» » Иен шетке жол тартқан интернет

Иен шетке жол тартқан интернет

Орталықтан шалғайда орналасқан ауыл тұрғындарын «Интернет қашан келеді, ұялы байланыс қашан қосылады?» деген сауал ерекше мазалап жүргені қашшан. Бүгінгі күнді интернетсіз елестету қиын. Бұған коронавирус індеті әлемді жайлап, барлық сала интернетке байланған уақытта көзіміз анығырақ жетті. Енді елдімекендерде мәселенің түйіні шешілер күн жақын.«Nur Otan» партиясы аудандық филиалында өткен жиында кенттен шалғайда орналасқан елді мекендерге интернет желісін жеткізу мәселесі қаралды. Аудан әкімі Руслан Рүстемұлының бастамасымен өткен басқосуға «Қазақтелеком» АҚ Жаңақорған аудандық филиалының басшысы Зейнадулла Өрғараев, «АКМ-INET» ЖШС мен «Транстелеком» АҚ-ның жауапты мамандары қатысты.
Алдымен сөз алған аудан әкімі Руслан Рүстемов өзі басшылыққа келген алғашқы күннен ауыл-ауылды аралаған сәтте қай елдімекенге бармасын халықпен жүздесу барысында ең өзекті мәселенің бірі ретінде тұрғындар тарапынан интернет жылдамдығының әлсіздігі мен ұялы байланыстың нашарлығы айтылғанын сөз етті. Мұны шешуде бірталай жұмыстар жасалып жатқанымен мәселе өз шешімін неліктен таба алмай келе жатқанына жауапты мамандардың назарын бұрды.
– Интернет, сымсыз желі кез-келген мекеменің жұмыс жүйесіне, тіпті адамдардың өмір сүру формасына ықпал етуші негізгі күш. Яғни, бүгінгідей ақпарат майданында байланыстың атқарар рөлі орасан. Алайда ауыл тұрғындарының қораның төбесі, тамның үсті дегендей, өздері ғана білетін сөйлесу нүктелері арқылы әзер байланысқа шығып, әуреге түсетінін естіп те, көріп те жүрміз. Ал карантин кезінде қашықтан оқудың азабын тартқан ауыл оқушылары мен ұстаздар қауымы сан қилы кедергіге кезікті. Тіпті оларға интернетке қосылу арман болды. «Елдімекендерді кеңжолақты интернетпен қамтамасыз ету» жол картасы аясында талшықты-оптика байланыс желісіне 19 ауыл қосылған. Дегенмен бұл желі мемлекеттік мекемелерде ғана орнатылған. Ал осыны тұрғындар игілігіне пайдалануы үшін не кедергі және оны шешудің қандай жолын қарастырдыңыздар? – деп аудан әкімі сауалды төтесінен қойды.
Бұған мамандар не деді? «Қазақтелеком» АҚ аудандық филиалының басшысы Зейнадулла Өрғараев: «Жақсылықтың ауылы алыс емес. Біздер «АКМ-INET» ЖШС-мен келісімшартқа отырдық. Мәселен Қуат Сатыбалды басқаратын «АКМ-INET» ЖШС келесі аптадан бастап Байкенже, Кеңес, Қыраш, Манап, Қосүйеңкі Шалқия және Жайылма тұрғындарына, «Транстелеком»АҚ-ның механигі Талғат Сыздықов бастаған жұмыс тобы да 10 ауылға талшықты оптика байланыс желісін тұрғындар үйлеріне жеткізу жұмысын бастайды. Талғат Сыздықов бастаған топ қазір Машбек ауылын бетке алып, қызу жұмысқа кірісіп те кетті, – деп жауап берді.
Жасұлан Бейсенбеков, цифрлық техноло­гияларды дамыту және мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің мониторингі бөлімінің басшысы:
– Талшықты оптика негізі елдімекендегі мекемелерге тартылған, енді осыған тек арнайы антенналық құрылғы орнатылуы керек. Сонда осы құрылғыдан таралатын сигнал арқылы әр тұрғынның үйіне жеке-жеке интернет желісі тартылады. Бұл жерде айта кететіні, тұтынушы талшықты оптикаға арналған антенна мен модемді сатып алады. Қалған қызмет түрінің бәрі осы тараптан көрсетіледі және осы мақсатта ауыл тұрғындарынан көптеген өтініштер келіп түсуде.
Сала басшының сөзінше,елдімекендерді интернет желісімен қамтамасыз ету бағыты бойынша алғашқыда интернетпен қамтылуы қажет тұрғындар тізімі анықталған. Сонымен қатар жылдамдығы төмен және интернет бойынша мәселесі бар елді мекендер тізімін жасап, туындаған мәселе бойынша цифрлық технологиялар басқармасына және салалық байланыс инспекциясына хат жолданған. Нәтижесінде Көктөбе ауылында мобильді мачталық антенна құрылғысы орнатылып, тұрғындарға «KCELL, ACTIV» номері арқы­лы 3G мобильді интернет байланысына қолжетімділілік жасалды. Күні кешеден бастап көктөбеліктер аталмыш байланыс желісінің шарапатын көруде. Интернет желісі де жақсы жұмыс істеп тұрғаны тексеруден өтті. «Beeline»оператор байланыс желісі төмен Шалқияға да 4G, ал Манап ауылына «Activ»байланыс операторы 3G құрылғысын орнатты. Аққұм елдімекеніне де осы оператор байланысының мачталық антенна құрылғысы орнатылды, оны іске асыру жұмысын наурыз айының соңына дейін аяқтай алады. Жаңарық пен Қосүйеңкіде «Activ» байланыс операторының 2G құрылғысын 3G-ға ауыстыру жұмысы жүргізілуде екен. Қалған ауылдар да алдағы уақытта кезек-кезегімен интернеттің игілігін көретін болады.
Сала мамандарының мақсатты жобасына жол ашқан бағдарлама аясында 2018 жылы 3 ауыл, 2019 жылы 7ауыл, ал 2020 жылы 9 ауыл талшықты-оптикабайланыс желісіне қосылған болатын. Бұл желі мемлекеттік мекемелерде орнатылғанымен ауыл тұрғындарына қолжетімді емес. Осы тұрғыда халықтың ұсыныс-тілегіне құлақ асқан Руслан Рүстемұлы интернеттің қолжетімділігін арттыруда «Транстелеком» және «Қазақтелеком»басшыларына елдімекен тұрғындарын ғаламтормен кеңінен кедергісіз қамту мақсатында ұсыныс жасаған және бұл ұсыныс облыс бойынша алғаш болып Жаңақорған басшысы тарапынан тіркелген. Қабылданған ұсыныс арқасында интернет байланыс игілігіне ауылдықтар толығымен қол жеткізгелі отыр.
Шет аймақтарда желіні тұтастай ұстай алмайтын ауылдар да бар. Мәселен, Қаратөбе ауылында «Beeline» байланыс операторының базалық станциясы орналасқан. Оны пайдаланатын тұрғындар ұялы байланыс сигналын күшейту мақсатында ретранслятор орнатқан. Бұл құрылғы жеке тұрғындар тарапынан дербес орнатылғанымен байланыс сигналын блоктауға, қашықтан оқитын оқушылардың толықтай мәлімет ала алмауына және жедел қызмет түрлерін (101, 102, 103, 104) шақыруда едәуір қиындықтар туындатуда екен. Сондықтан мұндай репитерлер ауылдық елді мекен тұрғындарының сапалы байланыс алмасуына кедергі болып тұр. Заңдық тұрғыда ұялы сигнал күшейткіштерін орнатумен күресу жолы қарастырылмаған. Осыған байланысты ауылдық округ әкімдері халық арасында заңсыз құрылғыны пайдаланбауды ескертті.
Сондай-ақ, мобильді байланыс желісі болғанымен, интернет жылдамдығы төмен елді мекендер де баршылық. Мәселен, Байкенже, Билібай, Екпінді, Кейден, Қожамберді, Қаратөбе, Сүттіқұдық, Сунақата, Бесарық ауылдары жаңа антенна-мачталық құрылғыны немесе оның жылдамдығын арттыруды қажет етеді екен. Бұл жөнінде «Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігі комитетінің өңіралық байланыс инспекциясына» хат жолданыпты.
Осы түйткілді мәселелер шешімін тауып жатса, жоғарыда айтылған шалғайдағы ауыл мен елдімекен тұрғындары кең жолақты мобильді интернетті қалауынша пайдаланып, барлық жүйе бойынша ақпарат алмасу арналары алыс-жақын деп жатпай жалпыға бірдей қолжетімді болар еді. Жоғарыдағы жобалар толыққанды іске асқанда біз бұл мәселені де бағындырамыз.

Лаура БИБАСАРОВА
13 наурыз 2021 ж. 539 0