Өнертапқыш Медеттің «машинасы»
Басқа аудандарды қайдам, Жаңақорған ауданының әкімі Руслан Рүстемов аптаның әрбір сәрсенбісінде қоғамдық қабылдау жасайды. Дәстүрлі шара елдің сұранысына сәйкес жүргізіліп келеді. Сол сәрсенбідегі қабылдауға Медет Мырзатаев келіпті. Мәселесі – қаражат екен. Оның жолын қарастыру алдағы күннің аманаты. Бұл жерде өзара байланысты бекемдеу еді. Бүгін бейсенбіде Медетті әкімнің өзі үйіне іздеп барды. Ол Жаңақорған кенті Қ.Жүнісбеков көшесі, 10 үйде тұрады.
Жасы елуден асқан жігіт ағасы алдымыздан шықты. Амандастық. Алақаны сіңірдей тартылған қауқарлы. Еңбекпен шыңдалғаны, темір-терсекке жақындау екені төңіректегі төбе-төбе қоқыр-соқыр аңғартып тұр.
Медет өнертапқыш екен. Негізгі мамандығы жүргізуші. Көп уақыт Камаз көлігін жүргізген.
–Мен Елбасына ризамын. Жұмыс істеймін деген адамға қолдау жасады. Мысалы «Сексеуіл-Жезқазған» теміржол желісін салуға мен де борт механик ретінде атсалыстым. Табысы жеткілікті болды. Соның арқасында үй тұрғыздым, бала-шағамды оқыттым, – деді ағамыз.
Ал, енді оның өнертапқыш қасиетіне оралайық. Медеттің «машинасы» кәдімгі экскаватор тектес, яғни жүк тиегіш қондырғы. Құрылғы өте қарапайым, екі доңғалақты, өн бойы сапалы темірден жинақталған. Негізгі тамыры гидролавлика, астауы (ковш) үш түрлі қызмет атқарады. Арық қазады, қоқыс артады, 250 кілә жүк тиейді. Қазір негізгі сұлбасын құраған, ары қарайғы заттары қаражатқа тіреліп тұр. Оны Алматы мен Шымкент базарларынан алуға болады.
–Мұндай агрегат-техниканы Ақтаудан көрдім. Олар жапон техникасымен құрастырған. Жап-жақсы, бірақ заттарына сай қымбат. Ал, менікі 500-600 мың теңге жобасында болады. Себебі отандық өнімдерден құралады. Сонан кейін бұл жүк тиегіш көлікке тіркеме ретінде қолайлы құрылғы. Сондықтан жеке адамдар үшін тиімді. Бұған дейін қолмен атқарылатын «кран» құрастырдым. Енді ісімді кеңейту үстіндемін.
Аудан басшысы өнертапқыштың айтқанын мұқият тыңдап, қаражат мәселесін аудандық кәсіпкерлік және өнеркісіп бөліміне, «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы аудандық филиалына жүктеді. Қазір бизнес жоспар жасауға кәсіпкерлік палатасы жәрдем беретін болды. Сонан кейін қайтарымсыз 585 мың теңге грант алуына қолдау жасайтынын жеткізді. Бұған Медет қуанып қалды. Биыл ол жаңа құрылғысын өндіріске енгізетінін уәде етті.
Қаныбек АБДУОВ