№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Тіршіліктің тұтқасы интернетте

Тіршіліктің тұтқасы интернетте


Пандемия интернетке тәуелділікті арттырып, цифрландыру жүйесінің жылдам дамуына ықпалын тигізді. Әлемнің озық елдері жоғары жылдамдықты 5G желісін өз игілігіне икемдеуге көшті. Себебі интернет ақпарат алмасудың құралы ғана емес, сапалы өмір сүрудің бірден-бір жолына айналды. Сондықтан тіршілік тұтқасына айналған интернет жайында сөз қозғамақпыз.


АУЫЛҒА ИНТЕРНЕТ ҚАШАН КЕЛЕДІ?

Әлеуметтік сарапшылар интернетті азық-түлік секілді адамның ең қажетті ресурсына айналғанын дәлелдеді. Цифрлық сауаттылығы жоғары елдер коронавирустан шығыны аз болуда деген дерек те бар. Расында Корея, Сингапур, Тайланд елі кең жолақты интернетті қауіпті індетпен күрес жолында өз кәдесіне жаратып, озық техниканың айтарлықтай қауқарын көруде.
Аудандағы бірнеше ауыл тұрғын интернеттің игілігін көре алмай отырғанын аудан басшысы Руслан Рүстемов жақсы біледі. Әкім ауыл тұрғындарымен кездесуге барғанында «Транстелеком» АҚ Аққұм, Қосүйеңкі, Келінтөбе, М.Нәлібаев, Қожакент, Қандөз, Қаратөбе елді мекеніне ұялы байланыс желісі арқылы 4G, 3G интернет желісінің жылдамдығын арттыратынын айтты. Бұған бірнеше айдан кейін қол жеткізіп, 2021 жылы аудан толық интернетпен қамтылады. Біз соған сенеміз. Дегенмен бүгінгі нақты жағдайды баяндасақ.
Әрине, тіршіліктің жаңа моделін жүзеге асыру үшін интернет сапалы болуы керек-ақ. Экономика мен әлеуметтік саланы цифрландыру бір сәтте жүзеге аспайтыны түсінікті-ақ. Дегенмен мемлекеттік қызмет түрлерін аудан орталығын жағаламай-ақ, қажетті анықтаманы үй жағдайында жасау бүгінгі күннің басты міндеті. Әйтсе де, ауылда интернеттің сапалы жүргізілмеуінен ауылдағы ағайын орталыққа келуге мәжбүр. Соның бірі – Түгіскен ауылының тұрғыны Перизат Қантөреқызы: «Ауылда қашан интернет сапасы жақсарады? Балаларымның жәрдемақысын алу үшін анықтамаларды алуға орталыққа келемін. Ауылда көп жағдайда желі жоғалып кетеді», – дейді.
Әсіресе, интернет желісі шешілмеген, аудан орталығынан шалғайда жатқан қос ауылдың тұрғындары үшін өте өзекті. Бұл жөнінде коронавирустың алғашқы толқынында тәтпіштеп айтқан болатынбыз. Наурыз айында «Тұрғын саны 250-ден асқан 880 ауылға интернет тартылады» деген Үкіметтің жарғысы шыққан болатын. Бірақ біздің ауданда ешбір ауыл сол тізімге енген жоқ. Себебі неде? Интернет тапшылығы бар Қосүйеңкідегі жұмыс барысы жайында ауыл әкімі Жанай Жанпейісов Activ пен Beeline байланыс компания өкілдеріне «жылдамдықты арттыру» жөнінде өтініш жазып, мамандарын шақыртып, сөйлескенін айтты. Дегенмен бұл да мардымды іске ұласар емес.
– Ауылда Асtiv желісі ұстағанымен WhatsApp қолданудың қиындығы көп. Жолдаған видео, аудио хабарлар ашпайды, тек мәтін жазуға мүмкіндік бар. WiFi ауыл әкімгершілігі, мектеп пен медициналық пунктке қойылған. Қазақтелеком осы жылдың соңына дейін өтініш берген тұрғындардың үйіне WiFi қондырғысын құрамыз дейді, – деді.
Тау жағалай орналасқан ауылда 988 тұрғын бар. Мұнда дәл қазір интернет Е – ғана ұстап, кейде ол да жоғалып кетеді. Ал студент жастар аудан орталығындағы туыстарын жағалап сабақ алуда. Сымсыз байланыс орнатқан тұрғындар арасында көбі интернет жылдамдығы аздығынан құрылғыны қайта өткізіпті. Осы іспетті мәселелерді айтқан ауылдағы ағайын интернет байланысын жақсартып, 4G жиілігін қолдануды сұрап отыр.
Шалғайдағы Көктөбе ауылында 624 тұрғын тұрса да Үкіметтің айтқан игілігін көру мұң болып тұр. Мұны ауыл әкімі Боран Абуов та растап отыр.
– Наурыз айында интернет тарелкелерін құратын болып, байланыс торабының мамандары келіп, іс басталғанымен орта жолда іс тоқтап қалды. Бұған құрылғының Алматы қаласынан келетініндігін себеп етіп отыр. Үкіметтің пәрменінен кейін 880 елдің тізіміне енеміз деген үміт те бар еді. Содан кейін бұл іс әлі қозғайсыз қалып келеді, – деп ашығын айтты.

«ҚАЗАҚТЕЛЕКОМ» ҚЫЗМЕТІНІҢ ҚАРҚЫНЫ ҚАЛАЙ?

Көптеген ауыл тұрғындары тек Белайн байланысын ғана тұтына алады екен. Қалған операторлар қызметі қарастырылмаған. WhatsApp-та видио мен сурет мүлде ашылмайтын аймақтар бар. Кенттің МАИ бекеті, Саяжай аумағында интернет нашарлығы тұрғындарды алаңдата бастады. Жазбаша жауапты мекеме басшыларына шағым түсіп те жүр. Біздің ауданда қашан сапалы интернет қосылады? Бұл жөнінде «Қазақтелеком» АҚ Жаңақорған аудандық филиалының директоры Зейнулла Өрғараевтан сұрадық.
– Қос ауылдың тұрғындары интернет игілігін қажетіне жарата алмай отырғанын жақсы білеміз. Осы мәселені түбегейлі шешу жолы қаралуда. Ауылдың географиялық жағдайы ескеріліп, ауыл аймағын бедерлеп, соған орай интернет желісін таратуды мақсат етудеміз, – деді директор.
Интернет жылдамдығы бәсең аумақта интернетті дамыту үшін арнайы 2020 жылдың соңына дейін талшықты оптикалық және LTE-4G желісін жүргізу жоспарда бар. Бұл кезең-кезеңмен жүргізілмек. Жоба аясында жыл соңында дейін 26 ауылдық округтің тұрғыны емін-еркін 4G-нің игілігін көрмек. Бүгінге дейін, тау беткейдегі 9 ауылға интернет желісі тартылды. Тарқатып айтсақ, Жайылма, Шалқия, Байкенже, Құттықожа, Манап, Талап, Қыраш, Қосүйенкі мен Кеңес ауылының мектептері, медициналық бекет пен ауыл әкімдігінің ғимаратына талшықты оптика орнатылды. Кенттегі 6 мектепке талшықты оптика құрылғысы орнатылуда. Атап айтсақ, №125,163, 51, 169, 56 және №3 мектеп интернаты жоғары жылдамдықтағы интернет желісі жеткізілді.
Жыл басынан бері, 350 тұрғын үйге WiFi құрылған. Алдағы уақытта WiFi құрғызу бойынша кент тұрғындарының өтінішін қанағаттандыру үшін 150 арнайы құрылғыларға тапсырыс берілген.

ТҮЙІН. Кең жолақты интернетке қосылудың қос бағыты «Цифр¬лы Қазақстан» және «250+» бағдарламасы түзілген. Осы қос бағдарламаның игілігін неге кәдемізге жарата алмай келеміз? Дамыған отыз елдің қатарына ілігуге талпынған елде әлі интернет мәселесі шаш етектен болса, көшім қалай түзелмек? Күшейтілген карантиндік режимге қайта көшсек, тығырыққа тірелмейміз бе? Сан сауалға сұрақ көп болғанымен, сабырмен күтуге тура келеді.

Мақпал МАРҚАБАЙ


10 қараша 2020 ж. 2 810 0