№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Әкім тапсырмасы орындалды ма? жауапты мамандар тиісті елді мекеніне көшуі маңызды

Әкім тапсырмасы орындалды ма? жауапты мамандар тиісті елді мекеніне көшуі маңызды


Аудандағы 30 учаскелік полиция инспекторының 9-ы тиісті елді мекеніне көшіп барып жұмыс істемейді. Дәл сондай 8 ауылдық округтің әкімі мен 9 мектептің директорына да қатысты жағдай. Ал, аудандық полиция бөлімі басшысының берген өткен жылдың қорытынды есебіне қарасақ, қылмыстың басым бөлігі тәуліктің екінші жартысында орын алады екен. Бұл айтпаса да түсінікті жағдай. Өйткені ауылға барған учаскелік полиция инспекторы сол ауылға көшіп барып, сол ауылдың тұрғындарымен етене араласып, танысып, түнгі мезгілде беймезгіл жүрген тұрғыны болсын, жастары, оқушыларын және көліктердің жүріп-тұруы мен кіріп-шығуын қадағаламаған соң осындай жағдайлар орын алады. Бұл – аудан әкімі Руслан Рүстемовтің халыққа есеп беру кездесуінде айтқан сөзі. Ауданның бас менеджері 15 күнде жауапты мамандардың тиісті елді мекендерге көшіп баруын міндеттеді. Содан бері бір айға жуық уақыт өтті.


Шын мәнісінде, бұл бастама өте орынды. Өткен жылы Сүттіқұдықта – 9, Қожамбердіде – 8 мал ұрлығы орын алды. Екі ауылдың да полиция инспекторы қатынап жұмыс істейді. Бұл дәйектен «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» дегеннің көрінісін көруге болады. Яғни қоғам тәртібіне жауапты мамандар жоқ болғаннан орын алуда. Сондай-ақ Қандөз, Жаңарық, Қыркеңсе, Байкенже, Сунақата, Төменарық, Жайылма және Шалқияға жауапты инспекторлар аудан орталығынан қатынайды. Аудан әкімі сөз еткендей, тәуліктің екінші жартысында мал ұрлығы, жастар арасындағы құқық бұзушылықтар орын алады.
Әрине, елдің тыныштығына тек учаскелік полициялар ғана жауапты емес, ауыл әкімдері де жауапты. Қоныстың қожайыны, елдің егесі ретінде түнгі мезгілде төбе көрсетіп жүрсе қандай жақсы?!
Р.Рүстемовтің: «Учаскелік инспектормен бірлесіп күн-түн демей, ауылдағы мал-жанның іздеушісі болу керек. Өз отбасының мүшесіндей немесе өз малындай қарау керек. Сол уақытта барып жұмыс жүреді, қылмыс азаяды. Осы қалыппен жұмыс жасай беретін болсақ, ештеңе де өзгермесі белгілі» дегені есімізде.
Әкімнің ескертуін Жаңарық, Қыркеңсе ауылы және Шалқия кентінің учаскелік инспекторы орындады. Бұл жөнінде аудан әкімінің баспасөз хатшысы Нұрбол Бакиров айтты.
Тіпті 100 шақырымдағы ауылдың әкімі қатынап жұмыс істейтінін қалай түсінуге болады. Әрине, әкімдердің іскерлік қарым-қабілетіне, азаматтық болмыс-бітіміне шүбә келтіре алмаймыз. Күнделікті жұмысқа қатынаудың машақаты ауыр. Бір күні ауылға барса, екінші күні аудан орталығында жұмыстарды сылтауратып, бармауы да мүмкін ғой! Ауыл тұрғындары «Әкім ауданға жиналысқа кетті» деген сөз жақсы таныс. Сонымен, Көктөбе, Қаратөбе, Жаңарық, Қыркеңсе, Байкенже, Кейден, Шалқия, Төменарық, Сунақата ауылының әкімі күнделікті қатынап жұмыс істейтіндер тізімінде тұр. Екінші жағынан, қызметтік көлікті күтіп ұстауына кері әсер етеді.
Шалқия кенті мен Көктөбе және Қаратөбе ауылдық округінің әкімі көшіп барып, жауапкершіліктің жүгін сезініп, жұмыс істеуде. Әрине, өзге ауылдық округтің әкімдері де тиісті елді мекеніне көшіп баратыны анық. Біз тілдескен әкімдер ұл-қыздары кенттегі мектептерде білім алатынын және тиісті елді мекендерде қызметтік үйді реттеу керектігін алға тартты. Оның үстіне, қатынап жұмыс істейтін әкімдердің арасында жары аудан орталығында тұрақты жұмыс істейтіндер бар екен. Бұл да көшіп кетуге кедергі болып отырғандай. Дегенмен аудан басшысының тапсырмасы аяқсыз қалмағаны дұрыс. Өйткені, ауыл әкімдері өздері басқарған уақытта елді мекен тұрғындары үшін жауапты тұлға.
Мектептердің жайы тіпті бөлек. Себебі директорлар әр ауылдың зиялы тұлғасы. Бала тәрбиесі өте маңызды процесс екенін ескерсек, директорлар осыған жауап береді. Олардың жұмысы 6-8 сағатпен шектелмейді. Міне, осындай жауапты міндетті арқалап жүрген №86, №161, №162, №167, №194, №254, №247, №255, №256 мектептің директоры күнделікті қатынап, қызмет атқаруда. Әрине, аталған мектептер орналасқан елді мекенде директорға лайықты азаматтар жоқ емес. Аудан әкімі есептік кездесуде осыны меңзеді.
Содан болар мектеп директорлары сөзге мән беріп, жеті мектептің директоры тиісті елді мекенге көшіп барыпты. Бұл жөнінде аудандық білім бөлімінің маманы Досбол Қуандық айтып берді.
Осы ретте, бізге Арал ауданының тәжірибесі үлгі болады. Басшыны айтасыз, онда мамандарға да осындай талап қойылған. «Қызмет жасағыңыз келе ме, елдің ортасында болыңыз. Отбасыңызбен көшіп барыңыз» дейді екен.
Бұл талап «әкім бол, халқыңа жақын болды» тағы да дәлелдей түссе, мемлекеттің көлігімен ерсілі-қарсылы қатынайтындарға қазына қаржысын үнемдеуге септігін тигізер еді.

Әсел РЗАЕВА
23 ақпан 2021 ж. 376 0