған істеріңіз бере­келі болсын. Алда қандай жоспарларыңыз бар?
– Ауыл шаруашылығы – экономиканың негізгі тірегі. Бұл сала мемлекеттің қолдауына ие. Ал, егінді әртараптандыру бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Суды аз қажет ететін дақылдарды егіп, көп өнім алу уақыт күттірмейтін мәселе болғандықтан мақсарыны егуді жоспарлаудамыз. Мақсары майының сапасы күнбағыс майынан еш кем емес. Ал бағасына келетін болсақ, анау айтқандай қымбат емес. Мақсары майы шет елдерде жоғары бағаланады. Мақсарыны өңдеуден қалған қалдық сығындысы жұмық деп аталады. Жұмықты мал азығы ретінде пайдаланса болады. Шаруалар кебекті осы жұмықпен араластырып малына берсе жануар тез семіреді. Яғни сұранысқа ие.
Алдағы уақытта егіс алқаптарының көлемін 10 000 гектарға дейін ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Бұл ретте мақсары өңдеу желісін сатып алуды және бәсекеге қабілетті өнім шығаруды жоспарлап отырмыз.
Бесарық ауылында 400 шаршы метр болатын жабық тұқым сақтау қоймасы салынды. Алдағы уақытта егіс алқаптарының көлемін 10 000 гектарға дейін ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Мақсары тұқымын, элита репродукциясын «Уральская сельско-хозяйственная опытная станция» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен алдырдық. Осы жылдың ақпан айынан бастап, 500 гектар жерді өңдеуге кірістік. Ииркас сұрыпты мақсары тұқымын, Элита репродукциясын себуді жоспарлап отырмыз. Болашақ астықты қайта өңдеуге тапсыру бойынша "Шымкент Май" АҚ-мен келіссөздер жүргізілді.
– Мақсары майының пайдасы жөнінде кеңірек тоқталсаңыз…
– Мақсары топырақ талғамайтын өсімдік. Оған минералды тыңайтқыштардың өзін аса көп қолданудың қажеті шамалы. Одан айрықша сапалы май алынады. Мақсарыдан май алынған соң қалдығы да кәдеге жаратылады. Мәселен, мақсары қалдықтарынан Иранда халуа дайындалса, түріктер түрлі сабын алады, ал, кез-келген нәрсені кәдеге жаратып жіберетін қытайлар бұл дақылдан нешеме дәрі-дәрмек өндіріп келеді. Өзімізде мақсарыдан әзірге ешқандай қосымша өнім өндіріліп жатпаса да, шаруалар мал азығы ретінде пайдалануда. Жалпы, мақсары әлемнің көптеген елдерінде мүлде өспейді десе де болады. Сондықтан да мақсары майы АҚШ пен Жапония секілді дамыған елдерде де жоғары бағаланады. Былайша айтқанда, құны біздегіден он есе қымбат. Ағын суы тұрақты берілуі күмәнділеу өңірлердің шаруалары бау-бақша дақылдарын егіп өсіремін деп аузы талай күйген. Ал мына шаруаға бет бұрар болса, құдық қазып, тамшылатып, жаңбырлатып суару технологияларын орнатуға жұмсалынар қыруар қаржысы қалтасында қалады. Әрі дақыл өсіруді әртараптандыру ішкі нарықтың сұранысын да өтейтін болады, – дейді.
Иә, аграрлық секторды эконо­микамыздың жаңа драйверіне айналуы қажет екендігі айтылып келеді. Десе де, «Бірлік қылмай ел оңбас, тірлік қылмай ер оңбас» деп бабаларымыз бекер айтпаған. Ауылдағы ағайынмен біріге іс бастап, оның нәтижесін көріп отырған Ғалымжан сынды іскер азаматтарымыз бірлік пен тірлік қағидасын мықтап жадында ұстанған. 2014 жылы «Аудан жеңімпазы» атанған шаруа қожалықтың қолға алған істері жетерлік. Ендеше берекелі Бесарықта жаңарып, жайнаған, ынтымағы жарасқан шаруашылықтың шаруасы шалқи берсін демекпіз.

Әйгерім МЫРЗАХМЕТОВА

29 наурыз 2021 ж. 551 0