№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Арманымыз ақиқатқа айналған елміз

Арманымыз ақиқатқа айналған елміз


Туған ел, Отан деген сөздер қастерлі де қасиетті сөз болып есептеледі. Біз есейіп ер жеткенде, біздің азаматтығымызға баға беретін осы ұлы Отаның – анаң емес пе?! Біз сол мейірімді ұлы ананың перзентіміз. Бала қамын анасы ойласа, есейе келе ана қамын – Отан қамын баласы ойлауы қандай жарасымды!
Менің елім – Қазақстан! Әрбір дала перзентінің кәрісі бар, жасы бар – көкірегін кернеген мақтанышпен айтатын сөзі бұл! Бұл тақырыпты жазар алдында көп ойланып, көп толғандым. Елім жайлы, алтын бесігім – туған жерім жайлы азаматтық жүрегіммен толғана сыр шерте алар ма екем?!
Биыл – Алаш баласын шексіз қуанышқа бөлеген, арманымызды ақиқат еткен, іргелі ел, дербес мемлекет екенімізді əлемге жария қылған Тəуелсіздігіміздің ордалы 30 жылдығын атап өттік. 1991 жылы 16-желтоқсанда Қазақстанның Жоғарғы Кеңесі “Тәуелсіздік пен мемлекеттің егемендігі туралы” заңды қабылдады. Одан бері міне 30 жыл толып отыр. Еліміз осы ши­рек ғасырдан сəл асатын қысқа мерзімде Ұлы даланың зеңгір көгіндей көк Туымызды көкке көтеріп, елдіктің көшін түзеп, жүзжылдықтардың еншісіндегі тарихи үдерістерді абыроймен өткерді. Тəуелсіздіктің əрбір таңын қуана қарсы алып, əр күнін қажырлы еңбекпен, еңселі ерлікпен өрнектеген Қазақстан жаһан жұртшылығына алуан ұлысты бір шаңырақта ұйытқан жерұйық мекен ретінде танылды. Елдіктің еңсесін тіктеген Елбасы жүзеге асырған сарабдал саясаттың сабақтастығын халық сайлаған Президент Қасым Жомарт Тоқаев тың серпінмен жалғастырып, соңғы жылдардың үлесіне тиген сынақтарды да абыроймен еңсере білдік. Мемлекет басшысы жаһандық жаңа ахуал жағдайындағы жүрер жолымызды, барар бағдарымызды белгіледі. Халықтық реформалар арқылы жаңа деңгейдегі мемлекетке айналуды көздейтін ілкімді бастамалар іске асырыла бастады.
1991 жылдан бері елімізде халық саны 2,5 миллионға артты. Азаттықтың алғашқы жылдары Қазақстандағы қазақ халқының үлесі 40 пайызға жуық еді. Бүгінде бұл көрсеткіш 70 пайызға жетті. 1992 жылы басталған халық санының төмендеу үдерісі 2002 жылы аяқталды. Тәуелсіздіктің алғашқы он жылында халық саны 1,6 миллион адамға кеміген еді. Бұл ең әуелі халықтың кейбір бөлігінің өз тарихи Отанына оралуына, өтпелі кезеңде өлім-жітімнің көп болуы мен туудың төмен деңгейіне байланысты болды.
Ал 2002 жылдан бастап халық санының өсуі тұрақты үрдіске айналды. Бұған біріншіден, табиғи өсім ықпал етсе,екіншіден, 2004 жылы басталған қарқынды көшіқон себеп болды. Мұның барлығын айтып отырған себебіміз,  бұл оқиғалар ел дамуының қазығы саналады. Бұданда ірі дамулар қаншама. 2021 жылдың «БІР ЕЛ – БІР КІТАП» акциясы бойынша Жыл кітаптарын таңдауда Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, жалпыхалықтық оқуға «Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына – 30 кітап» рухани-мәдени акциясы ұсынылды.Осы таңдаулы 30 кітаптың ішінде шығысқазақстандық ақын, жазушыларымыздың да шығармалары енгені мақтаныш. Атап айтсақ, Ұлықбек Есдәулеттің «Киіз кітап», Марат Қабанбаевтың «Жиһангез Тити», Толымбек Әбдірайымнің «Алабұға аулаған күн» атты шығармалары.Акция аясында ел болып оқитын кітаптар үлкенді сыйлау, сөз тыңдау, ата дәстүрін құрметтеу сияқты дәстүрлерге мән беруге, рух, жан тазалығын, шынайы қасиеттерді сүйіп, толғанулармен оқырман жүрегінде орын табады. Осы кітаптардан өзіңізге ұнаған тарихи құнды кітаптарды сүйсіне оқуыңызға болады. Тәуелсіз мемлекет болғаннан кейін оның өз заңдары мен талаптары болуы қажет. Осы негізде ата заңымыз қабылданып, ата заңға сүйене отыра қоғамдық келеңсіздіктерді реттейтін, адам құқықтарын қорғайтын заң жобалары қабылдана бастады. Қабылданған заңдарды жүзеге асырушы сот билігі өз біліктіліктерін көрсете білді. Сөзімді түйіндей келе айтарым,Тәуелсіздік әрбір адамның өмірімен біте қайнасып жатады. Сіздің отырған-тұрғаныңыз, жүріс-тұрысыңыз, ішкен асыңыз уайымсыз өтеді. Біз тек "қайтсек ақша табамыз?" деген секілді тірліктің ұсақ түйткілдеріне бас қатырамыз. Қалғанын баяғыда-ақ батыр бабаларымыз шешіп қойған. Елдің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп берген. Қазақтың пейіліндей дархан даланың әр пұшпағы үшін шыбын жанын қиған. Бізге Тәуелсіздік әперген. Тәуелсіздікті аманаттап қалдырған...
Аманат - біздің қолда. Сенің, менің қолымда. Осы жауапкершілікті сезініп, егемен елдің ұрпағы деген атқа лайық болу үшін тырысуымыз керек. Білім алып, еңбек етіп, ел дамуына үлес қосуымыз қажет. Бұл - біздің міндетіміз, бұл - бізге артылған жүк.Тәуелсіздік жолында құрбан болған әр қазақ қарақан басынан күллі жұртты жоғары қойған. Біз де биік ойлай білуге тиіспіз!

Сабина Асылбекқызы,
ҚазҰУ-дың І курс студенті 
27 наурыз 2021 ж. 445 0